Басты бетке қайту

Елді индустрияландыру

Индустрияландыру – бұл аграрлық қоғамнан индустриялық қоғамға әлеуметтік-экономикалық көшу процесі. Ол негізінен ауылшаруашылық өнімдерін және қазба байлықтарды өндіруден бастап, ірі, техникалық дамыған өнеркәсіпті құруға және оның экономикадағы үлесін едәуір арттыруға бағытталған. Бұл процесс кәсіпорындар санының, әсіресе металлургия және энергетика секторының жылдам өсуімен және қала халқының көбеюімен қатар жүреді.

Индустрияландырудың мақсаты – экономикалық өсуді жеделдету, еңбек өнімділігін арттыру, жұмыс орындарын ашу және халықтың өмір сүру деңгейін жақсарту. Индустрияландыру кезінде белсенді түрде жаңа зауыттар мен фабрикалар  салынады, жаңа технологиялар мен өндіріс әдістері енгізіледі, инфрақұрылым дамиды. Бұл процесс ауыл тұрғындарының қалаларға жаппай көшуімен және қоғамның әлеуметтік-экономикалық құрылымының өзгеруімен қатар жүреді.

Әлемдегі индустрияландыру процесі, яғни өнеркәсіптік революция XVIII ғасырдың соңынан бастап жүргізілді. Оны алғашқы болып жүзеге асырған ел (XIX ғасырдың ортасында) Ұлыбритания болды.

Ұлы Отан соғысына дейінгі кезеңде Кеңес Одағында индустрияландыру процесі жедел түрде жүргізілді. 1917 жылғы революция мен азамат соғысынан кейін ел әлсіреп, дұшпан мемлекеттердің қоршауында қалды. Кеңес Одағының басшылығы өнеркәсіпті барынша тез дамыту, қуатты зауыттар мен фабрикалар, өндірістік және көлік инфрақұрылымын құру қажеттігін түсінді, әйтпесе жас социалистік мемлекет жойылып кетер еді.

Патшалық Ресейден айырмашылығы, жаңа үкіметтің иелігінде шетелдік несиелер мен инвестициялар болмады, сондықтан олар тек өз ішкі ресурстарына сүйенуге мәжбүр болды. Социалистік индустрияландыру елдің техникалық және экономикалық артта қалуын еңсеру және оның қорғаныс қабілетін арттыру мәселелерін шешуге тиіс болды. Ауыр өнеркәсіпті дамытуға баса назар аударылды - металл, станоктар және т.б. Сол кезеңде өнеркәсіпті барлық қажетті заттармен қамтамасыз ету және ауылдағы мемлекеттік қаржыландыруды қайта бөлу үшін жаппай ұжымдастыру, жер мен еңбек құралдарын ортақтастыра отырып ұжымдық шаруашылықтар (колхоздар) құру басталды.

Басты индустриялық серпіліс соғысқа дейінгі бесжылдықтар (елді дамытудың мемлекеттік бесжылдық жоспары) жылдарында, атап айқанда бірінші бесжылдық (1928–1932 жж), екінші бесжылдық (1933–1937 жж), үшінші бесжылдық (1938–1942 жж) жылдары ұйымдастырылды.

Бірінші бесжылдықта 1500-ден астам кәсіпорын, электр станциялары, шахталар мен мұнай кәсіпшіліктері салынды. Бірінші бесжылдықтың ең әйгілі және ұлы құрылыстарының бірі – 1927–1930 жылдары салынған, ұзындығы 1445 шақырымдық теміржол желісі – Түркістан-Сібір темір жолы (Түрксіб) болды. Бесжылдық жылдарында жұмысшылар саны 12 миллионнан астам адамға өсті, олардың көпшілігі ауылдан келгендер еді. Жоғары көрсеткіштерді орындау үшін ел басшылығы жұмысшылардың ынтасын барынша пайдалануға тырысты. Мысалы, социалистік жарыс жарияланып, белгіленген нормативтерді «қарқынды» еңбек ету арқылы артығымен орындаған өндіріс екпінділерінің қозғалысын қолдады.

Екінші бесжылдық жылдарында еңбек өнімділігі екі есеге өсті, 4,5 мың жаңа және қайта жаңғыртылған кәсіпорындар іске қосылды, ал өндірілген өнімнің жалпы көлемі екі есеге артты. Алайда, бұл ресми растаулар болды. Шын мәнінде, өнеркәсіптің кейбір салаларында (мысалы, электр энергиясын өндіру және болат қорыту) жоғары нәтижелерге қол жеткізілгенімен, жалпы алғанда жоспарлы тапсырмалардың 46 көрсеткішінің 10-ы бойынша ғана орындалды, бірақ бұл туралы көпшілікке жарияланған жоқ.


1934 жылғы Кеңес Одағындағы екінші бесжылдықтың ірі құрылыс нысандарының картасы. Партиздат, Горький қаласы. 1934 ж.
Дереккөз: Фоксфорд

Үшінші бесжылдықта, жаңа дүниежүзілік соғыстың жақындауына байланысты, ауыр және әскери өнеркәсіпті дамытуға ерекше назар аударылды. Алайда, жоспарланған жоспарларды жүзеге асыруға 1937–1938 жылдардағы жаппай қуғын-сүргіндер кедергі келтірді. Бұл қуғын-сүргіндер мемлекеттік және өндірістік кадрларға үлкен соққы болды. Көптеген кәсіпорын басшылары, инженерлер мен техникалық мамандар мемлекетке қарсы әрекет жасады деген айыппен лагерлерге жіберілді немесе атылды. 1941 жылдың маусымында үшінші бесжылдық үзілді. Ұлы Отан соғысы басталды.

1929–1941 жылдары Кеңес Одағында жүргізілген индустрияландыру – ауқымы, қоғамдық ынтасы және қарсылығы бойынша орасан зор жоба болды. Оның барысында артта қалған аграрлық ел он бес жылдан аз уақыт ішінде өнеркәсіп супердержавасына айналды. Бұл процесс экономиканы дамытудағы көптеген «кемшіліктермен», күштеу шараларының қолданылуымен және ауыл шаруашылығы саласының «қысымға» ұшырауымен қатар жүрді. Дегенмен, нәтижесінде Кеңес Одағы Ұлы Отан соғысы басталған кезде фашистік Германияның әскери машинасына қарсы тұрып, артында бүкіл Еуропаның өнеркәсіптік әлеуеті тұрған армияны жеңе алды.

 

Дереккөздер:

Википедия 

Банки.ру

 

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу