Басты бетке қайту

Николай Гоголь (1809-1852)


Николай Гоголь. Фёдор Моллер салған портрет, 1840-шы жылдар
Дереккөз: Википедия

Николай Васильевич Гоголь 1809 жылы 20 наурызда Ресей империясының Полтава губерниясындағы Сорочинцы ауылында көп балалы помещик отбасында үшінші бала болып дүниеге келеді. Ол Полтава училищесінде, кейіннен князь Безбородко атындағы Нежин жоғары ғылымдар гимназиясында оқып, заңды зерттейді. Жас кезінде театрға қызығады, мектеп қойылымдарына қатысады.

1828 жылы Санкт-Петербургке көшіп, шенді қызметкер болып жұмыс істейді. Ол өзін театрда және әдеби шығармашылықта сынап көреді. Алайда, оның актерлік мансабы сәтсіз болады, сол себепті ол назарын әдебиетке аударады.

Николай Гогольге 1831–1832 жылдары жарық көрген екі бөлімді «Диканька маңындағы хутордағы кештер» повесть жинағы танымалдық әкеледі. Украиндық мистикалық аңыздарға негізделген бұл кітап жоғары бағаға ие болады. Атап айтқанда, жас жазушының шығармашылығына Александр Пушкин жоғары баға береді, жинақтың «нағыз көңілділігін» және поэтикалығын ерекше атап өтеді. Николай Гогольдің бұл шығармаларда жасаған украин табиғатының поэтикалық сипаттамалары әлі күнге дейін теңдесі жоқ деп саналады.

Ең танымал үзінділердің бірі – «Қорқынышты кек» повесіндегі Днепрдің суреттемесі: «Тыныш ауа райында Днепрдің әдемілігі айрықша, ол ормандар мен таулар арқылы суын еркін және баяу ағызады...»

1835 жылы жазушы «Арабески» және «Миргород» жинақтарын шығарады, оларға көркем шығармалармен қатар («Жындының жазбалары», «Ескі заман помещиктері», «Тарас Бульба», «Вий» повестері) тарихқа қатысты очерктер мен әдеби сын қосылады. Осы шығармалардан бастап Николай Гоголь шығармашылығындағы негізгі тақырыптық желілердің бірі – «кішкентай адамның» тақырыбы, яғни рухани кедейлікке, ұсақтыққа және шенеуніктік немқұрайлылыққа батқан қоғамдағы оның трагедиясы басталады. Тағы бір маңызды тақырып – Петербург тақырыбы, «астаналық ұсақтық» және үлкен қаланың фантасмагориялық сипаты. Бұл тақырып жазушының кейінгі «петербург повестерінде» – «Мұрын», «Күйме», «Шинель» – көрініс табады.

Николай Гогольдің драматургиялық шығармашылығының шыңы 1836 жылы жарық көрген және сол жылы Санкт-Петербургтегі Александрин театрында қойылған «Ревизор» комедиясы болды. Комедияның сюжетін авторға Александр Пушкин ұсынған еді. Николай Гоголь пьесаны сахнаға қоюға өзі қатысып, мизансценалар мен актерлердің костюмдері бойынша ұсыныстар береді. Спектакльді тамашалаған Ресей императоры I Николай провинциялық парақор шенеуніктер туралы оқиғаға қатты тәнті болып, өз министрлеріне осы қойылымды көруді бұйырды.

 1836–1848 жылдары Николай Гоголь Еуропада тұрып, жұмыс істейді. 1842 жылы Ресейде оның ауқымды «Өлі жандар» («Мертвые души») роман-поэмасының бірінші томы жарық көрді. Шығарма үш бөлімнен тұрады деп жоспарланған болатын, алайда ауыр рухани және шығармашылық дағдарыстың салдарынан автор өзі жазып біткен екінші томның қолжазбасын 1852 жылы, өлер алдында, өртеп жібереді, сол себепті шығарма аяқталмай қалады.

Николай Гоголь 1852 жылы 4 наурызда Мәскеуде, 43 жаста қайтыс болады. Ол Данилов монастырының зиратында жерленеді. 1931 жылы, монастырь жабылғаннан кейін көп ұзамай, жазушының сүйегі Новодевичье зиратына ауыстырылды.

Николай Гогольдің орыс және әлем әдебиетіне ықпалы орасан зор: оның шығармашылығы орыс реализмінің, сатиралық және фольклорлық мотивтердің, тарихи және философиялық-мистикалық туындылардың дамуына ықпал етті. Николай Гогольдің шығармалары орыс мәдениетінің ғана емес, әлемдік мәдениеттің «алтын қорына» кіреді. Оның туындылары мектептер мен жоғары оқу орындарында оқытылады, әлі күнге дейін қайта басылып, экрандалып, сахнада қойылып келеді. Оның есімімен көшелер, алаңдар, оқу орындары, кітапханалар және театрлар аталады. Жазушыға әлемнің әртүрлі қалаларында 15-тен астам ескерткіш орнатылған. 2004 жылы Қазақстандағы Ресей жылы іс-шаралары аясында, жазушының туғанына 200 жыл толуына орай, Қарағандыда Николай Гогольге арналған ескерткіш ашылды.


Қарағандыдағы Николай Гоголь ескерткіші (Қазақстан)
Дереккөз: Википедия

Николай Гогольдің туындылары Қазақстанның оқу бағдарламаларынан берік орын алған. Бүгінде мектептерде «Рождество қарсаңындағы түн» хикаясы мен «Өлі жандар» романы оқытылады. Оның шығармалары қазақ тіліне бірнеше рет сәтті аударылған: атап айтқанда, 1932 жылы Қадыр Тайшықов «Өлі жандарды» қазақша сөйлетсе, «Ревизор» комедиясының өзін Мұхтар Әуезов пен Жүсіпбек Аймауытов сияқты ұлы тұлғалар тәржімалаған.

 

Дереккөздер:

ТАСС

Үлкен Ресей энциклопедиясы

Википедия

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу