
Сильвио Берлускони
Дереккөз: Wikimedia Commons
Сильвио Берлускони 1936 жылы Миланда (Италия) дүниеге келген. Әкесі банк қызметкері болған. 1961 жылы Милан университетінің заң факультетін үздік бітіреді. Оқу кезінде ол фотограф болып жұмыс істеді, ұсақ техника сатты, сондай-ақ түнгі клубтарда және круиздік лайнерлерде өзінің музыкалық тобымен өнер көрсетті.
Университетті бітіргеннен кейін құрылыс компаниясын құрып, Миланның элиталық тұрғын үй кварталдарын салуға қатысты. 1970-шы жылдары параллельді түрде телекоммуникация бизнесімен айналысып, 1974 жылы «Telemilano 58» арнасын сатып алады, ол кейін ірі Canale 5 тележелісіне айналды. 1980-ші жылдардың басында «Italia 1» және «Rete 4» телеарналарын сатып алды. 1978 жылы құрамына 150-ге жуық компания кіретін Fininvest холдингін құрады, ал 1993 жылы барлық медиаактивтерін Mediaset холдингіне біріктірді. 1990-шы жылдардың басына қарай ол Италиядағы ең ірі баспа үйі Mondadori-дің, Standa супермаркеттер желісінің, Olivetti компьютерлік компаниясының, Mediolanum банкінің, сондай-ақ «Милан» футбол клубының иесі болады.
1994 жылдың қаңтарында Fininvest-ті басқаруды қызына тапсырып, кейін партияға айналған «Алға, Италия!» саяси қозғалысын құрады. Саяси қызметінде ол өзінің барлық ақпараттық ресурстарын және шешендік қабілетін белсенді қолданады. Небәрі 60 күннен кейін ол өз партиясымен парламенттік сайлауда жеңіске жетіп, Премьер-министр болады. Ол Еуропадағы миллиардтаған байлығы бар алғашқы Үкімет басшысы болды. Алайда, оның партиясы тиесілі болған «Бостандық полюсі» коалициясы ішіндегі келіспеушіліктерге байланысты 1995 жылдың қаңтарында ол отставкаға кетуге мәжбүр болады.
2001 жылы ол қайтадан Премьер-министр қызметіне келді. Үкіметті 2005 жылдың сәуіріне дейін 1 412 күн басқарады, бұл Италия Республикасы тарихындағы рекордтық мерзім еді. Осыдан кейін көп ұзамай ол үшінші үкіметті құрады, ол Сильвио Берлусконидің «Бостандық үйі» саяси блогы парламенттік сайлауда жеңілгенге дейін, 2006 жылдың мамырына дейін қызмет етті.
2008 жылы «Алға, Италия!» және «Ұлттық альянс» партияларының бірігуі нәтижесінде пайда болған «Бостандық халқы» атты жаңа саяси блокты құрды. Сол жылдың сәуір айында қайтадан Премьер-министр болды. Елдің өсіп келе жатқан мемлекеттік қарызы және экономикалық дағдарыстың күшеюі аясында билеуші коалиция ішіндегі келіспеушіліктерге байланысты 2011 жылы қызметінен кетті.
Үкімет басшысы бола отырып, ол бірқатар маңызды экономикалық және саяси шешімдер қабылдады. 2002 жылы оның бастамасымен Италия Еуроаймаққа (ресми валютасы еуро болып табылатын 20 Еуропалық Одақ елін біріктіретін валюталық одақ) кірді. 2003 жылы ол АҚШ-тың (Америка Құрама Штаттары) Иракқа басып кіруін қолдап, ол жаққа Италия контингентін жіберді. Ресей Президенті Владимир Путинмен жақсы қарым-қатынаста болды, сол үшін «Путиннің Еуропадағы елшісі» деген лақап атқа ие болды.
Сильвио Берлускони Қазақстанға бірнеше рет ресми сапармен келді.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Италия Республикасы Үкіметінің Төрағасы Сильвио Берлусконидің кездесу сәті, Италия басшысының Қазақстанға жұмыс сапары кезінде. 2008 жылғы 26 қазан
Дереккөз: Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызмет хроникасы
2010 жылы Сильвио Берлускони Астанада өткен ЕҚЫҰ (ОБСЕ) Саммитіне қатысты. Пленарлық отырыста сөйлеген сөзінде ол ЕҚЫҰ құрылымдарының дағдарыс аймақтарында жылдам әрекет ету механизмдерін құру қажеттігін атап өтті. Ол 130 ұлт пен 46 түрлі конфессия өкілдері татулық пен келісімде өмір сүріп жатқан Қазақстанның тәжірибесін зерттеуге шақырды: «Бұл бәріміз үшін жақсы үлгі. Өкінішке орай, Еуропада, Балқанда, әртүрлі мәдениеттер мен конфессияларға негізделген қауымдастықтар арасындағы жанжалдардың неге әкелетінін көрдік, олардың арасында, өкінішке орай, кейде қақтығыстар туындайды».
2012 жылы ол Mediaset холдингіндегі салықтан жалтару және қаржылық алаяқтық ісі бойынша кінәлі деп танылып, мемлекеттік лауазымдарды атқаруға тыйым салына отырып, төрт жылға бас бостандығынан айрылады. 2014 жылы үкім қоғамдық жұмыстармен алмастырылады, ал 2018 жылы саясаткер толығымен ақталды. Саяси мансабы кезінде Сильвио Берлускониге қарсы барлығы 80-ге жуық сот ісі қозғалды, олардың көпшілігінің елеулі салдары болған жоқ.
2019–2022 жылдары Италиядан сайланған Еуропарламент мүшесі болды. 2022 жылы ол қайтадан Сенатқа сайланды.
Ол 2023 жылы ұзаққа созылған аурудан қайтыс болды.
Дереккөздер
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу