Басты бетке қайту

Тұрғыт Өзал (1927–1993)

Тұрғыт Өзал 1927 жылы Малатья қаласында (Түркия) дүниеге келген. Оның әкесі жергілікті мешітте имам болған, ал анасы мектепте мұғалім болып жұмыс істеген.


Тұрғыт Өзал
Дереккөз: Wikimedia Commons

Ол 1950 жылы Стамбул техникалық университетін бітіріп, инженер-электр технигі дипломын алады. Оқуды бітіргеннен кейін Анкара электр энергетикасы басқармасында Түркияның болашақ Премьер-министрі Сүлеймен Демирелдің қол астында жұмыс істейді. 1952–1953 жылдары АҚШ-та тағылымдамадан өтіп, онда америкалық мәдениетпен танысып, ағылшын тілін жетілдіреді. 1955 жылдан бастап Сүлеймен Демирелмен бірге Мемлекеттік гидроэнергетика басқармасында жұмыс істейді, ірі бөгеттер мен гидроэлектр станцияларының жобаларын әзірлеуге қатысады.

1960 жылы Түркия экономикасын дамытудың бірінші бесжылдық жоспарын жасаған Мемлекеттік жоспарлау ұйымының қызметкері болып қызметке тұрады. 1961 жылы Түркияның Премьер-министрі болған Сүлеймен Демирелдің техникалық кеңесшісі болып, ол құрған Әділет партиясына (ӘП) мүшелікке өтеді. 1967–1971 жылдары Мемлекеттік жоспарлау ұйымын басқарды.

1971 жылы орын алған әскери төңкеріс пен Сүлеймен Демирел үкіметінің отставкаға кетуінен кейін АҚШ-қа кетіп, Дүниежүзілік банкте үшінші әлем елдерін дамыту бойынша экономикалық кеңесші ретінде жұмыс істеді. 1973 жылы Стамбулға оралады. 1977 жылы парламентке сайлауға түсті, бірақ жеңіліп қалады. 1979 жылы Сүлеймен Демирел қайтадан Премьер-министр болғаннан кейін, ол экономикалық мәселелер бойынша кеңесші және жоспарлау ұйымының басшысы қызметін атқарды.

1980 жылдың қаңтарында Халықаралық Валюта Қорының (ХВҚ) көмегімен елді экономикалық дағдарыстан шығару жоспарын әзірледі, бұл жоспар «24 қаңтардағы шешім» деген атпен белгілі. Ол нарықтық қатынастарға бағытталуды, экономиканың жеке секторын дамытуды, сондай-ақ экспорттың өсуін көздеді.

1980 жылдың жазында ауыр саяси дағдарыс жағдайында Түркиядағы билік генерал Кенан Эврен басқарған Ұлттық қауіпсіздік кеңесіне (ҰҚК) өтті. Тұрғыт Өзал Премьер-министрдің орынбасары болып тағайындалды. Ол қысқа мерзімде елге қомақты шетелдік инвестиция тартып, түскен қаражатты экспортты кеңейтуге бағыттады. 1981 жылдың алғашқы сегіз айында Түркия экономикасы өткен жылмен салыстырғанда 58% өсім көрсетті. 1982 жылы отставкаға кетіп, емделуге АҚШ-қа кетеді.

1983 жылы ол Отан партиясын құрады, бұл партия консерваторларды, либералдарды, ұлтшылдарды және исламшылдарды біріктірді. Сол жылы парламенттік сайлауда жеңіске жетіп, Түркияның Премьер-министрі қызметін атқарады. Үкімет басшысы бола отырып, экономиканы ырықтандыруға (либерализациялауға) және азаматтық құқықтарды кеңейтуге бағыт алады. Діни білім беруді қайта бастады, діни ұйымдарға елдің экономикалық дамуына қатысуға мүмкіндік берді. 1987 жылы Түркияның Еуропалық экономикалық қоғамдастыққа (ЕЭҚ) кіруіне өтініш берді, бірақ ол қабылданбады.

1989 жылы Түркия Президенті болып сайланды. Индустрияландыруға, экспортты кеңейтуге және исламды қалпына келтіруге бағытталған әлеуметтік және экономикалық реформаларды жалғастырды. Қалалар мен ауылдардың инфрақұрылымын жаңартып, жаппай қоғамдық тұрғын үйлер салуды бастады. Түрік-күрд қақтығысын бейбіт жолмен шешуге көңіл бөлді. 1991 жылы қоғамдық салада күрд тілін қолдануға салынған тыйымды алып тастады, ал 1993 жылы Күрдістан жұмысшы партиясының өкілдерімен (Түркиядағы күрдтердің ұлттық құқықтары үшін күрескен әскери-саяси ұйым) уақытша бітімге келуге қол жеткізді.

1991 жылдың наурыз айында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен Алматыға сапарлап келді. Ол егемен Қазақстанға келген алғашқы шетелдік мемлекет басшысы болды. Осы сапар барысында екі мемлекеттің сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени салалардағы ынтымақтастығының негізі қаланды.


Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Түркия Республикасының Президенті Тұрғыт Өзалмен кездесті. 1991 жылғы 15 наурыз
Дереккөз: Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызметінің хроникасы

Президенттік кезеңінде ол шетелге 40-қа жуық жұмыс және жеке сапарлар жасаған тұлға. 1990–1991 жылдардағы Парсы шығанағындағы дағдарыс кезінде (АҚШ бастаған Көпұлтты күштер мен Ирак арасындағы Кувейттің тәуелсіздігін қалпына келтіру үшін болған қарулы қақтығыс) АҚШ авиациясының әскери операция жүргізуі үшін Түркиядағы әскери базаларды ұсынды. Бірінші Қарабақ соғысы (1992–1994) кезінде Армения басып алған Әзірбайжан аумақтарын азат етуді жақтады. Ол 1993 жылы 66 жасында қайтыс болды. 2012 жылы Президенттің қалдықтарынан у іздері табылды, алайда сот-медициналық сарапшылар оның өліміне у себеп болған-болмағанын нақты айта алмады.

Алматыда Тұрғыт Өзалдың атымен аталған көше бар.

Дереккөздер:

Azərbaycan Milli Kitabxanası

Britannica 

TRT

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу