Шимон Перес 1923 жылы Новогрудок воеводствосының Воложин поветінің Вишнево селосында (бұрынғы Польша территориясы, қазіргі — Беларусь территориясы) дүниеге келген. 1934 жылы ол отбасымен Палестинаға көшеді. Әкесі орманшы болған, 1930 жылдары Тель-Авивте астық саудасымен айналысқан.

Шимон Перес
Дереккөз: Wikimedia Commons
Ол Тель-Авивтегі орта мектепті бітіріп, Бен-Шемендегі ауыл шаруашылығы мектебінде оқуын жалғастырады. Бірнеше жыл Гева және Алумот кибуцтарында (ауыл шаруашылығы коммуналары) жұмыс істейді. 1940 жылы «Жұмысшы жастар» жастар социалистік қозғалысының конференциясына делегат ретінде ұсынылады. 1941–1945 жылдары қозғалыстың бас хатшысы қызметін атқарады. Осы кезеңде ол Давид Бен-Гурионның басшылығымен Израиль Жұмысшы партиясына (МАПАЙ) кірді. 1946 жылы партия өкілі ретінде Базельде өткен Дүниежүзілік сионистік ұйымның 22-ші конгресіне қатысты.
1947–1948 жылдардағы Израиль тәуелсіздік соғысы (Палестинаны бөлу туралы БҰҰ жоспары жарияланғаннан кейін туындаған араб-израиль қақтығысы) кезінде қару-жарақ сатып алуға және әскери қызметшілерді қабылдауға жауапты болады. 1948 жылы Израиль Қорғаныс министрлігі бас директорының көмекшісі қызметін атқарып, Израиль Әскери-теңіз флотын құру мәселелерін қадағалады. 1949–1952 жылдары АҚШ-тағы Израиль Қорғаныс министрлігінің сатып алу делегациясын басқарады, сонымен қатар Гарвард университетінде оқиды. Сондай-ақ Израильде әскери өнеркәсіпті, ең алдымен авиация саласын құру жобаларымен жұмыс істеді.
Израильге оралған соң, ол Қорғаныс министрлігі бас директорының орынбасары болып тағайындалды, ал 1953 жылы осы ведомствоның тарихында ең жас (29 жаста) бас директоры болды. Ол министрлікті қайта құруды жүргізді, авиациялық, электрондық және әскери өнеркәсіпті құруға қатысты, сондай-ақ Израильдің ядролық жобасының бастамашысы болды.
1959 жылы МАПАЙ партиясынан Кнессетке (парламент) сайланды. Сонымен қатар, 1959–1965 жылдары Қорғаныс министрінің орынбасары қызметін атқарды.
1965 жылы МАПАЙ-дан шығып, Давид Бен-Гурионмен бірге «Израиль жұмысшыларының тізімі» (РАФИ )партиясын құрып, бас хатшы қызметін алды. 1968 жылы РАФИ мен МАПАЙ Еңбек партиясына («Авода») біріккеннен кейін, ол үш рет оның төрағасы болып сайланады: 1977–1992, 1995–1997 және 2003–2005 жылдары.
1969 жылдан бастап үкімет құрамына кірді. Ол арабтар басып алған аумақтарды дамытуға және иммигранттарды сіңіруге (абсорбциялауға) жауапты болды (1969–1970), Көлік және коммуникациялар министрі (1970–1974), Ақпарат министрі (1974) болды. 1974 жылы ол Израильдің Қорғаныс министрі болып тағайындалды. 1976 жылы Угандадағы Энтеббе әуежайындағы еврей тұтқындарын құтқару бойынша «Этенбе» операциясын жүргізуге бастамашы болды.
1977–1984 жылдары ол Кнессеттегі оппозицияны басқарды. 1984–1986 жылдары Израильдің Премьер-министрі болды. Бұл қызметте болған кезде ол елдегі инфляция деңгейін 373%-дан 20%-ға дейін төмендете алды, сондай-ақ израиль әскерлерін Ливаннан шығаруға қол жеткізді. 1986 жылы ол үкімет басшысы қызметінен кетіп, Премьер-министрдің орынбасары, Сыртқы істер министрі болды.
1992 жылы партияішілік сайлауда жеңіліп, «Авода» төрағасы қызметін Ицхак Рабинге берді. Партия парламенттік сайлауда жеңіске жеткеннен кейін Сыртқы істер министрі қызметін атқарды (1992–1995). 1993 жылы ол Палестинаны азат ету ұйымымен (ПАҰ) Газа секторы аумағында Палестина автономиясын құру туралы келісімге келді. Осы еңбегі үшін 1994 жылы Нобель Бейбітшілік сыйлығына ие болды.
1995 жылы Ицхак Рабин өлтірілгеннен кейін Премьер-министр және Израиль Қорғаныс министрі қызметін атқарды. 1999 жылдан 2001 жылға дейін Аймақтық ынтымақтастық министрі болды. 2000 жылы Израиль президенттігіне сайлауға қатысты, бірақ жеңілді.
2007 жылы ол Израиль президенті болып сайланды. Мемлекет басшысы қызметін 2014 жылға дейін атқарды. Ол көптеген елдерге, соның ішінде Ресейге, Швейцарияға, Бельгияға, Францияға, Италияға және т.б. сапарлармен барды. 2009 жылы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен Қазақстан Республикасына сапармен келіп, Астанадағы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің үшінші съезіне қатысты. Кейіннен Қазақстан басшысымен тағы бірнеше рет кездесті.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Израиль Мемлекетінің Президенті Шимон Переспен кездесті. 2009 жылғы 30 маусым
Дереккөз: Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызметінің хроникасы
2014 жылы, 92 жасында, Президент қызметінен кетті. 2016 жылы қайтыс болды.
Дереккөздер:
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу