
Армен Джигарханян
Дереккөз: РИА Новости
Армен Борисович Джигарханян 1935 жылы 3 қазанда Армян Кеңестік Социалистік Республикасының (қазіргі Армения Республикасының астанасы) астанасы – Ереванда дүниеге келген.
Ол Еревандағы орыс мектебінде білім алады. 1958 жылы Ереван көркемсурет-театр институтын (қазіргі Ереван мемлекеттік көркемсурет-театр институты) бітіреді.
1955 жылы Еревандағы Станиславский атындағы Орыс драма театрында Виктор Гусевтің «Иван Рыбаков» пьесасы бойынша қойылған спектакльде дебюті болады.
1960 жылы кинодағы алғашқы рөліне түседі: «Обвал» фильмінде жас жұмысшы Акоптың рөлін сомдады. А.Джигарханян 1965 жылы түсірілген «Сәлем, бұл менмін!» фильміндегі басты рөлді, жас ғалым-физик Артем Манвелян рөлін ойнағаннан кейін кеңінен танымал болады.
1967 жылы актер мәскеулік «Ленком» театрына шақыру алады. Екі жылдан кейін Владимир Маяковский атындағы Мәскеу академиялық театрына ауысып, көп ұзамай жетекші актерлердің біріне айналады. Театрдағы жұмысымен қатар киноға түсуді тоқтатпайды. Оның ең танымал фильмдері: «Қуғыншылардың жаңа шытырман оқиғалары», «Сәлеметсіз бе, мен сіздің тәтеңізбін!», «Шөп қорыған ит», «Кездесу орнын өзгертуге болмайды», «Тегеран-43», «Зеро қаласы».
1989 жылдан 1997 жылға дейін Сергей Герасимов атындағы Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография университетінде (ВГИК) актерлік шеберліктен сабақ береді. 1996 жылы Маяковский атындағы Мәскеу театрынан кетіп, өз студенттерінің ұжымы негізінде жеке студиясын ашты. Қазіргі уақытта бұл театр «Армен Джигарханянның Прогресс сахнасы» деп аталады.
Армен Джигарханян өмірінде 300-ден астам фильмге түсті, 60-қа жуық рөл ойнады – әртүрлі дәуірдің, мінездің және өмірбаяндардың адамдарын сомдады. Көптеген кино және мультфильм кейіпкерлерін дыбыстады, деректі фильмдерге түсіп, өзі туралы бірнеше фильмнің кейіпкері болды. Ол ең көп түсірілген ресейлік актер ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енгізіліп, ресейлік және шетелдік кәсіби және мемлекеттік наградалар мен атақтарға ие болды.
Посткеңестік кеңістіктегі көптеген елдердегі сияқты Қазақстанда да Армен Джигарханянның шығармашылығын үлкен құрметпен және жылылықпен қабылдайды. Армен Джигарханян басқарған Мәскеу драма театрының гастролі 2011 жылы Алматыда үлкен табыспен өтті. «Біз Алматыда бес бақытқа толы күнді өткіздік. Көрермендер залы мен сахна арасындағы энергия – театрдағы ең баға жетпес нәрсе. Гастрольді ұйымдастырғаны үшін Қазақстан Президентіне, ҚР Мәдениет министріне алғыс айтамын. Бұл қойылымдар театрдың әлі ұзақ өмір сүретініне деген сенімімізді арттырды», – деген еді сол кезде Армен Джигарханян.
2011 жылы Қазақстанның көшбасшысы туралы режиссер Әли Хамраев түсірген, «Қазақстан» телеарнасының тапсырысы бойынша жарық көрген «Назарбаев. Ашық әңгіме» атты деректі фильм шықты. Ұзақтығы 100 минутты құрайтын туынды Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанды аралау кезіндегі сұхбаты түрінде түсірілді. Бұл фильмде Тұңғыш Президенттің сұхбаттасушысы Армен Джигарханян болды.
Армен Джигарханян 2020 жылдың қараша айында, 85 жасқа қараған шағында Мәскеу қаласында дүние салды. Ол Ваганьков зиратына жерленді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев марқұмның отбасына көңіл айту жеделхатын жолдады.
Дереккөздер:
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу