1962 жылғы 28 шілде мен 6 тамыз аралығында Финляндия астанасы Хельсинки қаласында Жастар мен студенттердің VIII Бүкіләлемдік фестивалі өтті.

Хельсинкидегі Жастар мен студенттердің VIII Халықаралық фестивалінің белгісі. 1962 ж.
Дереккөз: Федералдық мұрағат агенттігі (Росархив)
Бұл (1959 жылы Австрияның Вена қаласындағы фестивальдан кейін) капиталистік елде өткен екінші жастар форумы болатын. Ұйымдастырушысы Дүниежүзілік демократиялық жастар федерациясы мен Халықаралық студенттер одағы сияқты социалистік бағыттағы жастар қозғалыстарын біріктіретін ірі ұйымдар еді. Халықаралық кездесуді дайындау мен өткізуде Кеңес Одағының құрылымдары, атап айтқанда Бүкілодақтық Лениндік Коммунистік Жастар Одағы (БЛКЖО) және Кеңес Одағының Жастар Ұйымдары Комитеті (ЖҰК) маңызды рөл атқарды.
«Қырғи қабақ соғыстың» (Кеңес Одағы бастаған социалистік елдер мен АҚШ бастаған капиталистік лагерь арасындағы қарсы тұру) нағыз қызған кезінде өткен форум басталмай тұрып идеологиялық қақтығыстар алаңына айналды. Батыс үгіт-насихаты Хельсинкидегі жастар фестивалін «коммунистік тулар астында» бойкоттау қажеттілігі туралы тезисті алға тартып, «социалистік лагерь» елдерінің жастарымен пікірталас өткізудің «орынсыздығы мен мағынасыздығын» баса көрсетті. Бірқатар капиталистік елдер өздерінің жастар құрылымдарының өкілдеріне фестивальге баруға тыйым салды. Мысалы, фестивальде Германия Федеративтік Республикасының (ГФР) жастары болған жоқ. Бұдан басқа, АҚШ Ұлыбританиямен бірлесіп, Швейцария мәдени орталығы, «Қалта Інжілі лигасы» (The Pocket Testament League) және басқа да бірқатар ұйымдар қолдаған «қарсы-фестиваль» ұйымдастырды.
Финляндияның өзінде антисоциалистік бағыттағы бірқатар ұйымдар да фестивальдің өтуіне қарсы шықты. Форумның беделін түсіру және ұйымдастырылған іс-шараларды бұзу үшін, Хельсинкиге келген көрші елдердің тұрғындарынан тұратын арнайы топтар құрылды. Олар антикоммунистік ұрандармен демонстрациялар мен пикеттерге шығып, темекімен күйдірілген КСРО және басқа социалистік елдердің туларын көтерді. Фестиваль өтіп жатқан кезеңде мерекелік іс-шаралардың шырқын бұзу әрекеттері жасалды, наразылық акциялары ұйымдастырылды, Хельсинки көшелерінде фестивальге қарсы жарнамасы бар автомобильдер жүріп, фестиваль қатысушыларын Батысқа қашуға шақыратын үндеулер айтылды. Кеңестік делегация отырған автобусқа тас лақтырылды.
Форум қатысушыларының айтуы бойынша, Хельсинки портында «Матильда» атты америкалық кеме тұрақтаған, онда тегін антикоммунистік әдебиет таратылып, виски мен басқа да ішімдіктер құйылған «студенттер бары»ұйымдастырылған.
Осыған қарамастан, «Бейбітшілік пен достық үшін!» ұранымен өткен Хельсинкидегі фестивальдің басты лейтмотиві халықтардың бейбіт қатар өмір сүруі және дүниежүзілік соғысқа жол бермеу идеясы болды. Фестивальге әлемнің 137 елінен 1500 ұйым мен 76 ұлттық жастар одағынан келген 18 мың адам қатысты. Кеңес Одағының делегациясы шамамен 700 адамды құрады. Делегация құрамында Қазақстаннан келген жас металлург, болашақ Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та болған еді.
Фестиваль қозғалысының тарихында тұңғыш рет Финляндия астанасында Халықаралық клуб ашылды, бұл алаңда пікірталастар, конкурстар, балдар, концерттер мен көрмелер өткізілді. Фестивальдің құрметті қонағы Юрий Гагарин (тұңғыш ғарышкер) форумға қатысушыларға сөйлеген сөзінде: «Мен сіздердің орталарыңызда болғаныма, жүздеріңіздегі күлкіні көріп, бейбітшілік пен достыққа деген ниеттеріңізді көргеніме қатты қуаныштымын», – деп мәлімдеді.
Дереккөздер:
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу