Патернализм (латынша paternus — «әкелік, әкеге тән») кең мағынада — үлкендердің (қамқоршылардың) кішілерге (қамқорлықтағыларға) қамқорлық жасауына, қорғауына және бақылауына, сондай-ақ кішілердің үлкендерге бағынуына негізделген қарым-қатынас жүйесі.
Мемлекеттік қатынастарда мұндай жүйе мемлекеттік патернализм деп аталады және отбасындағы әкенің балаларды бақылауына ұқсас, мемлекеттің адамдарды бақылауына негізделеді. Бұл ретте билік азаматтардың қажеттіліктерін қамтамасыз етеді, ал азаматтар билікке өздері үшін шешім қабылдауға, сондай-ақ өздерінің қоғамдық және жеке мінез-құлық үлгілерін белгілеуге (таңуға) мүмкіндік береді.
Патернализмге негізделген мемлекеттік жүйе кеңестік қоғамға тән болды. Бұл кезде мемлекет тек қоғамдық, экономикалық қана емес, адамның жеке өмірінің бір бөлігін де бақылауға алып, реттеп отырды. Оның орнына мемлекет азаматтарға әлеуметтік кепілдіктер топтамасын (тегін білім беру, медицина, міндетті жұмысқа орналастыру, еңбек кодексі нормаларын сақтау, жалақы төлеу кепілдіктері, әлеуметтік баспана және т.б.) берді.
Мемлекеттік патернализм жүйесінде ұзақ уақыт өмір сүрудің нәтижесінде адамдардың көпшілігінде, әдетте, өздігінен әрекет етуге, әлеуметтік және экономикалық бастамашылыққа деген қабілеті мен ықыласының жоқтығы, өз бетінше қабылдаған шешімдері үшін жауапкершіліктің болмауы қалыптасады.
Дереккөздер:
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу