Басты бетке қайту

Михаил Горбачев (1931–2022)


Михаил Горбачев
Дереккөз: Горбачев-фонд

Михаил Сергеевич Горбачев 1931 жылы Солтүстік Кавказ өлкесі, Красногвардейск ауданының (қазіргі Ставрополь өлкесі, Ресей) Привольное ауылында дүниеге келген. Әкесі машина-трактор станциясының механизаторы болған, анасы колхозда (КСРО-дағы ұжымдық ауыл шаруашылығы кәсіпорны) жұмыс істеген.

Ұлы Отан соғысы кезінде бірнеше ай анасымен бірге неміс оккупациясында болды. 15 жасынан бастап әкесінің басшылығымен комбайншының көмекшісі болып жұмыс істеген. 1948 жылы егін жинаудағы жетістіктері үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталады. 1952 жылы Кеңес Одағы Коммунистік партиясының (КОКП) мүшесі болды.

1955 жылы Михаил Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің (ММУ) заң факультетін үздік бітіреді. 1967 жылы сырттай Ставрополь ауыл шаруашылығы институтын (қазіргі Ставрополь мемлекеттік аграрлық университеті) аяқтайды.

ММУ-ді бітіргеннен кейін Ставрополь өлкесінің прокуратурасына жұмысқа жіберіледі, алайда бірнеше айдан кейін комсомол жұмысына (Бүкілодақтық Лениншіл Коммунистік Жастар Одағы, БЛКЖО) ауысты. Өлкелік комсомол комитетінің насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарды. 1956–1958 жылдары БЛКЖО Ставрополь қалалық комитетінің хатшысы болды.

1962 жылдан бастап партиялық жұмысқа ауысады. 1970 жылы КОКП Ставрополь өлкелік комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалады. Ол өлке басшыларының ішінде осы өңірдің тумасынан шыққан алғашқы басшы болады. Аймақтың ауыл шаруашылығын, әсіресе жем-шөп дақылдары мен бидай өсіру саласын белсенді дамытады.

1970-ші жылдардың басында Михаил Горбачев КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (МҚК/КГБ) төрағасы Юрий Андроповпен танысады. Бұл таныстық оның мансабының одан әрі дамуына ықпал етті. 1978 жылы ол КОКП Орталық Комитетінің (ОК) құрамына кіріп, Ауыл шаруашылығы жөніндегі хатшы қызметін атқарды. 1980 жылы КОКП ОК Саяси бюросының мүшесі болды.

1985 жылдың наурызында ол КОКП ОК Бас хатшысы болып сайланып, мемлекет басшысы атанады. Билікке келген соң, Михаил Горбачевтың өзі «Қайта құру» (Перестройка) деп атаған ауқымды реформалар жоспарын жүзеге асыруды бастады. Бұл жоспар «социализмді жетілдіруді», кәсіпорындардың дербестігін кеңейтуді, сондай-ақ идеологиялық консерватизмді жеңуді және демократияны кеңейтуді көздеді.

1986 жылы ол жариялылық (Гласность) саясатын жариялады, соның арқасында Кеңестік Социалистік Республикалар Одағында (КСРО) көптеген цензуралық шектеулер алынып тасталды. Бұрын тыйым салынған шығармалар жариялана бастады, фильмдер көрсетіліп, БАСП-қа еркіндік берілді. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау (реабилитация) науқаны жүргізілді. 1989 жылдың ортасына қарай 30-50-ші жылдардағы қуғын-сүргіннен зардап шеккен 1 миллионға жуық азамат ақталды.

Экономикалық тұрғыдан кәсіпорындардың өзін-өзі басқаруын кеңейту жүзеге асырылды, жеке коммерциялық қызмет (кооперативтер) біртіндеп заңдастырылды, кейбір мемлекеттік құрылымдар мен кәсіпорындар шетелдік серіктестермен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік алды, салалық министрліктер мен ведомстволар саны қысқартылды, ауылдағы шаруашылық жүргізудің бес негізгі нысанының (колхоздар мен совхоздармен қатар агрокомбинаттардың, жалға берілетін кооперативтердің және фермерлік шаруашылықтардың) теңдігі танылды, коммерциялық банктер құруға рұқсат берілді.

Сыртқы саясатта Батыспен қарым-қатынастағы шиеленісті төмендету бағыты қабылданды, қару-жарақты қысқарту жөніндегі бірқатар келісімшарттарға қол қойылды. 1990 жылы Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін екі мемлекетке бөлінген Германияның бірігуіне жеткізген Германияға қатысты түпкілікті реттеу туралы шартқа қол қойылды. Герман Демократиялық Республикасы (ГДР немесе Шығыс Германия — соғыстан кейін кеңестік оккупациялық аймақ орнында құрылған мемлекет) өмір сүруін тоқтатып, Германия Федеративтік Республикасымен бірікті.

1990 жылдың ақпанында Михаил Горбачев КСРО Президенті қызметін тағайындау және ел Конституциясының коммунистік партияның жетекші рөлі туралы ережесін жою туралы Жарлығын жариялады. Сол жылдың наурыз айында Халық депутаттарының III съезінде ол КСРО Президенті болып сайланды.

Михаил Горбачев бастамашы болған процестер Кеңес Одағы бастан кешкен экономикалық және саяси дағдарысты күшейтті. Экономикадағы проблемалар мен одақтық республикалардағы орталық партиялық биліктің әлсіреуі аясында сепаратистік көңіл-күйлер күрт күшейді, бірқатар республикалар (Литва, Латвия, Эстония) КСРО құрамынан шығатынын мәлімдеді. Осы жағдайда жаңа одақтық шарт жасасу туралы шешім қабылданды. КСРО-ның орнына егеменді мемлекеттердің жаңа Одағын құру туралы республика өкілдері мен Михаил Горбачев басшылығындағы КСРО басшылығы арасындағы келіссөздер «Жаңа-Огарев процесі» (келіссөздер өткен орын – Ново-Огареводағы Михаил Горбачевтың резиденциясы бойынша) деп аталды.

Шартқа қол қою «тамыз бүлігі» – 1991 жылғы 19-21 тамызда Мемлекеттік төтенше жағдай жөніндегі комитет (МТЖК) жасаған мемлекеттік төңкеріс әрекеті салдарынан үзілді. 1991 жылдың қыркүйегінен бастап Михаил Горбачев жаңа одақтық шартқа қол қойылғанға дейінгі өтпелі кезеңде елді басқару үшін құрылған уақытша орган – КСРО Мемлекеттік кеңесінің төрағасы қызметін атқарды. 1991 жылдың желтоқсан айының басында РКФСР президенті Борис Ельцин, Украина президенті Леонид Кравчук және Беларусь Республикасы Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Станислав Шушкевич Беловежье орманында (Беларусь) құпия кездесу өткізіп, КСРО-ны жоюды және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын (ТМД) құруды жариялаған Беловеж келісімдеріне қол қойды. Михаил Горбачев бұл оқиға туралы кейіннен естіді.

1991 жылдың желтоқсан айының соңында Алматыда Беловеж келісімдері ратификацияланғаннан кейін Михаил Горбачев өзінің КСРО басшысы ретіндегі өкілеттігін тоқтатты.

1992 жылы Мәскеудегі Халықаралық әлеуметтік-экономикалық және саясаттану зерттеулері қорының (Горбачев қоры) президенті болды. 1996 жылы Ресей президентін сайлауға кандидат ретінде қатысты, бірақ өте аз дауыс жинады. 2000–2001 жылдары НТВ телекомпаниясының қоғамдық кеңесін басқарды. 2002–2009 жылдары Ресей-Германия арасындағы өткен «Петербург диалогы» форумының тең төрағасы болады.

2022 жылы ұзаққа созылған аурудан қайтыс болды.

 

Дереккөздер:

ТАСС

Үлкен Ресей энциклопедиясы 

Горбачев-фонд 

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу