Басты бетке қайту

Никита Хрущев тұсындағы білім беру реформасы

Кеңес Одағында 1953 жылы билікке келгеннен кейін Никита Хрущев білім беру жүйесін экономикалық және әлеуметтік саясаттың міндеттеріне бейімдеу мақсатында реформалауға шешім қабылдады. Ол білім беру жүйесін өндірістегі және ауыл шаруашылығындағы жұмыс күшінің қажеттіліктеріне сәйкестендіру идеясын жариялады. Себебі ел бұл салаларда білікті техникалық кадрлардың тапшылығына тап болған ежі, ал орта мектеп түлектерінің басым көпшілігі жоғары оқу орындарында оқуды жалғастыруға ұмтылды. Басқаша айтқанда, кәсіптік білімнің беделін арттыру және жастарды ел экономикасын дамыту үшін қажетті мамандықтарға қайтару талап етілді.

1954–1955 жылдары төменгі сыныптан бастап балаларды қоғамдық пайдалы, өндірістік еңбекке қатысуға дайындау қажеттілігі анықталды. Бұрынғы онжылдықтарда қабылданған орта мектептің ЖОО-ға дайындауға бағыты өзгертілді. Жоғары оқу орындарында оқытуды өндірістегі жұмыспен барынша үйлестіру көзделді. 1954–1955 оқу жылынан бастап мектептің оқу жоспарына 1–4 сыныптарға – еңбек сабақтары, 5–7 сыныптарға – шеберханалар мен оқу-тәжірибелік учаскелердегі практикалық сабақтар, 8–10 сыныптарда – машина жасау, электротехника және ауыл шаруашылығы бойынша практикумдар енгізілді. 1955 жылы негізінен ауылдық жерлерде оқушылардың өндірістік бригадаларын белсенді түрде құру басталады.

1954 жылы орта мектеп жүйесінде жүргізілген елеулі өзгеріс – ұлдар мен қыздарды бөлек оқытудың күшін жою болды. Себебі бұл тәжірибе жастарды коммунистік тәрбиелеу міндеттеріне сәйкес келмеді. 1956 жылдың маусымында 1940 жылы енгізілген орта мектептің жоғарғы сыныптарындағы, орта арнаулы және жоғары оқу орындарындағы оқу ақысы да жойылды. 1958 жылдың 24 желтоқсанында КСРО Жоғарғы Кеңесі «Мектепті өмірмен байланыстыру және КСРО-дағы халыққа білім беру жүйесін одан әрі дамыту туралы» Заңды қабылдады. Бұл Заң мектеп реформасын бастады, ол міндетті 8 жылдық білім беруді (7 жылдық білім берудің орнына) енгізуді қарастырды. «Мектептің өмірмен байланысы» барлық толық орта білімді (11 сынып) меңгеріп, болашақта ЖОО-ға түскісі келетін оқушылардың оқуының соңғы үш жылында аптасына екі күн өнеркәсіп орындарында немесе ауыл шаруашылығында жұмыс істеуін талап етті. Мектеп бітірушілер орта білім аттестатымен бірге жұмысшы мамандығы туралы куәлік алды. Жоғары оқу орнына түсу үшін де өндірісте кемінде екі жыл жұмыс өтілі болуы талап етілді.

Білім беру саласындағы жаңалықтардың бірі – 1950 жылдардың екінші жартысы мен 1960 жылдардың басында жаңа типтегі оқу орындары – мектеп-интернаттардың пайда болып, белсенді таралуы болды. Олар «жаңа қоғам құрушыларды» тәрбиелеудегі ең тиімді мекемелер ретінде саналды. Никита Хрущев мектеп-интернаттарды коммунизм құрудың маңызды тетігі ретінде қарастырды. Өзгерістер кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін де қамтыды. Қолөнер мектептері мен құрылыс училищелерінің орнына кәсіптік-техникалық училищелердің (КТУ) бірыңғай желісі келді. КТУ-да оқу мерзімі бір жылдан үш жылға дейін болды.

1960 жылдардың басында жоғары және орта арнаулы білім беру саласындағы проблема ЖОО мен техникумдарды бітірушілердің өндірісте тұрақтап қалуы, яғни жас мамандарды бөлу мәселесі болып қала берді. ЖОО мен техникумдарды бітіргендердің жартысына жуығы мамандығы бойынша жұмыс істеуді қаламады. Бұл миллиондаған адамдарға жоғары және орта арнаулы білімді тегін берген, бірақ оның орнына адекватты экономикалық қайтарым ала алмаған мемлекет мүддесіне қайшы келді.

1963 жылдың 9 мамырында қабылданған Кеңес Одағы Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің (КОКП ОК) және КСРО Министрлер Кеңесінің «Жоғары және орта арнаулы білімді одан әрі дамыту, мамандар даярлау мен пайдалануды жақсарту шаралары туралы» Қаулысы маман тапшылығына қатысты мәселелерді шешуге бағытталған кешенді іс-шараларды бекітті. Қаулыда орта арнаулы білімнің даму қарқынын жоғарылату ұсынылды, өйткені техникум түлектері ЖОО бітіргендерден шамамен үш есе көп қажет етілді. Инженерлер санын арттыру үшін ірі өнеркәсіп орындары жанынан техникалық институттардың филиалдары – зауыт-ВТУЗ-дар желісін құру жоспарланды. Бұл жерде жұмысшылар өндірістен қол үзбей, кешкі оқу нысанында білім ала алатын болды. Сондай-ақ, ЖОО-лардың кешкі және сырттай оқу бөлімдерін кеңейту көзделді. Қаулы ЖОО-лары бар ведомстволар алдына олардың материалдық базасын нығайту – жаңа оқу корпустары мен жатақханалар салу міндетін қойды. Керісінше, 1963 жылдан бастап шығармашылық ЖОО-лардың контингенті жыл сайын қысқартылды, себебі биліктің пікірінше, олардың түлектері халық шаруашылығына қажет болмады, ал елде актерлерге, режиссерлерге және басқа да шығармашылық қызметкерлерге деген өткір қажеттілік болған жоқ. ЖОО түлектерінің бөлу бойынша жұмыс істеуден жалтаруы болмас үшін Қаулы арқылы диплом берудің жаңа тәртібі енгізілді. Енді дипломды тек дипломдық жобаны қорғағаннан немесе мемлекеттік емтихандарды тапсырғаннан кейін бір жыл бойы өздері бөлінген жерде жұмыс істеген мамандар ғана ала алды. Дипломдар тапсырылғанға дейін жас мамандар өз ЖОО-ларынан уақытша куәлік алуға тиіс болды.

 Алайда, реформаның бесінші жылында оның басты мақсатына жетпегені анықталды – мектеп оқушыларды кәсіп алды оқыту функциясын жүзеге асыруда өзіне тән емес міндеттерді шеше алмады. Жалпы білім беретін орта мектептің жоғарғы сынып оқушыларының барлық негізгі пәндер бойынша білім сапасы төмендеді. Оқушылар аптасына екі күн фабрикада немесе зауытта болуы көп ұзамай мектеп сабақтарынан демалыс ретінде қабылдана бастады. Бүкіл оқу процесі бұзылды, балалар үй тапсырмасын орындауды тоқтатты және өткен сабақта не «өткендерін» еске түсіруге қиналды. Кәсіпорындар болса, мектептерді қажетті жабдықтармен және білікті нұсқаушылармен қамтамасыз етуге дайын емес, көбінесе қабілетсіз болды. Өндірістік оқыту көбіне формальды сипатта болып, нақты дағдыларды бере алмады.

«Коммунистік тәрбие мектебі» болуы тиіс мектеп-интернаттар да өздеріне жүктелген үмітті ақтамады. Олар жиі қаржыландыру, педагогикалық кадрлардың жетіспеушілігі проблемаларына тап болып, тәрбие мен оқытудың тиісті деңгейін қамтамасыз ете алмады.

1960 жылдардың басында-ақ Хрущев реформасы кері қайту жолына түсті. 1964 жылы КСРО Министрлер Кеңесі бірден екі қаулы шығарды. 21 мамырдағы бірінші қаулыда (жоғары және орта арнаулы білімі бар мамандарды даярлау мерзімдері және оларды пайдалануды жақсарту туралы) ЖОО және орта арнаулы оқу орындары студенттері үшін практикалық сабақтардың мерзімдері мен көлемін қайта қарастыруға рұқсат берілді. 10 тамыздағы екінші қаулыда (өндірістік оқытуы бар жалпы білім беретін еңбек политехникалық мектептердегі оқу мерзімін өзгерту туралы) мектептердегі 11-сынып күшін жойды. Сегізжылдық жалпыға міндетті білім беру сақталып қалды, себебі ол мектеп қабырғасынан тыс өз жолын жалғастырған оқушылардың дайындық деңгейін айтарлықтай жақсартқан болатын. Никита Хрущев 1964 жылдың қазанында КОКП ОК Бірінші хатшысы қызметінен кеткеннен кейін институттар мен университеттерге түсу үшін міндетті өтіл жойылды, медалистер үшін жеңілдіктер мен аттестаттар конкурсы қалпына келтірілді. Мектеп жұмысы қайтадан ЖОО-ға емтиханды сәтті тапсырған түлектердің саны бойынша бағалана бастады.

 

Дереккөздер:

«Журнальный зал» әдеби интернет жобасы

Рабкрин

П.А. Столыпин атындағы Ресей реформалары тарихы мұражайы

Мәскеу Бас Архиві (МБМ «Мосархив»)

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу