1991 жылы Ирак көршілес елдеріне қатысты агрессивті саясатына байланысты (1990 жылы Кувейтке басып кіру, ол халықаралық күштердің араласуымен және Ирактың жеңілуімен аяқталды) Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) оны қарусыздандыру және Ирактың жаппай қырып-жою қаруын (ЖҚҚ) жасау бағдарламаларын тоқтату жөніндегі арнайы комиссиясы құрылды. Ирак билігі комиссиямен өте құлықсыз ынтымақтастық жасады. Мұндай жағдай Саддам Хусейін режимінің бірқатар әлемдік державалармен, атап айтқанда Америка Құрама Штаттарымен (АҚШ) және олардың одақтастарымен қарым-қатынасының күрт шиеленісуіне әкелді.
2000 жылы кіші Джордж Буш АҚШ президенттігіне сайланғаннан кейін (оның сайлауалды бағдарламасында Иракқа қатысты саясатты қатайтуға уәде берілген еді), америкалық билік Саддам Хусейн үкіметін күшпен құлатуға дайындала бастады.
2001 жылғы 11 қыркүйектегі лаңкестік әрекет (лаңкестер басып алған бірнеше жолаушылар ұшағының АҚШ-тағы ғимараттарға шабуылы, нәтижесінде 3 мыңға жуық адам қаза тапты) әскери операция дайындауға себеп берді. 2002 жылы 29 қаңтарда Конгреске жолдаған үндеуінде Америка президенті Иракты «зұлымдық осіне» – лаңкестікке, соның ішінде 11 қыркүйектегі лаңкестік әрекетті жасаған «Әл-Каиданы» қаржыландыратын мемлекеттер тобына жатқызды. Ирак жаппай қырып-жою қаруын, атап айтқанда биологиялық қаруды жасырын түрде қайта дайындай бастағаны үшін айыпталды. 2002 жылдың қазан айында АҚШ Конгресі Иракқа қарсы әскери іс-қимылдар жүргізуге рұқсат беретін қарар қабылдады.
2003 жылдың 5 ақпанында АҚШ Мемлекеттік хатшысы Колин Пауэлл БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің арнайы отырысында Иракты халықаралық инспекциядан оңай жасырылатын мобильді зертханаларда ЖҚҚ өндірді деп айыптады. Дәлел ретінде, атап айтқанда, ол Иракта жасалып жатқан биологиялық қаруды, Сібір жарасының споралары бар деп болжанған ақ зат салынған пробирканы көрсетті.
АҚШ пен оның одақтастарының «Ирак азаттығы» атты әскери операциясы 2003 жылдың 19-нан 20-на қараған түні, басып кіру үшін қажет болған БҰҰ-ның ресми рұқсатынсыз басталды. Америка-Британ коалициясының күштері Иракқа қуатты зымыран-бомбалық соққылар берді, содан кейін жедел түрде жердегі операция басталды. Жақсы қаруланған және соғысқа айындалған Америка армиясы Ирак тарапынан ешқандай дерлік қарсылық көрмеді. 6 сәуірде елдің екінші ірі қаласы Басра, содан кейін Ирак астанасы Бағдад соғыссыз алынды. 9 сәуірде бүкіл әлем Бағдадтың орталығында астанадан қашып кеткен Саддам Хусейннің мүсіні тұғырдан құлатылғанын көрді.
15 сәуірде белсенді әскери іс-қимылдар аяқталды. 1 мамырда «Авраам Линкольн» әуе күштерін жеткізушінің (авианосец) палубасынан президент Джордж Буш бір айдан аз уақытқа созылған әскери науқанның аяқталғанын және «қақтығыстан кейінгі тұрақтандыру және қайта құру фазасына» көшуді салтанатты түрде жариялады. Бірнеше күннен кейін АҚШ Мемлекеттік департаментінің қызметкері Пол Бремер Ирактың Уақытша коалициялық әкімшілігінің басшысы болып тағайындалды.
Әскери операция барысында ресми мәліметтер бойынша АҚШ әскерлері 172 адамынан айырылды. Ирак армиясының шығыны 9 мыңнан астам адамды құрады, сондай-ақ 7 мыңнан астам бейбіт тұрғын қаза тапты.

АҚШ Президенті Джордж Буш «Ирак азаттығы» операциясының аяқталғанын жариялады. 2003 жылғы 1 мамыр, «Авраам Линкольн» авиатасығышының борты
Дереккөз: Коммерсантъ
Ирактағы белсенді әскери іс-қимылдар аяқталғаннан кейін бірден жасырылған жаппай қырып-жою қаруын іздеген сарапшылар жұмыс істей бастады. Алайда қару табылған жоқ. Кейіннен АҚШ Мемлекеттік хатшысы Колин Пауэлл «өлім әкелетін» пробирканы көрсету шындыққа жанаспайтынын мойындады. Сондай-ақ Саддам Хусейн режимінің 11 қыркүйектегі лаңкестік әрекеттерімен байланысы расталмады.
АҚШ-тың басып кіруі бұрынғы санкциялардан және сәтсіз соғыстардан әлсіреген Ирак экономикасының түпкілікті күйреуіне әкелді. Елде кедейлік пен күйреу орын алды. Бұдан басқа, Америка әкімшілігі қоғамның шииттік бөлігінің өкілдерін басшылық лауазымдарға қойды, бұл сунниттер, шииттер мен күрдтер арасындағы конфессияаралық қақтығысты тудырды. 2005 жылы елде алғашқы көппартиялы парламенттік сайлау өтіп, уақытша үкімет құрылды, бірақ конфессияаралық қайшылықтар тек шиеленісіп, 2006 жылы азаматтық соғысқа ұласты.
Ирактағы америка-британ күштерінің жеңісі жарияланғаннан кейін дерлік коалициялық күштерге қарсы партизан соғысы басталды. Ұйымдасқан партизан топтары биліксіздік кезеңінде Ирактың әскери нысандарында бақылаусыз қалған қару-жарақ пен оқ-дәрілерді пайдаланды. 2003 жылдың қараша айының өзінде-ақ қаза тапқан американдық сарбаздардың саны бір айда 110-нан асты. Коалициялық билік партизандардың жетекшісі Саддам Хусейн деп есептегенімен, 2003 жылғы желтоқсанда оның тұтқындалуы, кейіннен өлім жазасына кесілуі де партизан соғысының өршуіне кедергі бола алмады. Елдегі әскери контингенттің көбейтілгеніне қарамастан, американдық әскери қызметшілер арасындағы шығын өсе берді: 2007 жыл ішінде Иракта 899 американдық сарбаз қаза тапты — бұл алдыңғы жылдардың бәрінен де көп көрсеткіш еді.
Бұған қоса, біртұтас биліксіз қалған Ирак түрлі елдерден келген лаңкестердің панасына айналып, елде террористік әрекеттер күрт белсенділік көрсете бастады. 2003–2013 жылдар аралығында, яғни Саддам Хусейн режимі құлағаннан кейінгі алғашқы он жылда Иракта 31 мыңнан астам теракт орын алып, ирактықтар да, шетелдіктер де оның құрбандарына айналды.
Әлемде АҚШ пен оның одақтастарының әрекеттері біржақты қабылданбады, Иракқа басып кіруді Франция, Германия және Ресей қатаң сынға алды. Бүкіл әлемдегі соғысқа қарсы демонстрацияларға 35 миллионнан астам адам қатысты. Америка саясатын сынаушылар басып кірудің басты себебі АҚШ-тың Ирактың мұнайға бай аудандарын бақылауға алуы болды деп мәлімдеді.
Жағдайдың нашарлауына және шығындардың өсуіне байланысты соғыс АҚШ-тың өзінде де қолдаусыз қала бастады. Бастапқыда сәтті болған әскери операция көпжылдық қанды соғысқа ұласты, ол төрт мыңнан астам америкалық әскердің және жүздеген мың ирактықтың, ал кейбір есептеулер бойынша 1 миллионнан астам адамның өмірін қиды. Жағдайды америкалықтардың Ирак тұрғындарына қатысты қатыгез әрекеттері туралы (Абу-Грейб түрмесіндегі азаптаулар, тыйым салынған қаруды қолдану туралы мәліметтер және т.б.) мезгіл-мезгіл пайда болған хабарламалар ушықтырды.
2008 жылдың қараша айында жаңадан сайланған АҚШ президенті Барак Обама Ирактағы Америка әскери азайту жоспарын мәлімдеді. АҚШ бірте-бірте аумақтарды бақылауды жергілікті қарулы күштерге беріп, 2011 жылдың желтоқсанына қарай әскерлерді Ирактан толығымен шығарды.
Америкалық әскердің басып кіруі күтпеген, тіпті жоспарланған мақсаттарға мүлдем кереғар салдарларға әкеп соқты. Мысалы, террорға қарсы жарияланған күрес, керісінше, Иракта Қазақстанда тыйым салынған ИГИЛ (ДАИШ) ұйымының күш алуына жол ашты. АҚШ-ты таңғалдырған тағы бір жайт — Иран ықпалының шектен тыс күшеюі болды: Ирактағы жағдайды 150 мың америкалық сарбаз бақылай алмаған кезде, Бағдаттағы Иран елшілігінің санаулы дипломаттары бұл істі еш қиындықсыз дөңгелетіп отырды. Өңірдің басқа елдеріне жайылып кеткен «араб көктемінің» залалды зардаптары (метастазалары) да осы соғыстың тікелей жемісі болды. АҚШ бұл соғысқа бірнеше триллион доллар шығындады. Түптеп келгенде, Ирак пен Ауғанстандағы саяси жеміс бермеген әскери жорықтар АҚШ-тың аймақтағы беделі мен мәртебесін түсіріп тынды. Бұған жақында ғана Қытайдың араласуымен Сауд Арабиясы мен Иранның татуласып, дипломатиялық байланыстарын қайта орнатуы нақты дәлел бола алады.
Дереккөздер:
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу