2001 жылдың 11 қыркүйегінде «Әл-Каида» (ең ірі исламшыл халықаралық лаңкестік ұйымдарының бірі) лаңкестік ұйымының жанкешті содырлары төрт жолаушылар ұшағын басып алды. Бортында жолаушылары бар ұшақтар «ұшатын бомбаларға» айналдырылып, АҚШ аумағындағы бірқатар нысандарға соғылды.
Олардың екеуі Америка Құрама Штаттарындағы іскерлік өмірдің символы, Нью-Йорктегі Дүниежүзілік сауда орталығының мұнараларына («егіз мұнаралар») бағытталды. Тағы бір ұшақ АҚШ Қорғаныс министрлігінің штаб-пәтері – Пентагон ғимаратына шабуыл жасады. Төртінші ұшақ Америка президентінің резиденциясы – Ақ үйді немесе парламент ғимараты – Капитолийді қиратуға тиіс болған.
Соңғысын қоспағанда, барлық ұшақ нысаналарына жетті. Төртінші әуе лайнерінің жолаушылары мен экипажы лаңкестерден ұшақты басқаруды өз қолдарына алуға тырысқан, нәтижесінде ұшақ Пенсильвания штатындағы Шанксвилл қаласының жанындағы егістікке құлады.
«Сағат 8:46-да бірінші ұшақ Дүниежүзілік сауда орталығының Солтүстік мұнарасына 93-ші мен 99-шы қабаттар аралығына соғылды. Соққы орнынан жоғарыға қарай шығу жолдары бұғатталды, ғимаратта өрт басталды. Теракт кезінде ғимаратта 1 344 адам болған.
17 минуттан кейін басып алынған екінші ұшақ Оңтүстік мұнараға соғылды. Басталған қатты өрттің нәтижесінде екі мұнара да құлап, іргелес ғимараттарды қиратты.
Сағат 9:37-де үшінші ұшақ Пентагон ғимаратына соғылып, ғимараттың бір бөлігін қиратты.

2001 жылғы 11 қыркүйекте Нью-Йорктегі «егіз мұнараларға» лаңкестік шабуыл
Дереккөз: Коммерсантъ
Теракт құрбандар саны бойынша тарихтағы ең ірі лаңкестік әрекет деп танылды. Қайғылы оқиға 2977 адамның өмірін қиды: 246 жолаушы мен ұшақ экипажы, Нью-Йоркте 2606 және Пентагонда 125 адам. Қаза тапқандардың көпшілігінің жеке басы кейін де анықталған жоқ. Нью-Йоркке келтірілген шығын 36 миллиард долларға бағаланып, мұнаралардың құлаған жері сегіз айдан астам уақыт бойы тазартылды. Лаңкестер шабуыл жасаған Пентагон ғимаратының батыс қанаты бір жылдан кейін ғана қалпына келтірілді.
11 қыркүйектегі терактілерді әлемдік қауымдастық айыптады, бүкіл әлемнен АҚШ-қа көңіл айту және көмек ұсыныстары келіп түсті. 12 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ Президенті Джордж Бушқа лаңкестік актілер салдарынан адамдардың қайғылы қаза болуына байланысты Қазақстан халқы атынан және өз атынан жеке көңіл айту жеделхатын жолдады. 15 қыркүйекте Қазақстан басшысы Алматы қаласындағы АҚШ Елшілігіне барып, Қайғы кітабына америка халқына көңіл айту жазбасын қалдырды. АҚШ-тың Төтенше және Өкілетті Елшісі Ларри Нэппермен әңгімелесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев террордың адамгершілікке жат актілерін батыл айыптап, әлем елдерін халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы күресте бірігуге шақырды. Ол Президент Джордж Бушқа жолдаған хатында өз көмегін ұсынып, ықтимал кек алу әрекеттері әлемге АҚШ басшылығының даналығы мен шешімнің әділдігін көрсетеді деп үміттенетінін ерекше атап өтті. Шабуылдан бірнеше сағат өткен соң АҚШ барлау агенттіктері жанкештілердің есімдерін атады. Ұшақтарды басып алған 19 адамның 15-і Сауд Арабиясы, екеуі Біріккен Араб Әмірліктері, біреуі – Египет және біреуі – Ливан азаматтары. Олардың барлығы АҚШ-та заңды түрде болды, төртеуі АҚШ-та ұшу жаттығуларын аяқтаған.
«2001 жылдың 27 қыркүйегінде АҚШ лаңкестердің фотосуреттерін жариялап, терактілер үшін жауапкершілікті халықаралық исламшыл лаңкестік ұйым «Әл-Каида» және оның жетекшісі Усама бен Ладен жауапты деп мәлімдеді. АҚШ Президенті Джордж Буш (кіші) терактінің уәжі ретінде «АҚШ-тың бостандығы мен демократиясына деген жеккөрушілікті» атады, ал басқа сарапшылар терактіге АҚШ-тың Израильді қолдауы, Сауд Арабиясында америкалық әскерлердің болуы және Иракқа көрсетілген қысым себеп болғанын атап өтті. Усама бен Ладен ұзақ уақыт бойы 11 қыркүйек оқиғаларына қатысы бар екенін жоққа шығарғанымен, 2004 жылғы АҚШ-тағы президенттік сайлау қарсаңында кезекті бейнеүндеуінде «Әл-Каиданың» терактілерді ұйымдастыруға қатысқанын растап, оларға тікелей қатысы болғанын мәлімдеді.
Терактілерден кейін АҚШ билігі «Терроризмге қарсы соғыстың» басталғанын бірден жариялады, оның мақсаты Усама бен Ладенді қолға түсіру және басқа да лаңкестік ұйымдардың қызметіне қарсы тұру болды. АҚШ пен оның одақтастары «Мызғымас бостандық» деген жалпы атаумен біріктірілген бірқатар шетелдік әскери операцияларды жүргізді. Акциялардың ішіндегі ең ірісі Ауғанстан аумағына басып кіру («Әл-Каида» ұяшықтары мен «Талибан» қозғалысын жою мақсатында) және Ирактағы соғыс болды.
Көптеген елдерде, соның ішінде АҚШ-тың өзінде де, Нью-Йорктегі терактілерден кейін терроризмге қарсы заң қатайтылды, сондай-ақ лаңкестікпен күресу үшін арнайы мемлекеттік құрылымдар құрылды. Нью-Йорктегі қираған мұнаралардың орнында 2011 жылы 11 қыркүйек терактісінің он жылдығы күні Ұлттық мемориал мен 11 қыркүйек мұражайы ашылды. Мемориал - бұл бұрынғы «егіз мұнаралар» орналасқан жердегі сарқырамалары бар екі бассейннің айналасын қоршаған 400-ден астам ағаштан тұратын саябақ.
Дереккөздер:
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу