Ислам Әбдіғаниұлы Кәрімов 1938 жылы Өзбек КСР-інің (қазіргі Өзбекстан Республикасы) Самарқанд қаласында дүниеге келген. Оның әкесі қызметкер, ал анасы үй шаруасымен айналысқан.

Ислам Каримов
Дереккөз: Ислам Кәрімов қоры
1960 жылы Орта Азия политехникалық институтын (қазіргі Ташкент мемлекеттік техникалық университеті) «инженер-механик» мамандығы бойынша бітіреді. Оқуын Ташкент халық шаруашылығы институтында (қазіргі Ташкент мемлекеттік экономикалық университеті) «экономист» мамандығы бойынша жалғастырып, 1967 жылы диплом алады. 1973 жылы экономика ғылымдарының кандидаты дәрежесін алады.
1960 жылдан бастап оқуды бітіргеннен кейін Ташкент ауыл шаруашылығы машина жасау зауытында жұмыс істеді. Кәсіпорынның шебер көмекшісі, шебері және технологы болды. 1961 жылдан 1966 жылға дейін Валерий Чкалов атындағы Ташкент авиациялық өндірістік бірлестігінде инженер, конструктор және жетекші инженер-конструктор қызметтерін бірінен соң бірін атқарды.
1966 жылы Өзбек Советтік Социалистік Республикасының (ӨзКСР, қазіргі Өзбекстан Республикасы) Мемлекеттік жоспарлау комитетіне (Госплан) жұмысқа ауысты. Онда бөлімнің бас маманы, төрағаның көмекшісі, бөлім бастығы, басқарма бастығы, төрағаның орынбасары және бірінші орынбасары болды. 1983 жылы Өзбек КСР-інің Қаржы министрі болды.
1986 жылдан бастап Өзбек КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, Өзбек КСР Госпланының төрағасы қызметін атқарды. Сол жылы республика Компартиясы Орталық Комитетінің (ОК) басшылығына «Өзбекстан экономикасын дамыту мәселелері мен перспективалары туралы» баяндама хат жолдады, онда ол аймақтағы экономикалық жағдайға қатысты өз көзқарасын білдірді, алайда қолдау таба алмады. Сол жылы Өзбекстан Компартиясы Қашқардария облыстық комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалды.
1989 жылы Өзбек КСР Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы болып сайланды. Ол кезде республика аумағында өзбектер мен месхет түріктері арасында бірқатар ұлтаралық қақтығыстар орын алды, сондықтан Ислам Кәрімов қызметінің негізгі бағыттарының бірі одан әрі қақтығыстардың алдын алу болды.
1990 жылы наурызда Өзбек КСР президенті қызметі құрылғаннан кейін, ол республиканың тұңғыш президенті болып сайланды, сонымен бірге министрлер кабинетін де басқарды. 1991 жылы тамызда Өзбекстан тәуелсіздігін жариялады. Сол жылдың қарашасында Ислам Кәрімов қызметін тоқтатқан коммунистік партияның орнына құрылған Өзбекстан Халық-демократиялық партиясының (ӨХДП) төрағасы болады.
1991 жылы желтоқсанда алғашқы жалпыхалықтық сайлауда тәуелсіз Өзбекстан Республикасының президенті болып сайланады. Ол үш рет — 2000, 2007 және 2015 жылдары қайта сайланды. Өз өкілеттік мерзімін екі рет — (1995 және 2002 жылдары) жалпыұлттық референдумдар арқылы ұзартты.
1991 жылғы желтоқсан айының басында Ресей президенті Борис Ельцин, Беларусь Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Станислав Шушкевич және Украина президенті Леонид Кравчук Беловеж келісімдеріне қол қойып, онда Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының (КСРО) таратылғанын және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының (ТМД) құрылғанын жариялады.
Бұл жаңалық Кеңес Одағының құрамында болған Орталық Азия республикаларының наразылығын тудырды, себебі шешімді «славян» мемлекеттерінің басшылары қабылдаған болатын. 13 желтоқсанда Ашхабадта (Түрікменстан астанасы) Өзбекстан Президенті Ислам Кәрімовтің, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың, Түрікменстан Президенті Сапармұрат Ниязовтың және Қырғызстан Президенті Асқар Ақаевтың кездесуі өтті, онда ТМД-ға қарсы Түркі одағын құру мәселесі талқыланды.
Алайда Нұрсұлтан Назарбаев пен Ислам Кәрімовтің дипломатиялық күш-жігерінің арқасында қарсыласушылықты болдырмау мүмкін болды — жалпы жаңа одақтық шартқа Алматыда қол қою шешілді. Желтоқсан айының соңында бұрынғы 11 кеңестік республика Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын (ТМД) құру туралы келісімге декларация мен Хаттамаға қол қойды.
1993 жылы қарашада Ислам Кәрімов Өзбекстан Республикасының мемлекеттік валютасы – сомды айналысқа енгізді. Бұл Нұрсұлтан Назарбаевпен алдын ала келісім бойынша қазақстандық теңге енгізілген уақытпен бір мезгілде болды. Ислам Кәрімовтің президенттігі кезеңінде көптеген даулы учаскелері бар өзбек-қазақстандық шекараны делимитациялау (картада белгілеу) және демаркациялау (жергілікті жерде өткізу) процесі белсенді түрде жүргізілді. 2001 жылы Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге Ислам Кәрімов екі мемлекет арасындағы шекараның жалпы ұзындығының 96% делимитациялау туралы шартқа қол қойды. 2002 жылы қалған учаскедегі: Бағыс және Түркістандық елді мекендері, Арнасай бөгеті және басқа да кейбір аудандардағы шекара сызығының өтуі туралы келіссөздер жүргізілді, одан кейін 2003 жылы қосымша нақтыланған «Қазақстан-Өзбекстан шекарасының жекелеген учаскелері туралы» шартқа қол қойылды. Екі мемлекет арасындағы шекараны демаркациялау процесі 2023 жылы толығымен аяқталды.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев және Өзбекстан Республикасының Президенті Ислам Кәрімов. 2016 жылғы 16 сәуір, Ташкент
Дереккөз: Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызмет хроникасы
Ислам Кәрімов 2016 жылы Ташкентте қайтыс болды. Оның Самарқандтағы жерленген жерінде мавзолей ашылды.
Дереккөздер:
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу