
Эдвард Герек
Дереккөз: Википедия
Эдвард Герек 1913 жылы 6 қаңтарда Ресей империясының Польша патшалығындағы Поромбка ауылында (қазіргі Сосновец қаласының ауданы) шахтердің отбасында дүниеге келеді. 1923 жылы анасымен бірге Францияға эмиграциялайды, 1926 –1934 жылдары көмір шахталарында жұмыс істейді. 1931 жылы Франция коммунистік партиясының қатарына кірді. 1934 жылы шахтерлер ереуіліне қатысқаны үшін тұтқындалып, Польшаға жер аударылды, көп ұзамай әскерге шақырылды. 1937 жылы Бельгияға эмиграциялап, көмір шахтасында кенші болып жұмыс істейді. Сол жылы Бельгия компартиясына кіреді. Бельгияны неміс әскерлері басып алған кезде (1940–1944) – Қарсыласу қозғалысының белсенді қатысушысы болды.
1948 жылы Эдвард Герек Польшаға оралып, партиялық мансабын бастайды. 1957 жылдан бастап ол Польша біріккен жұмысшы партиясының (ПБЖП) Катовице аймақтық комитетін басқарады және нәтижелі, ашық көшбасшы ретінде танымал болады.
1970 жылы Эдвард Герек ПБЖП Орталық комитетінің (ОК) Бірінші хатшысы қызметіне, яғни мемлекеттің іс жүзіндегі басшысы болып сайланады. Оның саясаты шетелдік несиелердің көмегімен экономиканы жаңғыртуға және Батыспен қарым-қатынасты жақсартуға бағытталды. Социалистік экономикаға нарықтық элементтер енгізіліп, жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) және халықтың нақты табысының өсуіне қол жетті. Қоғамдық және саяси өмір біршама либерализацияланады.
Эдвард Герек оппозицияны жұмсақ басуды, қоғамдық ымыраға келуді жақтады. Ол католик шіркеуімен ынтымақтастық орнатып, Рим Папасы II Иоанн Павелдің Польшаға сапарына рұқсат берді (1979), бұл қоғамда партияға деген қарсылықты арттырды.
1976 жылдан бастап ол бағаның өсуіне байланысты жұмысшылардың жаппай наразылығына тап болды. Өсіп келе жатқан сыртқы қарыз бен үкіметтің тиімсіздігі себепті елде экономикалық дағдарыс өрши бастады. 1980 жылы жаппай наразылықтар, экономиикалық проблемалар және елдегі саяси дағдарысқа («Солидарность» кәсіподағының қызметі) байланысты ол отставкаға кетеді. Орнына бұрыннан келе жатқан саяси қарсыласы Станислав Каня келді.
Зейнетке шыққан соң саяси қуғын-сүргінге ұшырап, 1981 жылы партиядан шығарылады және дағдарысқа кінәлі деп жарияланады. Кейін саясаттан алыстап, провинцияда тұрды, Польшадағы 1970 жылдардағы саяси жағдай туралы егжей-тегжейлі естеліктер қалдырды.
Ол 2001 жылы 29 шілдеде Польшаның Цешин қаласындағы ауруханада қайтыс болды.
Дереккөздер:
Большая российская энциклопедия (2004–2017)
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу