
Джордж Гершвин
Дереккөз: Википедия
Джордж Гершвин (туған кездегі есімі Яков (Джейкоб)) 1898 жылы 26 қыркүйекте Нью-Йорк қаласының Бруклин ауданында (АҚШ) Ресей империясынан келген еврей эмигранттарының отбасында дүниеге келді. Ол фортепианода ойнауды өз бетінше үйреніп, жас кезінен бастап мейрамханалар мен дүкендерде өнер көрсетіп, музыкадан ақша таба бастайды.
1914 жылы ол «Джером Ремик және компания» музыкалық баспасында аккомпаниатор болып жұмыс істеп, музыкамен кәсіби түрде айналыса бастайды. Екі жылдан кейін жас композитордың алғашқы авторлық туындысы – «When You Want ’Em, You Can’t Get ’Em» жарық көреді.
Джордж Гершвин өз шығармашылығында еуропалық классика мен афроамерикалық джаз дәстүрлерін біріктірген XX ғасырдың ең ықпалды америкалық композиторлардың бірі ретінде танылды. Композиторға әлемдік даңқты оның афроамерикалықтардың өмірі туралы Дюбоз Хейвардтың романы негізінде жазылған «Порги мен Бесс» операсы әкелді. Оның ең танымал шығармалары: «Көк түстегі рапсодия» (Rhapsody in Blue, 1924) және «Париждегі америкалық» (An American in Paris, 1928). «Swanee» (1919) және «Fascinating Rhythm» (1924) әндері, «Embraceable You» (1928) және «I Got Rhythm» (1930) джаз стандарттары, әйгілі «Summertime» хиті кірген «Порги мен Бесс» (1935) операсы.
Джордж Гершвиннің музыкасын Қазақстанда да біледі және бағалайды. 2018 жылдың сәуір айында Алматыдағы Лермонтов атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрында Джордж Гершвиннің өмірі мен шығармашылығына арналған «Мені Джордж деп атаңыз» атты музыкалық қойылым қойылды. Осылайша алматылық театр мен музыка қайраткерлері ЮНЕСКО бекіткен Халықаралық джаз күнін атап өтті.
Дереккөздер:
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу