Басты бетке қайту

Хрущевтің КОКП ОК Бірінші хатшысы қызметінен алынуы

Никита Хрущев 1953 жылдың қыркүйегінен бастап Кеңес Одағы Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің (КОКП ОК) Бірінші хатшысы және 1958 жылдың наурызынан бастап КСРО Министрлер Кеңесінің Төрағасы қызметін атқарды.

60-шы жылдардың басына қарай Никита Хрущевтің биліктегі жағдайы оның ішкі және сыртқы саясатының тиімсіздігі салдарынан тұрақсыз бола бастады.

1957 жылдан 1964 жылға дейінгі кезеңде сыртқы саяси бағыт Қытаймен қарым-қатынастың нашарлауына және Албаниямен толық үзілуіне әкелді. Израильмен қарым-қатынас нашарлады, ал АҚШ-пен текетірес 1962 жылы Кариб дағдарысына ұласты.

Ішкі саясатта да Никита Хрущевтің жұмыс нәтижесі қарама-қайшы болатын. Ауыл шаруашылығында жүргізілген реформалар керекті нәтиже бермеді. Бұл жерлерді өңдеу технологияларының жоқтығынан туындаған тың жерлердегі өнімсіздік, жүгеріні жаппай егу әрекеттері, «халықтың жан басына шаққандағы ет, сүт және май өндіру бойынша Американы қуып жетіп, басып озу» туралы орындалмайтын жоспарлар күйреумен аяқталып, соңында елде ет пен майдың ғана емес, нанның да жетіспеуіне алып келді.

Жұмысшылардың жағдайы нашарлап, әлеуметтік шиеленіс өсе түсті. КСРО-ның жекелеген қалаларында жұмысшылар мен азаматтар арасында жаппай наразылықтар басталды. Олардың ең белгілісі 1962 жылы Новочеркасск қаласында болып, жұмысшылар демонстрациясын атқылаумен аяқталды.

Никита Хрущевтің 1964 жылдың қазан айында КОКП Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы қызметінен ығыстырылуы Леонид Брежнев пен Михаил Сусловты қоса алғанда, бірнеше жоғары лауазымды кеңес шенеуніктері маңызды рөл атқарған күрделі жасырын келісімнің нәтижесі еді.

Тарихшылар ығыстырудың бір факторы Никита Хрущевтің өз сөзі болғанын атап өтеді. Ол сөзінде қазіргі биліктің жасы келгенін және билікті бірнеше жыл ішінде келесі буынға беру керегін атап көрсеткен.

1964 жылдың қыркүйегінде Никита Хрущев Мәскеуден кетіп, бірнеше аптаға Қырымға демалысқа аттанады. Мұндай жағдай кеңес партиясының жоғарғы буынына пленумға қажетті процедуралық дайындықты жүргізуге және ойластырылған қызметтен алудың соңғы бөлшектерін келісуге мүмкіндік береді.

12 қазанда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Төрағасы Леонид Брежнев Никита Хрущевке қоңырау шалып, оны жақын 8 жылға арналған жоспарды келісу және негізгі мәселелерді шешу қажет болатын КОКП ОК шұғыл отырысына демалыстан шақырады. Никита Хрущев демалысын тоқтатуға келісіп, Мәскеуге ұшып келеді.

13 қазан күні таңертең ол пленум отырысына келtді. Онда Леонид Брежнев бірінші болып Никита Хрущевке қарсы ұжымдық айыптаумен сөз сөйлеп, оны ел басқарудағы стратегиялық қателіктерге және жеке басына табынуды орнатуға әрекет етті деп айыптаqды. Бірінші хатшы өзін қорғауға және айтылған айыптауларға қарсы тұруға тырысты, бірақ бұл ешқандай нәтиже бермеді.

13 және 14 қазан күндері өктен отырыстар төтенше оқиғасыз өтті. Әрбір сөйлеуші өз бағыттары бойынша Никита Хрущевтің саясатын сынады. Олардың ішінде Коммунистік партияның екінші хатшысы қызметін атқарған Михаил Суслов та болды. Өз баяндамасында Михаил Суслов Никита Хрущевтің жұмысында, партия мен үкіметті басқаруда ірі қателіктер жібергенін, ойланбаған, асығыс шешімдер қабылдағанын және ұйымдастырушылық аласапыранға жол бергенін айтты. Ол Никита Хрущевті барлық билікті өз қолына шоғырландырып, оны теріс пайдалана бастады және КОКП ОК Президиумының мүшелерімен санаспай кетті деп айыптады. Саяси Бюро мүшелерінің ішінен тек Анастас Микоян ғана Никита Хрущевті қорғап сөйледі, бірақ бұл жалпы жағдайды өзгерткен жоқ.

14 қазанда Никита Хрущев қызметтен кету туралы өтінішке қол қоюға келісті. Сол күні кешке КОКП ОК Пленумы оны КОКП ОК Бірінші хатшысы қызметінен босатып, ОК Президиумының құрамынан «денсаулығына байланысты» деген себеппен шығарды. Сонымен қатар, Пленум бұдан әрі партия мен үкімет басшысы лауазымдарын біріктіруді орынсыз деп таныды. Келесі күні КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Хрущев кеңес үкіметінің басшысы қызметінен де босатылды.


КОКП ОК Пленумының 1964 жылғы 14 қазандағы Қаулысы
Дереккөз: Комсомольская правда 

Никита Хрущев қызметінен шеттетілгеннен кейін КСРО Министрлер Кеңесінің Төрағасы (Үкімет басшысы) қызметін Андрей Косыгин атқарды, ал КОКП ОК жаңа Бірінші хатшысы болып Леонид Брежнев сайланды.

Қызметтен кеткеннен кейін Хрущев Мәскеу түбіндегі саяжайға қоныстанып, өзінің мемуарын жазды. 1971 жылы қайтыс болды.

 

Дереккөздер:

Википедия

Ресей тарихы

Ведомости

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу