Басты бетке қайту

Джордж Уокер Буш (1946 ж. туған)


Кіші Джордж Буш
Дереккөз: Wikimedia Commons

Джордж Уокер Буш 1946 жылы АҚШ-тың болашақ 41-ші президенті Джордж Герберт Уокер Буштың отбасында дүниеге келді (бұл қызметті әкесі 1989-1993 жылдары атқарды) (әкесі Джордж Герберт Уокер Буш). Әкелі-балалы екеуін айыру үшін оларға «үлкені» және «кішісі» деген сөздер қосылады.

1968 жылы Йель университетін (тарих бакалавры бойынша) бітірді. 1968–1973 жылдары АҚШ Ұлттық гвардиясының Әуе күштерінде қызмет етті, бірақ (1955–1975 жылдары болған) Вьетнам соғысына қатысқан жоқ. Қайтып келген соң 1975 жылы Гарвард бизнес мектебін бітірді.

1970–80-ші жылдары Техаста мұнай және энергетикалық бизнеспен айналысты. 1989 жылы «Техас Рейнджерс» бейсбол клубын сатып алып, кейін оны 1998 жылы сатудан шамамен $15 млн табыс табады.

Саяси мансабын 1970-ші жылдардың соңында бастады. 1977 жылы АҚШ Конгресі Өкілдер палатасына (Конгрестің төменгі палатасы) сайлауға түсті, бірақ сәтсіз болды. 1988 жылы өз әкесінің президенттік науқанына кеңесші және спичрайтері ретінде қатысады, бұл науқан әкесінің жеңісімен аяқталады.

1994 жылы Техас губернаторы болып сайланды. Ол орташа деңгейдегі консервативті саясат жүргізді: мектептерді және әлеуметтік жұмысқа қатысатын діни ұйымдарды қаржыландыруды ұлғайтты, ауқымды салық қысқартуларын жүргізді, жасөспірімдер қылмысымен күресу үшін қосымша шаралар енгізді. Сонымен қатар, штатта өлім жазасын сақтағаны және оны тым жиі қолданғаны үшін сынға ұшырады. Дегенмен, 1998 жылы губернаторлық сайлауда қайта жеңіп, Техас тарихында екінші мерзімге сайланған тұңғыш штат басшысы атанды.

2000 жылдың қарашасында АҚШ президенті сайлауында жеңіске жетті. Бұл президенттік жарыс ең қарама-қайшы болған сайлаулардың бірі ретінде тарихта қалды. Джордж Буш сайлаушылардың жалпы дауысын аз алғанымен, қарсыласы Альберт Горды сайлаушылар алқасының дауысы бойынша басып озды. Бірнеше айға созылған қайта санақтар мен сот процестерінен кейін жеңіс Джордж Бушқа берілді. 2004 жылы ол екінші мерзімге қайта сайланды.

Мемлекет басшысы қызметінде ол әртүрлі әлеуметтік бағдарламаларға, сондай-ақ салықтарды қысқарту, білім беру және денсаулық сақтау жүйелерін реформалау мәселелеріне назар аударды.

2001 жылғы 11 қыркүйектегі ірі лаңкестік шабуылдардан кейін ол АҚШ пен бүкіл әлемнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «террорға қарсы соғыс» басталғанын жариялады. Сол жылы Ауғанстанда, ал 2003 жылы Иракта әскери операциялар жүргізуді бастады.

Ол «Буш доктринасы» деп аталатын бірқатар құжаттарға қол қойды. Бұл сыртқы саяси тұжырымдамаға сәйкес, АҚШ мемлекеттік қауіпсіздікке қатер төндіретін кез келген елге халықаралық қоғамдастықтың мақұлдауын күтпей, превентивті (алдын алу) соққы бере алады. Бұл оқиға соңғы 60 жылдағы американдық сыртқы саясатты ең ауқымды  өзгеріс болып саналды.

Мемлекет басшысы ретінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен екі рет кездесті. 2001 жылы екі ел басшылары терроризмге қарсы күрес саласындағы стратегиялық әріптестік туралы мәлімдеді және Энергетикалық әріптестік туралы меморандумға қол қойды. 2006 жылғы екінші кездесу барысында Джордж Буш Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету ұсынысын қолдады (ол төрағалық 2010 жылы өтті).


Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Америка Құрама Штаттарына сапары аясында АҚШ президенті Джордж Бушпен кездесті.  Вашингтон, 21 желтоқсан 2001 жыл
Дереккөз: Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қызметінің хроникасы

2009 жылы мемлекет басшысы қызметінен кетіп, Техасқа тұрақтайды. 2013 жылы жұбайымен бірге Джордж Уокер Буш президенттік орталығын ашты, оның құрамына мұрағат, мұражай және зерттеу институты кіреді.

 

Дереккөздер:

ТАСС 

«Қазақпарат» ХАА 

Britannica

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу