Басты бетке қайту

Матиас Рустың ұшағының Қызыл алаңға қону оқиғасы


Матиас Рустың Cessna ұшағы Василий Блаженный храмының жанына қонды, 1987 жылғы 28 мамыр
Дереккөз: ТАСС

1987 жылғы 28 мамырда неміс әуесқой ұшқышы Матиас Руст Германияның Гамбург қаласынан ұшып шығып, кішкентай Cessna ұшағымен Кеңес Одағының астанасы Мәскеу қаласының орталығына, Қызыл алаңға жақын жерге қонады.

Ол КСРО аумағынан мыңдаған километрден астам жерді ұшып өтті, бірақ кеңестік Әуе қорғанысы (ӘҚО)әскерлері тарапынан тоқтатылмаған. Оған қоса Кремль қабырғасының түбіне еш кедергісіз қонады. Оқиға Шекарашылар күні орын алған еді, бұл әскерилердің абыройын одан әрі айрандай төкті.

Кейіннен оқиғаның себептерін анықтау кезінде, сәттіліктің, кездейсоқтықтың, техникалық ақаулардың және ӘҚО әскери қызметшілерінің біліксіз әрекеттерінен тұратын тұтас тізбегі анықталды, бұл оқиғаның орын алуына мүмкіндік берді. Оның ішінде – кеңес шекарасын кесіп өткеннен кейін бірден табылған Рустың әуесқой ұшағын әскерилердің жоюына «жоғарыдан» бұйрық берілмеуі де бар.

Сонымен қатар, әскери мамандар кеңестік әуе қорғанысы жүйесі мемлекетке қауіп төндіруі мүмкін нысаналарды ғана ұстау үшін құрылғанын атап өтті. Төмен биіктікте ұшып бара жатқан «жеңіл моторлы ұшақтардағы бұзақыларды» аулау олардың міндетіне жатпаған.

Кейінірек Матиас Руст өз әрекеті арқылы Шығыс пен Батыс арасында «әуе көпірін» құрғысы келгенін, сондай-ақ іс-әрекеті Кеңес Одағы халықтарына Германияның бейбітшілікке ұмтылысын көрсету ниетінен туғанын түсіндірді.

Оған кеңестік сот алдында Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының (КСРО) әуе шекарасын заңсыз кесіп өткені үшін; халықаралық ұшу ережелерін бұзғаны үшін; сондай-ақ, адамы көп Қызыл алаңға қону қаупіне байланысты «ерекше цинизм мен өктемдікпен» ұштасқан аса ауыр бұзақылық секілді айыптар тағылды.

Сот белгілеген төрт жылдық бас бостандығынан айыру мерзімінің бір жылға жуығын кеңестік түрмеде өтеді. 1988 жылы рақымшылықпен босатылып, отанына жіберілді.

Бұл оқиға Кеңес Одағының әскери ведомствосында ауқымды жанжал тудырып, Кеңес Армиясына берілген «шапалақ» (немесе «соққы») ретінде бағаланды. Ұшу оқиғасы Батыс арнайы қызметтерінің мұқият жоспарланған арандатуы болуы мүмкін деген нұсқа да айтылды. Бұл арандату Қарулы Күштердің жоғарғы басшылығын беделінен айыру және ауыстыру мақсатында Кеңес Одағының сол кездегі басшылығындағы жекелеген тұлғалардың келісімімен жүзеге асырылған деген болжам да болды.

Алайда, тергеу бұл нұсқаларды растамады. Матиас Рустың ұшуы жалғыз ұшқыштың әрекеті деп танылды. Соған қарамастан, бұл оқиға КСРО Қорғаныс министрлігінде ауқымды тазартуларға(кадрлық өзгерістерге) әкелді және сол кездегі Кеңес Одағының басшысы Михаил Горбачевқа онымен пікір қайшылығы бар Қорғаныс министрі Сергей Соколовты қызметінен босатуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ 30-дан астам жоғары лауазымды офицерлер мен генералдар, яғни әскери ведомствоның бүкіл жоғарғы басшылығы дерлік өз қызметтерінен айрылды.

 

Дереккөздер:

ТАСС

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу