Басты бетке қайту

Халықаралық валюта қоры (ХВҚ)


Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) эмблемасы
Дереккөз: Халықаралық валюта қорының ресми сайты

Халықаралық Валюта Қоры (ХВҚ) — әлемдік қаржы жүйесінің тұрақтылығын сақтау мақсатында құрылған Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) мамандандырылған мекемесі.

ХВҚ Екінші дүниежүзілік соғыстың соңында, Гитлерге қарсы коалиция елдері соғыстан кейінгі экономикалық құрылымның жоспарларын әзірлей бастаған кезде құрылды. 1944 жылдың шілдесінде АҚШ-тың Бреттон-Вудс қаласында Біріккен Ұлттардың Валюталық-қаржылық конференциясы өтті. 44 одақтас елдің өкілдері жаһандық ынтымақтастыққа негізделген жаңа экономикалық тәртіпті жоспарлау үшін кездесті.

Бреттон-Вудс конференциясы айырбас бағамдарын тұрақтандыруға тиіс жаңа халықаралық валюта жүйесін құрды. Доллар тікелей алтынға байланған жалғыз валютаға айналды, ал басқа елдер өз валюталарының долларға қатысты тұрақты бағамдарын белгіледі. Конференцияда делегаттар осы жаңа жүйені реттеуі тиіс Халықаралық валюта қорын құру туралы келісімге қол қойды. ХВҚ құру туралы келісім 1945 жылғы 27 желтоқсанда күшіне енді.


Бреттон-Вудс конференциясының отырысы
Дереккөз: Britannica

Бреттон-Вудс жүйесі тек 1971 жылға дейін өмір сүрсе де (ол кезде валюталардың тіркелген бағамдары өзгермелі (қалқымалы) бағамдарға ауысты), Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) өз қызметін жалғастыруда. ХВҚ үш негізгі миссиясы бар. Олар: халықаралық валюталық ынтымақтастыққа жәрдемдесу, сауданың кеңеюін және экономикалық өсуді ынталандыру және қаржы жүйесіне зиян келтіруі мүмкін саясатқа қарсы тұру.

ХВҚ-ның негізгі міндеттерінің бірі – мүше елдердің экономикалық және қаржылық саясатына мониторинг жүргізу және экономикалық өсуді қолдау мен қаржылық тұрақтылыққа жәрдемдесу үшін оларға саяси ұсыныстар беру. ХВҚ-ның тағы бір негізгі функциясы – мұқтаж мүше елдерге несиелер беру. Несие беру шарттары міндетті реформаларды (саяси және экономикалық қайта құруларды) қамтиды.

Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) сондай-ақ елдерге салық жинауды жақсартуға, мемлекеттік қаржыны нығайтуға, өзінің ақша-кредит және валюта саясатын жаңғыртуға және т.б. көмектесу үшін техникалық көмек пен оқытуды ұсынады. ХВҚ ресурстары негізінен елдер капиталға жарна (квота) ретінде төлейтін ақшадан түседі. Квоталар бес жыл сайын қайта қаралады және әр елдің экономикалық көрсеткіштеріне негізделген – ел неғұрлым бай болса, оның квотасы соғұрлым көп болады. Квоталар қарыз қаражатының пулын құрайды және әр елдің қанша ақша қарыз ала алатынын, сондай-ақ шешім қабылдауда қанша дауысқа ие болатынын анықтайды. ХВҚ-ның басты доноры - АҚШ, оларға жалпы квота көлемінің шамамен 17%-ы тиесілі.


Халықаралық Валюта-қаржы комитетінің отырысы
Дереккөз: Қазақстан Ұлттық банкінің ресми сайты

ХВҚ құрамына 191 ел кіреді; ұйымның штаб-пәтері АҚШ астанасы Вашингтонда орналасқан.

Қазақстан Республикасы ХВҚ-ға 1992 жылы мүше болды. Қазақстан Ұлттық Банкі ХВҚ-мен кең ауқымды мәселелер бойынша ынтымақтасады.

2023 жылы Алматыда Кавказ, Орталық Азия және Моңғолия елдерінің ХВҚ-ның Әлеуетті дамыту жөніндегі Өңірлік орталығының ашылу салтанаты өтті. Оған ХВҚ-ның басқарушы директоры Кристалина Георгиева және ҚР Ұлттық Банкінің төрағасы Ғалымжан Пірматов қатысты.


ХВҚ Өңірлік орталығының Алматыдағы ашылу салтанаты
Дереккөз: Қазақстан Ұлттық банкінің ресми сайты

 

Дереккөздер:

ХВҚ ресми сайты 

Britannica энциклопедиясы

Қазақстан Ұлттық банкінің ресми сайты

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу