XIX ғасырдың соңында Үндіқытай (Оңтүстік-Шығыс Азиядағы түбек) аумағы Францияның отарына айналды. 1887 жылы қазіргі Вьетнам, Камбоджа және Лаос аумақтарын қамтыған «Үндіқытай одағы» құрылды. Отар аумағында отарлаушыларға қарсы көтерілістер бірнеше рет бұрқ етіп шықты, бірақ олар француз үкіметі тарапынан қатыгездікпен басып тасталды. Үндіқытай пайдалы қазбалардың бай қоры бар және азық-түлік жеткізетін Азиядағы Францияның ең бай отары болды.
1940–1945 жылдары, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Үндіқытайды жапон әскерлері басып алды. 1941 жылы Вьетнамда Франция мен Жапониядан ел тәуелсіздігі үшін күрескен «Вьетминь» (Вьетнам тәуелсіздігі Лигасы) әскери-саяси ұйымы құрылды. Жауынгерлік партизан отрядтарын құру, әскери базалар салу және кадрларды оқыту жұмыстары басталды.
Жапония Екінші дүниежүзілік соғыста тізе бүккеннен кейін, 1945 жылдың тамызында Вьетминь осы жағдайды пайдаланып, көтеріліс жариялады және айтарлықтай қарсылыққа ұшырамай, Вьетнам аумағының көп бөлігінде өз билігін орнатты. 1945 жылдың 2 қыркүйегінде Вьетнам Демократиялық Республикасының (ВДР) құрылғаны жарияланды.
Француз билігі Вьетнамдағы өздерінің отарлық билігін қалпына келтіруге тырысып, бірқатар қарулы арандатушылықтар жасады. Атап айтқанда, Хайфон порты атқыланды, бұл кезде көптеген бейбіт тұрғын қаза тапты.
1946 жылдың 19 желтоқсанында француз қолбасшылығы Вьетнам Демократиялық Республикасынан өз армиясын қарусыздандыруды талап етті. ВДР басшылығы бұл талаптан бас тартып, қарсыластың күшін сарқып бітуге бағытталған ұзаққа созылатын халық соғысы стратегиясына көшу туралы шешім қабылдады. Осылайша, сегіз жылға созылған және Францияның толық жеңілісімен аяқталған Бірінші Үндіқытай соғысы басталды.
Бұл соғыста Вьетнам Демократиялық Республикасына жалпы саны 190 мың сарбаз бен офицерден тұратын және 55 мың адам қосалқы бөлімдерде болған отарлық француз әскерлері, сондай-ақ 1949 жылы елдің оңтүстігінде құрылған және француздардың бақылауында болған 150 мыңдық Вьетнам Мемлекетінің Армиясы қарсы тұрды. Францияға Ұлыбритания мен Америка Құрама Штаттары (АҚШ) қолдау көрсетті. Француз күштері салыстырмалы түрде жақсы қаруланған және дайындалған болғанымен, вьетнамдықтардың қарсылығы жалпыхалықтық сипат алды, ал соғыс тез арада партизандық қозғалысқа айналды – Вьетнамның өзінде Бірінші Үндіқытай соғысы «Қарсыласу соғысы» деп аталады.
Үндіқытайдағы соғыс Франция үшін бірте-бірте қиындық туғыза бастады, күш пен қаржылық шығынды барған сайын көбірек қажет етті. Вьетминь жағында француздарға қарсы партизандық соғысқа Камбоджа мен Лаостағы көтерілісшілер қосылды. 1950 жылдың қаңтарында Кеңес Одағы мен Қытай Халық Республикасы Вьетнам Демократиялық Республикасының үкіметін вьетнам халқы билігінің жалғыз заңды органы деп таныды. КСРО мен Қытайдан вьетнамдық патриоттарға көмек келе бастады.
1954 жылдың басында Дьенбьенфу бекінісінің жанында шешуші шайқас өтті. Шайқасқа вьетнам армиясының төрт дивизиясы қатысты, ал ұрыс қимылдары 1954 жылдың 13 наурызынан 7 мамырына дейін – 54 күнгесозылды. Француз қолбасшылығы жіберген көптеген қателіктердің нәтижесінде, солтүстіквьетнамдық әскерлер француз күштеріне күйрететін соққы берді. Француз гарнизоны тізе бүкті, екі мыңнан астам француз сарбазы мен офицері қаза тауып, он бір мыңға жуығы тұтқынға түсті.
Осылайша, Үндіқытай соғысы аяқталды. 1954 жылдың 21 шілдесінде Франция Женева келісіміне қол қоюға және оқ атуды тоқтатып, ВДР аумағынан кетуге мәжбүр болды. Келісімдер Вьетнам, Лаос және Камбоджаның бейтараптығын жариялады. Вьетнам 17-ші параллель бойынша уақытша екі бөлікке бөлінді, онда демилитаризацияланған аймақ құрылды: солтүстік бөлігінде социалистік билік басқарған Вьетнам Демократиялық Республикасы (астанасы – Ханой), ал оңтүстік бөлігінде про-батыс саясаткерлер билікке келген Вьетнам Республикасы (астанасы – Сайгон, қазіргі Хошимин) орналасты.

1954 жылғы Женева конференциясынан кейінгі Үндіқытай
Дереккөз: Энциклопедия Кольера
Вьетнамның бөлінуі уақытша шара ретінде қарастырылды. Елді қайта біріктіру үшін 1956 жылға қарай 17-ші параллельдің екі жағында да референдум өткізу жоспарланған болатын. Алайда, іс жүзінде Оңтүстік және Солтүстік Вьетнамның бірігуі тек 1976 жылы ғана жүзеге асты.
Дереккөздер:
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу