Басты бетке қайту

Джордж Герберт Уокер Буш (үлкен) (1924–2018)


Джордж Буш (үлкен)
Дереккөз: Britannica

Джордж Герберт Уокер Буш 1924 жылы АҚШ, Массачусетс штатының Милтон қаласында дүниеге келген. Оның әкесі банкир болып жұмыс істеген, сондай-ақ 1952 жылдан 1963 жылға дейін Республикалық партиядан АҚШ Конгресінің сенаторы болған. 1942 жылы элиталық Филлипс Академиясын (жекеменшік мектеп) бітіріп, теңіз авиациясына ерікті болып жазылады. Тынық мұхитындағы авиатасушыда қызмет етіп, Avenger бомбалаушы ұшағында ұшқыш болады және қызметі барысында 58  рет жауынгерлік ұшуды орындайды.

Әскерден оралғаннан кейін, 1948 жылы Йель институтының экономика факультетін бітіріп, мұнай бизнесімен айналысады. 1950 жылы өзінің жеке Bush-Overbey company мұнай-газ компаниясының негізін қалады. Үш жылдан кейін Zapata Petroleum Corporation компаниясының құрылтайшысы және жетекшісі болды. 1954 жылдан 1964 жылға дейін Zapata Offshore Company компаниясының президенті болды, ал кейін тағы екі жыл оның директорлар кеңесіне кірді.

1958 жылы Техас штатындағы Республикалық партия бөлімшесінің қызметіне белсене араласа бастады. 1963–1964 жылдары штаттағы партия төрағасы қызметін атқарды. Ол Сенатқа үміткер болды, бірақ сайлауда жеңіліп қалды, содан кейін 1968 жылға дейін Республикалық партияның ұлттық съезінде делегат болды. 1967 жылы АҚШ Конгресінің Өкілдер палатасына кірді, ал 1971–1973 жылдары елді БҰҰ-да таныстырды. 1973 жылы Республикалық партияның Ұлттық комитетін басқарды. 1976 жылдан 1977 жылға дейін Орталық барлау басқармасының (ЦРУ) директоры қызметін атқарды. Бұл кезде ол ведомствоның қайта құрылуына үлесін қосты. 1978 жылдан 1979 жылға дейін АҚШ-тың Қытайдағы Байланыс бюросын басқарды.

1980 жылы ол президенттік сайлауға қатысу үшін өз кандидатурасын ұсынады. Праймеризде (партияішілік сайлауда) Рональд Рейганнан жеңіліп қалды, бірақ Республикалық партияның съезінің қорытындысы бойынша вице-президенттікке кандидат атанады. Рональд Рейган жеңіске жеткеннен кейін, оның екі президенттік мерзімі ішінде (1980–1989 жылдары) елдегі маңызы жағынан екінші тұлға болады.

1988 жылдың қараша айында президенттік сайлауда жеңіске жетеді. 1836 жылдан бері мемлекет басшысының қайтыс болудан емес, сайлауда жеңіске жету арқылы Ақ үйді басқарған алғашқы вице-президент болып, 1989 жылдың қаңтарында ресми түрде қызметіне кірісті.

Ол президенттік кезеңінде сыртқы саясат мәселелерін шешуге ерекше назар аударды. 1989 жылы Мануэль Норьега режимін құлатумен аяқталған Панамадағы әскери операцияны бастауға бұйрық берді. 1990 жылы Ирак Кувейтті басып алғаннан кейін, көпұлтты коалиция құрды, оның әскерлері 1991 жылы «Шөл дауылы» операциясы барысында Ирак армиясын талқандады. Ол КСРО және Ресей басшылары Михаил Горбачевпен және Борис Ельцинмен жеті рет кездесу өткізіп, оның қорытындысы бойынша стратегиялық шабуыл қаруларын қысқарту және шектеу туралы екі шартқа (СШҚ-1 және СШҚ-2) қол қойылды.

1991 жылдың желтоқсанында Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан кейін Джордж Буш елдің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа АҚШ пен Қазақстан арасында толық дипломатиялық қарым-қатынастар орнатуды, тұрақты миссиялар құруды және елшілер тағайындауды ұсынды, сондай-ақ Қазақстан көшбасшысын Вашингтонға сапарлап келуге шақырды.

Қазақстан Президентінің АҚШ-қа сапары 1992 жылдың мамыр айында өтті және бұл тәуелсіздік жарияланғаннан кейінгі Республика басшысының алғашқы шетелдік сапарларының бірі болды.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-қа жұмыс сапары аясында Америка Құрама Штаттарының Президенті  (үлкен) Джордж Бушпен кездесті. 1992 жылғы 20 мамыр.

Дереккөз: Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызмет хроникасы

1992 жылдың қараша айында АҚШ-тағы салықтардың өсуі және жалпы экономикалық құлдырауы себепті президенттік сайлауда Билл Клинтоннан жеңіліп қалды. Мемлекет басшысы қызметінен кеткеннен кейін Райс Университетінің адъюнкт-профессоры болады, сондай-ақ негізгі әлемдік проблемаларды талқылаумен айналысатын ірі саяси қайраткерлер мен бизнесмендердің халықаралық бірлестігі — Үшжақты комиссияның құрамына кіреді. 1998–2003 жылдары Carlyle Group ірі инвестициялық қордың консультативтік комиссиясында аға кеңесші болып жұмыс істейді. Ал 2005 жылы Оңтүстік Азиядағы жер сілкінісінің салдарын жою мәселелері бойынша БҰҰ арнайы өкілі болып тағайындалды. 2011 жылы АҚШ-тың ең жоғары мемлекеттік наградасы — Президенттік медалімен марапатталды.

 

Дереккөздер:

Britannica 

Джордж Герберт Уокер Буштің президенттік кітапханасы және музейі 

The White House Historical Association 

 

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу