Социализм — негізінде жалпы теңдік, әлеуметтік әділеттілік және өндіріс құралдарын (тауарлар мен қызметтерді өндіру үшін қолданылатын ресурстар: түрлі жабдықтар, машиналар, құралдар, ғимараттар, сондай-ақ жер, шикізат және т.б.) ұжымдық басқару қағидаттары жатқан қоғамдық-экономикалық және саяси жүйе. Социализм экономиканы орталықтандырылған басқаруды, өндіріс құралдарына жеке меншікті жоюдыжәне барлық азаматтар үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуді көздейді.
«Социализм» термині латынның «socialis» сөзінен шыққан, ол «қоғамдық, жолдастық» деген мағынаны білдіреді. Бұл терминнің алғашқы айтылуы XIX ғасырдың басында кездеседі. Ол негізгі экономикалық ресурстар жеке иелерге тиесілі болатын капитализмге қарама-қарсы балама қоғамдық жүйені белгілеу үшін қолданылған. Социалистік қозғалыстың ішінде қоғамды түрлендіру әдістері мен мақсаттары бойынша ерекшеленетін әртүрлі бағыттар бар. Негізгі бағыттары: реформистер (социал-демократтар) әлеуметтік бағдарламалар мен реттелетін нарықтық экономика арқылы қоғамдық-экономикалық жүйені біртіндеп өзгертуді жақтайды. Ал революциялық социалистер (марксистер, ленинистер, маоистер) қоғамды түбегейлі қайта құруды, көбінесе революциялық өзгерістер, таптық күрес және капиталистік жүйені жою арқылы жүзеге асыруды талап етеді.
XIX ғасырдың екінші жартысында Карл Маркс пен Фридрих Энгельс марксистік социализм теориясын әзірлейді. Олардың идеялары социализмді орнатудың революциялық жолын, мемлекетті басқарудың уақытша кезеңі ретінде пролетариат диктатурасын, жеке меншікті жоюды және меншіктің қоғамдық нысанына көшуді қамтыды. Маркстік тұрғыдан алғанда, социализм капитализмнен коммунизмге өтетін өтпелі кезең болып саналады.
Социализмді мемлекеттік құрылым ретінде жариялаған алғашқы мемлекет – Ресей, кейіннен Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы (КСРО) болды. Социализмге көшу революциялық (күштеу) жолмен жүзеге асырылды – 1917 жылы елде Қазан социалистік революциясы орын алды. КСРО-ның мемлекеттік құрылымы өндіріс құралдарына ұжымдық (мемлекеттік) меншікті және заң алдында барлық азаматтардың теңдігін қарастыратын социалистік идеология қағидаттарына негізделді. Баршаға білімге, медициналық көмекке және басқа да әлеуметтік игіліктерге тегін қолжетімділік жарияланды. Ел Маркс пен Энгельстің ілімдеріне, сондай-ақ Владимир Лениннің идеяларына сүйене отырып, социализм құрды. Кеңес Одағының Коммунистік партиясы 1920-шы жылдардың басынан 1990 жылдың наурызына дейін Кеңес Одағында билеуші партия болды. Қысқа мерзім ішінде Кеңес Одағы қуатты индустриялық экономика құрды, бұл елге гитлерлік Германияның қуатты әскери машинасына қарсы тұрып, Екінші дүниежүзілік соғыста жеңіске жетуге мүмкіндік берді, сауатсыздықты жойды, медициналық көмек жағдайын айтарлықтай жақсартты және т.б.
Кеңес Одағының үлгісі және Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіс әлемнің көптеген елдерінде социализм қағидаттарын жүзеге асыруға мықты серпіліс берді. 1970-жылдардың соңына қарай әлемде саяси құрылымы социализм болған елдерде (социалистік лагерь елдері, социализмнің әлемдік жүйесі) планета халқының шамамен 40%-ы тұрды.


1950–1970 жылдардағы социализмнің әлемдік жүйесі
Источник: Wikimedia Commons
Алайда, қоғамдық-экономикалық құрылымның тез және көбінесе күшпен өзгеруі, өндіріс құралдарына мемлекеттік меншік, әкімшілік-әміршілдік басқару әдістері, идеологиялық бақылау болуы және т.б. 1980-жылдардың соңында әлемдік социализм жүйесінде ауыр экономикалық және саяси дағдарысқа әкелді.
Социализмді сынаушылар экономиканы орталықтандырылған басқаруға және өндіріс құралдарына меншікке тыйым салуға негізделген жүйенің бастапқыда өміршең емес екенін мәлімдеді. Социалистік блок жетекшісі ретінде Кеңес Одағының ыдырауы көптеген елдерде социалистік даму жолын қайта қарауға әкелді. Іс жүзінде барлық жерде экономикаға нарықтық элементтер енгізіле бастады, саяси жүйелер де өзгерістерге ұшырады. XXI ғасырдың басында социалистік елдер қатарында Қытай Халық Республикасы (ҚХР), Куба, Вьетнам Социалистік Республикасы, Лаос Халық-Демократиялық Республикасы, Корей Халық-Демократиялық Республикасы және Венесуэла Республикасы болды.
Әлемдік социалистік жүйені құрудағы сәтсіздікке қарамастан, әлеуметтік әділеттілік қоғамы ретіндегі социализм идеялары өзінің тартымдылығын жоғалтқан жоқ. Көптеген елдерде социалистік бағыттағы саяси партиялар мен ұйымдар жұмыс істейді. Швеция, Финляндия, Германия сияқты көптеген капиталистік мемлекеттер аралас экономика шеңберінде социализм элементтерін қолданады, яғни мемлекеттік реттеуді нарықтық тетіктермен үйлестіреді. Бұл нарықтық ынталандыруларды сақтай отырып, әлеуметтік стандарттарды (тегін денсаулық сақтау, білім беру, еңбекті қорғау) сақтауға мүмкіндік береді, дегенмен бұл салықтарды ұлғайтуды және басқа да экономикалық шараларды енгізуді талап етеді. Бұл процестердің барлығы қоғамның әділ құрылымын іздеуде капитализм мен социализмнің оң тұстарын бірыңғай тұтастыққа біріктіру әрекеттері болып табылады (конвергенция теориясы).
Дереккөздер:
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу