Басты бетке қайту

Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ)


МАГАТЭ эмблемасы
Дереккөз: МАГАТЭ сайты 

Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) — бұл ядролық саладағы ғылыми-техникалық ынтымақтастыққа маманданған, Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) жүйесіндегі тәуелсіз үкіметаралық ұйым.

МАГАТЭ 1957 жылы ядролық технологияларды қолдануға байланысты өсіп келе жатқан алаңдаушылыққа жауап ретінде құрылды. Ұйым құру идеясын алғаш рет АҚШ президенті Дуайт Эйзенхауэр 1953 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясында сөйлеген өзінің атақты «Бейбітшілік үшін атом» атты баяндамасында айтқан болатын.


АҚШ Президенті Дуайт Эйзенхауэр 1953 жылғы 8 желтоқсанда Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясында «Бейбітшілік үшін атом» атты баяндамасымен сөз сөйлеуде
Дереккөздер: Сайт МАГАТЭ

АҚШ Президенті Эйзенхауэр өзінің баяндамасында ядролық ресурстар мен технологиялардың таралуын бақылауға алу үшін халықаралық агенттік құруды ұсынды. 1956 жылдың қазанында 81 мемлекет МАГАТЭ Жарғысын бірауыздан мақұлдады. Агенттік 1957 жылғы 29 шілдеде Жарғы ратификацияланғаннан кейін ресми түрде құрылды. МАГАТЭ-ге мүше мемлекеттермен және басқа серіктестермен қауіпсіз, сенімді және бейбіт ядролық технологияларға жәрдемдесу үшін жұмыс істеуге мандат берілді. Жарғыда Агенттіктің қосарланған миссиясы айқындалған: дамуға ықпал ету және ядролық технологияларды бақылау.

МАГАТЭ өз миссиясы аясында:

  •  Мүше мемлекеттерге ядролық ғылым мен технологияларды бейбіт мақсаттарда жоспарлауға және пайдалануға көмектеседі;
  • Ядролық қауіпсіздік стандарттарын әзірлейді және осы стандарттар негізінде ядролық энергияны қолдануда жоғары қауіпсіздік деңгейіне қол жеткізуге және оны сақтауға жәрдемдеседі.
  • Мемлекеттердің ядролық қаруды таратпау жөніндегі міндеттемелерін сақтайтынына және ядролық технологияларды тек бейбіт мақсаттарда қолданатынына көз жеткізу үшін тексерулер жүргізеді.

МАГАТЭ қызметі атом энергиясын бейбіт мақсатта қолдану саласындағы зерттеулерді қамтиды; ақпарат пен дағдылар алмасуға ықпал ететін конференциялар, оқу бағдарламалары және басылымдар ұйымдастыруды; әсіресе дамушы елдерге техникалық көмек көрсетуді; сондай-ақ ядролық технологиялардың әскери мақсаттарда пайдаланылмауын қамтамасыз ету үшін кепілдіктер жүйесін құруды және басқаруды қамтиды. Ядролық қаруды таратпау туралы шарт (1968 ж.) шеңберінде барлық ядролық емес державалар МАГАТЭ-мен кепілдіктер туралы келісім жасасуға міндетті, бұл Агенттікке ядролық бағдарламаларды мониторингтеу және ядролық нысандарды тексеру құқығын береді.

МАГАТЭ құрамына 180 ел кіреді; Агенттіктің штаб-пәтері Австрия астанасы Венада орналасқан.

2005 жылы Нобель комитеті МАГАТЭ-ге және оның Бас директоры Мохамед әл-Барадейге Нобель бейбітшілік сыйлығын берді.


МАГАТЭ-нің Бас директоры Мохамед әл-Барадей 2005 жылғы 10 желтоқсанда Норвегиядағы салтанатты рәсімде Нобель бейбітшілік сыйлығын алды
Дереккөз: Нобель сыйлығының сайты

Қазақстан МАГАТЭ мүшелігіне 1994 жылы өтті, сол жылы Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа (ЯҚТШ) байланысты кепілдіктерді қолдану туралы МАГАТЭ-мен келісімге қол қойылды. Содан бері Қазақстанның ядролық нысандарында МАГАТЭ-нің тұрақты инспекциялары өткізіліп тұрады.

Қазақстан Агенттікпен белсенді түрде ынтымақтасады. 2015 жылы МАГАТЭ мен Қазақстан Өскемендегі Үлбі металлургия зауытында әлемдегі алғашқы Төмен байытылған уран банкін (ТБУ банкі) орналастыру туралы келісімге қол қойды. Банк 2017 жылы ресми түрде ашылып, бейбіт ядролық бағдарламаларды дамытып жатқан елдер үшін ядролық отын жеткізудің кепілі қызметін атқарады.


Президент Нұрсұлтан Назарбаев және МАГАТЭ-нің Бас директоры Юкия Амано Қазақстандағы МАГАТЭ-нің аз байытылған уран банкінің ашылу салтанатында, 2017 жылғы 29 тамыз
Дереккөз: Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайты

 

Дереккөздер:

МАГАТЭ сайты

Britannica

GOV.KZ

Қазақстан Респбуликасы Президентінің ресми сайты

 

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу