Басты бетке қайту

Қазақша күрес

 
Қазақша күрес
Дереккөз: «Қазақ күресі» қауымдастығының сайты

Қазақ күресі немесе қазақша күрес – қазақтың ұлттық күресі, қазақ халқының ежелгі спорт түрлерінің бірі. Бұл күрес – жай ғана спорт түрі емес, ол қазақ мәдениеті мен тарихының бір бөлігі. Басқа да ежелгі ойындар сияқты, күрес жауынгерлерді дайындайтын жауынгерлік ойын ретінде пайда болған. Балуандар әрдайым үлкен құрметке ие болған, олар батыр жауынгер ретінде батылдығымен және шеберлігімен танылған.

Кеңес заманында, шамамен XX ғасырдың 30-жылдарында, қазақ күресі Кеңес Одағының басқа республикаларында да танымал бола бастады. Оны басқа ұқсас күрес түрлерінен айыру үшін «қазақша күрес»деп атады. 1938 жылдан бастап күрес республикалық жарыстар бағдарламасына енгізілді. Қазақ күресі техникасы жағынан грузин күресіне (чидаоба), башқұрт күресіне (күреш) және өзбек күресіне(кураш) ұқсас. Қазақ күресінің әдістері самбо күресінің техникасына енгізілген. Көбінесе қазақ күресінің балуандары (палуандар) самбо мен дзюдодан әртүрлі жарыстарға қатысады.

Қазақ күресінде балуандар тек тұрып күреседі. Мақсат – қарсыласты жерге мүмкіндігінше тезірек құлату. Белдіктен және күртеден (шапаннан) ұстауға рұқсат етіледі. Аяқтан шалу, аяқпен іліп алу, жамбас арқылы лақтыру сияқты әдістерді жасауға болады. Кілемге тіземен тиюге мүлде болмайды, бұл үшін ескерту беріледі. Қарсыластың аяғынан ұстауға тыйым салынады.

Бұрын қазақ күресінде жас та, салмақ та шектеулері болмаған, балуандар жекпе-жекке жалаңаш денемен шыққан. Қазіргі уақытта күрестің бірыңғай формасы мен техникасына қатысты ережелер белгіленген. Балуандардың формасы самбошының формасына біршама ұқсас және берен деп аталады. Дегенмен, самбодан айырмашылығы, күртешеде (шапан) қысқа жең және иықтарында кішкентай жапсырмалар (ұстау үшін) бар.

Қазіргі Қазақстанда қазақша күрес өте танымал, ол бойынша жарыстар мерекелер мен мейрамдарда өткізіледі. Республикада «Қазақ күресі қауымдастығы» бар. 2012 жылдан бастап жыл сайын «Қазақстан барысы» республикалық турнирі, 2013 жылдан бастап «Еуразия барысы» халықаралық турнирі, 2014 жылдан бастап қазақша күрес «Әлем Барысы» бойынша әлемдік турнир өткізіліп келеді. Жарысқа әлемнің түкпір-түкпірінен балуандар қатысады. Қазақша күрес Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасына енген.

2016 жылы БҰҰ-ның Білім, Ғылым және Мәдениет жөніндегі мамандандырылған мекемесі – ЮНЕСКО қазақ күресін адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының тізіміне енгізді. Ұйым қазақ күресінің толеранттылық, ізгі ниет және ынтымақтастық қағидаттарына негізделген қауымдастықтар арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға әсерін атап өтті.

 

Дереккөздер:

«Қазақ күресі» қауымдастығының сайты

Nur.kz

 

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу