Басты бетке қайту

Иоанн Павел II (Кароль Юзеф Войтыла) (1920–2005)

Иоанн Павел II (туғандағы есімі — Кароль Юзеф Войтыла) 1920 жылы Краков воеводствосының Вадовице қаласында (Польша) дүниеге келген. Оның әкесі әскери қызметкер болған, ал отставкаға шыққаннан кейін теміржол қызметшісі болды.


Папа Иоанн Павел II
Дереккөз: Wikimedia Commons

1938 жылы Краковтағы Ягеллон университетінің философия факультетіне оқуға түсті, онда поляк әдебиеті мен филологиясын, лингвистиканы, философияны және шет тілдерін оқиды (ағылшын, неміс, француз, испан, португал, итальян, орыс, украин және басқа тілдерді еркін меңгерген).

1939 жылы Польшаны неміс әскерлері басып алғаннан кейін оқуын тоқтатуға мәжбүр болады. Германияға мәжбүрлі жұмысқа әкетуден құтылу үшін Краков маңындағы тас карьерінде және «Солвей» химиялық фабрикасында жұмыс істейді. 1942 жылдан бастап Краков архиепископы, кардинал Адам Стефан Сапега ұйымдастырған жасырын семинариядағы сабақтарға қатысты.

Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін Краковтағы Жоғары рухани семинарияда және Ягеллон университетінің теология факультетінде оқыды. 1946 жылы пресвитер (діни қызметкер) дәрежесіне тағайындалып, білімін Әулие Фома Аквинский атындағы Папа университетінде жалғастыру үшін Римге жіберілді. 1948 жылы кандидаттық диссертациясын қорғады. 1953 жылы моральдық теология докторы дәрежесін алды.

1948 жылы Польшаға оралып, Неговицедегі шіркеу басшысының көмекшісі болып тағайындалды. Кейінірек Краковта рухани-пасторлық қызметпен айналысты. 1958 жылы Краков митрополиясының епископы дәрежесіне көтеріліп, поляк епископатының ең жас мүшесі (38 жас) болады. 1963 жылы архиепископ, Краков митрополиті, ал 1967 жылы кардинал атанды. 1969 жылы Польша епископтары конференциясы төрағасының орынбасары болып сайланады, яғни Польша шіркеуіндегі маңыздылығы бойынша екінші адам болды.

Оған қоса, 1960–70-ші жылдары Ватиканда (Рим – Италия астанасының аумағындағы қала-мемлекет, Рим-католик шіркеуі басшысы – Рим Папасының резиденциясы) бірқатар қызметтер атқарды. Ол Епископтар Синодының (Рим Папасына міндеттерін орындауға көмектесетін католик шіркеуінің консультативтік органы) тұрақты комиссиясының және хатшылығының мүшесі, дін қызметкерлері мәселелері жөніндегі Конгрегацияның (Рим куриясының — Рим Папасы үкіметінің бірқатар мекемелерінің атауы) және Шығыс шіркеулері Конгрегациясының мүшесі болды. Екінші Ватикан соборының (1962–1965) жұмысына неке мәселелері жөніндегі комиссияның мүшесі ретінде қатысты.

1979 жылы Рим-католик шіркеуінің басшысы (Рим Папасы) болып сайланып, Иоанн Павел II есімін қабылдады. Ол 455 жыл ішіндегі алғашқы италиялық емес Папа, славян тегінен шыққан алғашқы понтифик және 130 жыл ішіндегі ең жас Папа болды.

Рим-католик шіркеуінің басшысы бола отырып, ол көптеген реформалар, соның ішінде Рим куриясының (Ватикан үкіметінің) реформасын жүргізді. Бірнеше негізгі құжаттарды: бес Апостолдық конституцияны, Канондық құқық кодексін, Шығыс шіркеулерінің канон кодексін, Католик шіркеуінің Катехизисін және басқаларын әзірлеуге қатысты.

Ол ең көп діндар жандармен кездескен Папа атанды. Иоанн Павел II-нің жалпы аудиенцияларына барлығы 17 миллионнан астам адам қатысқан. Сондай-ақ, ол синагогаға, протестанттық шіркеуге және мешітке барған, рок-концертте және футбол матчында болған алғашқы Папа болды. Ол христиан конфессияларын біріктіруді жақтады. Ол үш қастандықты бастан өткерді. 1981 жылы тапаншадан екі оқ тиіп, әрең аман қалды. Осыдан кейін Папаның көлігін оқ өтпейтін «қалпақпен» жабуды бастады. Ол 250 пасторлық сапар жасады, оның 104-і шетелдік сапар болды. 2001 жылы Қазақстан Республикасына сапарлап келіп, елдің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесті. Сондай-ақ Үздіксіз Жәрдем беруші Құдай Анасының Кафедралы Соборында салтанатты литургия мен Қасиетті Мессаны өткізді. Сол жылдың желтоқсанында Астанада Апостолдық Нунциатураның (Ватиканның дипломатиялық миссиясы) ашылу салтанаты өтті. 2003 жылы Нұрсұлтан Назарбаев Италияға жасаған ресми сапары аясында Папа Иоанн Павел II-нің қабылдауында болды.


Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Рим папасы Иоанн Павел II Астананың конгресс-холында ғылым және мәдениет өкілдерімен кездесу кезінде, 2001 жыл
Дереккөз: Қазақстандағы католик шіркеуі

2005 жылы қайтыс болды. 2011 жылы ол әулиелер қатарына кіргізілді.

 

Дереккөздер:

ТАСС

Иоанн Павел II қоры 

Vatican News

РИА Жаңалықтар

Үлкен Ресей энциклопедиясы

«Қазақпарат» ХАА

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу