Басты бетке қайту

Бағаны ырықтандыру (мемлекеттік бақылаудан босату)

Бағаны ырықтандыру («еркін бағалар») – тауарлар мен қызметтердің бағасын қоюда мемлекеттік реттеуді қысқартуға бағытталған экономикалық саясат. Мемлекет бағаларды белгілеуді тоқтатып, нарыққа бәсекелестік арқылы өздігінен реттелуге және бағаларды қоюға мүмкіндік береді. Өндірушілер мен жеткізушілер өз өнімдері мен қызметтерінің бағасын ағымдағы сұранысқа және нарық конъюнктурасына сәйкес белгілеуге құқылы. Нәтижесінде бағалар икемді болып, тауарлар мен қызметтердің нақты құнын көрсетеді деп болжанды.

Бағаны ырықтандыру көбінесе кең ауқымды реформалардың бір бөлігі болып табылады және елдің экономикалық жүйесін қайта құру, атап айтқанда, орталықтандырылған экономикадан (мемлекет барлық экономикалық параметрлерді, бағалар мен өндіріс көлемін бақылайды) нарықтық экономикаға (басты қағида – сұраныс пен ұсыныстың тепе-теңдігі) көшу аясында жүзеге асады.

 Бағаны ырықтандыру жалпы (бағалар мен тарифтердің барлық түрлері бойынша) немесе ішінара (мемлекет бағаны ішінара реттеуді сақтап қалады, мысалы, табиғи монополияларға немесе әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен қызметтер топтарына) болуы мүмкін.

Процесті жүргізудің оң және теріс салдары бар. Бағаны ырықтандырудың басты артықшылықтарының бірі – экономикалық өсуді және дамуды ынталандыру. Ол кәсіпкерлерді артық мемлекеттік араласудан босатады және оларға өз қызметін нақты нарықтық жағдайларға сәйкес жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл бәсекелестікті ынталандыруға, кәсіпкерлікті дамытуға және тауарлар мен қызметтердің сапасын арттыруға ықпал етеді.

Алайда, нарық ерекшелігін және нақты елдің жағдайын ескерместен, тиісті дайындықсыз және экономиканы тұрақтандыру шараларынсыз бағаны ырықтандыру инфляцияның өсуіне және халықтың кейбір топтары үшін әлеуметтік қорғаудың жоғалуына әкелуі мүмкін. Тауарлар мен қызметтер бағасының өсуі табысы төмен азаматтар үшін тым ауыр болып, халықтың өмір сүру деңгейінің күрт төмендеуіне және әлеуметтік тұрақсыздыққа ұласады.

Бағаны ырықтандырудың «шок» әдісімен жүргізіліп, халықтың басым көпшілігінің тұрмыс деңгейін күрт нашарлатқан мысалы — 1990-шы жылдардың басындағы бұрынғы Кеңес Одағы республикаларындағы экономикалық реформалар. Кеңес Одағының экономикасында мемлекет өндірілетін тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің басым көпшілігінің бағасын орталықтандырылған түрде белгіледі. 1980-ші жылдардың соңындағы экономикадағы теңгерімсіздік пен саяси проблемалар, сайып келгенде, Кеңес Одағының ыдырауына әкелді. Олардың барлығында дерлік бірінші кезектегі шаралар ретінде экономикаға нарықтық механизмдерді, соның ішінде бағаны ырықтандыру, енгізу бойынша шаралар қабылданды.

Қазақстанда 1992 жылғы 3 қаңтарда Республиканың Тұңғыш Президенті «Бағаны ырықтандыру шаралары туралы» Жарлыққа қол қойды, ол 1992 жылғы 6 қаңтардан бастап мемлекеттік баға белгілеуді жойды. Тәуелсіз Қазақстанның нарықтық экономикасын құру жолындағы алғашқы қадам болған бұл реформа өтпелі кезеңнің ең ауыр реформаларының бірі болып, гиперинфляцияны және барлық тауарлар мен қызметтер бағасының бірден бірнеше есе артудан бастады. 1992 жылы инфляция шамамен 3 000 пайызға жетті.

Жағдайдың барлық күрделілігін түсінген Мемлекет басшысы 14 қаңтарда Қазақстан халқына Үндеу жасады. Ол нарыққа балама жоқ екенін және бағаның өсу процесі сөзсіз болатынын тағы да атап өтті. Үндеуден екі күн бұрын Қазақстан Республикасы Президентінің «Бағаны ырықтандыру жағдайында халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі қосымша шаралар туралы» Жарлығына қол қойылды.


Қазақстан Республикасы Президентінің «Бағаны ырықтандыру жағдайында халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі қосымша шаралар туралы» Жарлығы
Дереккөз: E-history.kz

Бағаның «шок» өсуін біршама жұмсарту және халықты қолдау үшін үкімет негізгі азық-түлік өнімдерінің (нан мен ұн, сүт өнімдері, тұз, қант, өсімдік майы, алкогольдік сусындар), мұнай өнімдерінің, пәтерақының, коммуналдық қызметтердің және жолаушылар көлігі қызметтерінің бөлшек сауда бағасын бақылауда ұстады. Пәтерақы тарифтерін қоспағанда, реттелетін тауарлар мен қызметтердің бағасы 3-тен 5 есеге дейін өсті. Қазақстанда еркін баға белгілеуге көшу сатылы түрде жүргізілді және шамамен үш жылға созылды.

 

Дереккөздер:

DKN

Neftegaz

 

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу