Басты бетке қайту

Борис Ельцин (1931–2007)

Борис Николаевич Ельцин 1931 жылы Орал облысының Талицкий ауданы, Бутка ауылында (қазіргі Свердлов облысы, Ресей) дүниеге келген. Оның әкесі құрылысшы, ал анасы тігінші болып жұмыс істеген.


Борис Ельцин 
Дереккөз: Ельцин Центр

1955 жылы Свердловскідегі Сергей Киров атындағы Орал политехникалық институтын (қазіргі – Ресейдің тұңғыш президенті Борис Ельцин атындағы Орал мемлекеттік техникалық университеті, Екатеринбург) «өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс» мамандығы бойынша бітірді. Оқуды бітіргеннен кейін  жолдама бойынша «Уралтяжтрубстрой» тресінде жұмыс істейді. Ол жұмысшы мамандықтарын меңгереді: тас қалаушы, бетоншы, ағаш ұстасы, жиһазшы болды.

1957 жылдан 1963 жылға дейін «Южгорстрой» тресінің прорабы, бас инженері және құрылыс басқармасының бастығы қызметтерін біртіндеп атқарады. 1963 жылдан бастап Свердловск үй құрылысы комбинатының (ҮҚК) бас инженері болып жұмыс істейді, ал екі жылдан кейін оның директоры атанады.

1961 жылы Кеңес Одағы Коммунистік партиясына (КОКП) мүше болады. 1968 жылы партиялық жұмысқа ауысып, КОКП Свердловск обкомының құрылыс бөлімін басқарады. 1975 жылдан 1985 жылға дейін КОКП Свердловск обкомының хатшысы, кейін бірінші хатшысы болады. 1985 жылдың сәуірінде КОКП Орталық Комитетінің (ОК) Құрылыс бөлімінің меңгерушісі, ал шілдеде – Құрылыс мәселелері бойынша КОКП ОК хатшысы болады. Сол жылдың желтоқсанында КОКП Мәскеу қалалық комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалады. КОКП ОК Саяси Бюросы мүшелігіне кандидат (іс жүзінде – партияның басқарушы органы) мәртебесін алады. 1978–1989 жылдары Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы (КСРО) Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды.

1987 жылдың қазан айында КОКП ОК пленумында Саяси Бюроның жұмысын сынап, Қайта құру (1985–1991 жылдары КОКП ОК Бас хатшысы Михаил Горбачев жүргізген экономикалық және саяси реформалар бағдарламасының жалпы атауы) қарқынын жеделдетуді талап етті. Осыдан кейін ол Мәскеу қалалық комитетінің бірінші хатшысы қызметінен айырылып, КСРО Мемлекеттік құрылыс комитеті төрағасының бірінші орынбасары – КСРО министрі дәрежесіне дейін төмендетілді. 1988 жылдың ақпанында Саяси Бюро мүшелігіне кандидат мәртебесінен айырылды.

Партиялық ортада қолдаудан айрылғанына қарамастан, ол халық арасында өте танымал болды. Борис Ельциннің КОКП ОК пленумында сөйлеген сөзінің мәтіні бейресми нұсқада көптеп таралып кетті, тіпті олардың көпшілігі түпнұсқамен сәйкес келмеді. 1989 жылы сайлаушылардың 90%-дан астам дауысын жинап, КСРО халық депутаты болып сайланды. Сол жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің мүшесі болып, Кеңес Одағындағы алғашқы ресми парламенттік оппозиция – Аймақаралық депутаттық топтың (АДТ) құрамына кіреді.

1990 жылы РКФСР-дің (қазіргі Ресей Федерациясы) Мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылдады, ал 1991 жылы референдум қорытындысы бойынша РКФСР Президенті болып сайланды.

1991 жылғы тамыз бүлігі кезінде (КСРО-ны реформалауға қарсы шыққан елдің жоғары басшылығы мүшелерінің бір тобы – Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комитет (ТЖМК) жасаған мемлекеттік төңкеріс әрекеті) Мәскеуде ТЖМК мүшелеріне қарсылықты басқарды. РКФСР басшылығының батыл әрекеттерінің арқасында тамыз бүлігі басылды.

1991 жылдың желтоқсанында Украина Президенті Леонид Кравчукпен және Беларусь Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы Станислав Шушкевичпен бірге КСРО-ның таратылғанын және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының құрылғанын жариялаған Беловеж келісімдеріне қол қоюға қатысты. Құжатқа КСРО Мемлекеттік кеңесінің төрағасы (мемлекеттің іс жүзіндегі басшысы) Михаил Горбачевтің келісімінсіз қол қойылды.

1992–1993 жылдары Ресейдің конституциялық құрылымында Президент пен елдің Жоғарғы Кеңесі (заң шығарушы, өкім шығарушы және бақылаушы билік органы) арасындағы қарама-қайшылықтарға байланысты бітіспес келіспеушіліктер туындады. 1993 жылдың ақпанында Борис Ельцин Президент өкілеттігін кеңейтуді көздейтін жаңа Конституция қабылдауға ниетті екенін жариялады, бірақ заң шығарушы биліктің қарсылығына тап болды. Мамыр айында негізгі заң жобасын дайындау үшін Конституциялық кеңес шақырылды. Нәтижесінде, 1993 жылдың желтоқсанында Ресей Федерациясының үш негізгі билік тармағын (заң шығарушы, атқарушы және сот) теңестірген жаңа Конституция қабылданды.

Борис Ельциннің президенттік жылдарына Бірінші Шешен соғысы (1994–1996 жылдар) тұспа-тұс келді, оның қорытындысы бойынша Хасавюрт келісімдеріне қол қойылды, бұл келісімдер оқ атуды тоқтатуды, федералдық әскерлерді Шешенстаннан шығаруды және оның Ресей құрамындағы құқықтық мәртебесі туралы түпкілікті шешімді 2001 жылға дейін кейінге қалдыруды көздеген еді.

1996 жылы Борис Ельцин екінші президенттік мерзімге қайта сайланды. Бұл ретте ол бірінші турда Ресей Федерациясы Коммунистік партиясының (РФКП) басшысы Геннадий Зюгановтан ұтылғанымен, екінші турда жеңіске жетті. Сол жылдың күзінде жүрегіне ота жасатты.

1998 жылы Ресейдің өсіп келе жатқан сыртқы қарыздарына байланысты Үкімет пен Орталық банк өздерінің қарыз міндеттемелері бойынша техникалық дефолт жариялады. Осыдан кейін, 1999 жылдың мамырында Мемлекеттік Дума Президентке импичмент жариялау мәселесі бойынша дауыс берді, алайда түпкілікті шешім қабылдау үшін қажетті дауыс саны жиналмады. Соған қарамастан, 1999 жылдың желтоқсанында Борис Ельцин өз еркімен мемлекет басшысы қызметінен кетіп, Үкімет басшысының уақытша міндетін атқарушы Владимир Путинді өзінің мұрагері деп атады.

Борис Ельцин Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен жақсы қарым−қатынаста болды. 1998 жылы, денсаулығының нашарлығына қарамастан, Қазақстан көшбасшысына Ресейдің жоғары мемлекеттік наградасы – Әулие Андрей Первозванный орденін табыс ету үшін Астанаға арнайы өзі келді. 2006 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың келесі президенттік мерзімге қайта сайлануынан кейінгі инаугурация рәсіміне қатысты.

 


Ресей Федерациясының Президенті Борис Ельциннің Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты Апостол Андрей Первозванный орденімен марапаттау туралы Жарлығы. 1998 жылғы 11 қазан
Дереккөз: президентінің сайты (мұрағат)

Борис Ельцин 2007 жылы Мәскеуде қайтыс болды. Бұл күні Ресейде жалпыұлттық қаралы күн жарияланды.

 

Дереккөздер:

ТАСС

Тарих порталы.РФ

Б.Н.Ельцин атындағы президент кітапханасы

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу