
Иоганн фон Гёте. Йозеф Карл Штилердің жұмысы, 1828 ж.
Дереккөз: Википедия
Иоганн Вольфганг фон Гёте 1749 жылы 28 тамызда Майндағы Франкфуртта (Германия) дәулетті отбасында дүниеге келеді. Ол жан-жақты білім алып, жасөспірім шағында латын және грек тілдерін қоса алғанда, бірнеше тілді меңгереді. Сегіз жасында алғашқы өлеңдері мен пьесаларын жаза бастайды. 1765 жылы Лейпциг университетіне оқуға түскенімен, ауруына байланысты оқуын тастауға мәжбүр болады. Кейін Страсбург университетін бітіріп, біраз уақыт адвокаттық қызметпен айналысады.
1773 жылы Иоганн Гётенің «Гец фон Берлихинген» атты тарихи пьесасы жарық көрді. Бұл драма үлкен табыс әкеліп, авторға атақ-даңқ сыйлады және оны «Боран мен шабуыл» («Буря и натиск») әдеби қозғалысының (ерте неміс романтизмінің өкілдері, олар өз шығармашылығын рационализмнен бас тартуға, шексіз эмоционалдыққа және күшті құмарлықтарды сипаттауға негіздеді) жетекші өкілі етті. Иоганн Гётенің бастапқы кездегі шығармалары махаббат сезімдерінен жиі шабыт алады. Оның ең танымал туындыларының бірі – сентименталды «Жас Вертердің қасіреті» романы досының әйелі Шарлотта Буффқа деген платондық махаббатын саралау нәтижесінде туындаған. Үйленген ханымға деген сүйіспеншілігі үшін ақырында өз-өзіне қол жұмсайтын жас жігіттің хаттары түрінде жазылған бұл роман авторды бүкіл Еуропаға танытты. Роман замандастары арасында ең көп оқылған шығарма болды. Романның таралуы Еуропада өз-өзіне қол жұмсауды еліктеу толқынын туғызды, бұл кейіннен «Вертер эффектісі» деп аталды. Бұл эффекттің күшті болғаны сонша, бірқатар мемлекеттерде билік кітапты таратуға тыйым салынды.
1775 жылдың қарашасында Иоганн Гёте герцог Карл Августтің шақыруымен Саксен-Веймар-Эйзенах герцогтігіне (сол кездегі неміс кінәздіктерінің бірі, қазіргі Германияның шығыс бөлігіндегі аумақ) көшіп барып, өмірінің соңына дейін сол жерде тұрады. Ол сарай театрын басқарады, герцогтің кеңесшісі болды, Йена университетін басқарды, сондай-ақ жаратылыстану ғылымдарымен және философиямен айналысты.
1795–1796 жылдары Иоганн Гётенің «Вильгельм Мейстердің оқу жылдары» («Годы учения Вильгельма Мейстера») романы жарияланды. Бұл туынды және оның төңірегіндегі пікірталастар неміс және австриялық әдебиеттегі ең танымал бағыттардың бірі – тұлғаның әлеуметтік және адамгершілік тұрғыда қалыптасу тарихын бейнелейтін «тәрбиелеуші романның» бастамасын салды.
1808 жылы Иоганн Гёте шығармашылығының шыңы болып саналатын «Фауст» трагедиясының бірінші бөлімі жарық көрді. Ол оның жалғасын өмірінің соңына дейін жазды. «Фаусттың» екінші бөлімінің түпкілікті нұсқасы автор қайтыс болғаннан кейін, тек 1832 жылы жарияланды.

Ульрика фон Леветцов
Дереккөз: Культурология.рф
1821 жылы 72 жастағы Иоганн Гёте 17 жастағы Ульрика фон Леветцовты кездестіреді. Ол оған ғашық болып, үйленуге ұсыныс жасайды, бірақ қыз бас тартады. Дәл осы кезеңде Иоганн Гётенің бүкіл поэтикалық шығармашылығындағы махаббат лирикасының шыңы болып аталған «Мариенбад элегиясы» дүниеге келді. Ульрика бұл элегия туралы Иоганн Гёте қайтыс болғаннан кейін ғана біледі. Ол ұзақ өмір сүреді, бірақ тұрмысқа шықпайды.
Иоганн Гётенің махаббат лирикасы әлем әдебиетінде ерекше орын алады. Оның романтикалық әуестіктері ақындық шабытқа жол ашып, кейінгі ұрпаққа сұлулығымен және лиризмімен таңғалдыратын бірнеше өлең циклдарын қалдырды. Осындай циклдардың бірі – «Батыс-шығыс жинағы» («Западно-восточный диван»). Бұл жинақ XIV ғасырдағы парсы ақыны Хафиздің газельдерінің (арабша gazal – Шығыс халықтары поэзиясындағы шағын лирикалық өлең) аудармаларынан шабыт алып, шығыс пен батыс әдебиеті мәдениетін тоғыстырды.
2019 жылы неміс ақынының 270 жылдығына арналған іс-шаралар аясында Қазақстанда «Батыс – шығыс жинағы» атты жинақтың неміс және қазақ тілдеріндегі тұсаукесері өтті. Кітапты қазақ тіліне ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Төрегелді Тұяқбай аударды.
Иоганн Гёте поэзиясының нәзік лиризмі қазақстандық ақындарға әрдайым жақын болды деуге болады. Иоганн Гётенің шығармаларын, атап айтқанда, ұлы Абай («Түндегі жолаушы әні», Михаил Лермонтовтың орысша аудармасы арқылы), Медеубай Құрманов («Фаусттың» қазақ тіліндегі алғашқы аудармасы), Мағжан Жұмабаев («Орман патшасы» балладасы, Василий Жуковскийдің орысша аудармасы арқылы), Қуандық Шаңғытбаев және басқа да ақындар аударған.
Дереккөздер:
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу