
1993 жылғы 3–4 қазан. Мәскеу оқиғасы
Дереккөз: Коммерсантъ
1993 жылғы 3–4 қазандағы Мәскеудегі оқиғалар 1992 жылы басталған Ресейдегі конституциялық дағдарыстың шарықтау шегі болатын. Бұл кезең тарихта «Ақ Үйге шабуыл» немесе «Қазан бүлігі» (Октябрьский путч) деген атаумен қалды.
Дағдарыс екі саяси күштің қарсы тұруы нәтижесінде туындады: Бір жағынан — Ресей Федерациясының президенті Борис Ельцин, Виктор Черномырдин басқарған үкімет, президенттің жақтастары болып табылатын халық депутаттары мен Жоғарғы Кеңес мүшелерінің бір бөлігі. Екінші жағынан — президент пен үкіметтің әлеуметтік-экономикалық саясатына қарсылар: Ресей Федерациясының вице-президенті Александр Руцкой, Руслан Хасбулатов басқарған халық депутаттары мен Ресей Федерациясы Жоғарғы Кеңесі мүшелерінің негізгі бөлігі.
Оқиғалар 21 қыркүйек күні басталды. Президент Борис Ельцин өзінің жарлығымен Халық депутаттары съезі мен Жоғарғы Кеңесті таратуы арқылы қолданыстағы Конституцияны бұзған еді.
Жоғарғы Кеңес бұған жауап ретінде келесі күні президент Борис Ельцинді қызметінен шеттетіп, вице-президент Александр Руцкойды президент міндетін атқарушы деп жариялады.
24 қыркүйекте Жоғарғы Кеңес шақырған Халық депутаттары съезі де Президент Ельциннің өкілеттігін тоқтату туралы мәлімдеп, оның әрекеттерін мемлекеттік төңкеріс деп бағалады. Алайда, Борис Ельцин де-факто Ресей президентінің өкілеттігін жүзеге асыруды жалғастырды.
Оны үкімет және күштік құрылымдардың (ІІМ, Қорғаныс министрлігі, Қауіпсіздік министрлігі) басшылығы қолдады. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері халық депутаттары отырған Кеңестер Үйінің (Дом Советов) ғимаратына кіреберісті бөгеуді бастады. Ол жерге Ақ үйдің жақтастары жиналып, баррикадалар тұрғыза бастады. Он күн бойы оппозиция күштері мен құқық қорғау органдары арасында көше қақтығыстары жалғасты.
3 қазанда наразылық білдірушілер Ресей Кеңестер Үйінің айналасындағы қоршауды бұзып өтіп, Мәскеу мэриясының ғимаратын басып алды және «Останкино» телеорталығын басып алуға әрекеттенді, бірақ онда олар қару қолданған арнайы жасақпен тарқатылды. Мәскеуде төтенше жағдай енгізілді.
4 қазан күні таңертең Борис Ельцин Қорғаныс министрлігінің әскерлерін тарту арқылы Ақ үйге шабуыл жасау туралы бұйрыққа қол қойды. Ғимаратқа Кантемиров дивизиясының танктері тартылды. Сағат 7:30-да Ақ үйді тазарту операциясы басталды. Танктер Ақ үйге оқ атып, жоғарғы қабаттарын қиратты. Ғимаратта өрт басталды. Сағат 18:00 шамасында Ақ үйді қорғаушылар қарсылықты тоқтататынын мәлімдеді. Александр Руцкой, Руслан Хасбулатов және Жоғарғы Кеңес жақтастарының қарулы қарсылығының басқа да жетекшілері қамауға алынды. 1993 жылғы 3–4 қазандағы Мәскеудегі оқиғалар нәтижесінде Ресей Федерациясының Халық депутаттары съезі мен Жоғарғы Кеңесі таратылды (жойылды). Федералдық Жиналыс сайланып, жаңа Конституция қабылданғанға дейін Ресей Федерациясында тікелей президенттік басқару орнатылды.
1993 жылғы 12 желтоқсанда бүкілресейлік референдумда Ресейдің жаңа Конституциясы қабылданды. Дәл сол күні Мемлекеттік Думаға және Федерация Кеңесіне — Конституцияны бір мезгілде қабылдаған жағдайда пайда болуы тиіс жаңа парламент палаталарына депутаттар сайлауы өтті, бұл сайлаулар Конституцияның қорытынды ережелерінде қарастырылған болатын. Жаңа Конституциямен бірге Ресейде екі палаталы парламенті және күшті президенттік билігі бар аралас республика орнатылды. Мемлекеттік Дума Комиссиясының қорытындыларына сәйкес, шамамен есептеу бойынша 1993 жылғы 21 қыркүйек – 5 қазан аралығындағы оқиғалар барысында 200-ге жуық адам қаза тапты немесе алған жарақаттарынан қайтыс болды және 1000-нан кем емес адам түрлі деңгейде жарақаттар алды.
Дереккөздер:
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу