Гиннесс рекордтар кітабының логотипі
Дереккөз: Гиннесс рекордтар кітабының ресми сайты
«Гиннесс. Әлемдік рекордтар» (ағылш. Guinness World Records), сондай-ақ «Әлемдік рекордтар кітабы», «Гиннесс рекордтар кітабы» — адамдар мен жануарлардың рекордтық жетістіктері, бірегей табиғи құбылыстар, сондай-ақ шоу-бизнес, БАҚ және мәдениет саласындағы өткен жылдағы керемет жетістіктер туралы ақпаратты қамтитын жыл сайынғы анықтамалық.
Анықтамалықты жасау идеясы Guinness сыра зауытының басқарушы директоры Хью Биверге тиесілі болды. Ол ирландиялық және британдық сыра мейрамханаларының (пабтардың) келушілері үшін, қандай да бір құбылыстың рекордтығына қатысты олардың дауларын шешу үшін беделді ақпарат көзін құруды ұйғарды. 1955 жылы 27 тамызда Лондонда кітаптың алғашқы нұсқасы жарық көрді. Алғашқы басылым «Ең жоғары және ең төмен, үлкен, кішкентай, жылдам, ескі, жаңа, қатты, ыстық, суық, күшті туралы үздік дәрежелер кітабы» деп аталды. Кітап таңқаларлық табысқа жетіп, Рождествоға қарай ол ең бірінші бестселлерге айналды.
Бастапқыда «Гиннесс рекордтар кітабы» тексерілген ғылыми деректерді қамтыды, бірақ уақыт өте келе оған оғаш және әдеттен тыс жетістіктер енгізіле бастады. Кітапта тіркелген рекордтарды енгізетін бірнеше бөлім бар: әл-ауқат (қаржы), даңқ (әйгілі адамдар), батылдық және ерлік, өнер және БАҚ, адам, қауіп-қатерлер мен апаттар, спорт, кәсіптер мен білім, заманауи технологиялар, дерексіз жетістіктер (көбінесе күлкілі немесе орынсыз әртүрлі «оғаш» рекордтар).
Кітапқа арналған ақпаратты рекордтарды тіркейтін Guinness World Records компаниясы жинайды. Кітаптың бетіне шығуды қалайтын адам рекордты тіркеудің әр кезеңінде олармен кеңеседі (өтінім беру, шарт жасасу, өлшемшарттарды талқылау, компания өкілдерінің қатысуымен рекордтарды орнату, сертификат алу).
2003 жылы кітаптың басылып шыққан данасының саны 100 миллионнан асқанда, Халықаралық Гиннесс рекордтар кітабы күні белгіленді – ол жыл сайын 9 қарашада аталып өтеді. Қазір бұл анықтамалық 130 миллионнан астам данамен шығарылады, 25-тен астам тілге аударылған және әлемнің 100-ден астам елінде басылып шығарылады. Баспа басылымынан басқа, франшизаға рекордтар мұражайлары, телесериалдар (әр бөлімі – бір рекорд), аттас бейнеойындар кіреді. Кітап беттерінде авторлық құқықпен қорғалған басылымдардың ішіндегі ең көп сатылатын басылым екені белгіленген. Сондай-ақ кітап АҚШ-тың қоғамдық кітапханаларынан ең көп ұрланған даналар саны бойынша рекорд орнатты.
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан Республикасы Гиннесс рекордтар кітабында тіркелген 100-ден астам рекорд орнатты. Олардың ішінде: теңізге шыға алмайтын ең үлкен ел атағы, әлемдегі ең үлкен шатыр («Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығы), бокстан бір салмақ санатында қатарынан ең көп олимпиадалық алтын медаль саны, құрақ техникасымен әлемдегі ең ұзын кілем рекорды (ұзындығы 10,9 км., 2018 жылғы 16 қыркүйекте «Әлем балалар көзімен» атты әлеуметтік қоры жасаған), домбырада ойнау бойынша ең ауқымды сабақ (2022 жылғы 24 мамырда 984 адам сабаққа қатысты), ең көп адам қатысқан ұлттық би (2011 жылғы 16 желтоқсанда Астанада 399 қатысушы дәстүрлі Қара жорға биін орындады), әлемдегі ең көп ұлтты оркестр (2022 жылғы 6 қыркүйекте Астанада 51 ұлт өкілі оркестрде ойнады), ең үлкен бауырсақ порциясын дайындау (2014 жылғы 7 қыркүйекте Алматыда салмағы 856 кг порция дайындалды) және әлемдегі ең ұзын ет кәуабын (ұзындығы 223 метр) жасаған және тағы басқалар. Гиннесс кітабы өкілдері тіркеген қазақстандықтардың соңғы жетістіктерінің бірі – «қазақ ұлттық киіміндегі адамдардың ең көп саны». Рекорд 2025 жылғы 22 наурызда Ақтауда орнатылды. Арнайы алаңға еліміздің әр түкпірінен келген қазақ ұлттық киіміндегі 5500-ден астам адам жиналды.
Қазақстанда Гиннесс рекордтар кітабының өзіндік баламасы бар – Қазақстандық ақпараттық-энциклопедиялық анықтамалық (КИНЭС) немесе Қазақстанның Құрмет кітабы. Оның екі маңызды айырмашылығы: кейіпкерлері – жетістіктері «бірегей», «жалғыз», «алғашқы» эпитеттеріне сәйкес келетін қазақстандықтар және оның беттерінде мағынасыз және күлкілі рекордтар жоқ. КИНЭС алғаш рет 1999 жылы «Тұран» университеті қызметкерлерінің авторлық ұжымымен жарияланды. Идея «Тұран» университетінің бірінші проректоры Қуаныш Тазабековке тиесілі болды. Анықтамалықтың кезеңділігі – 2-4 жылда бір рет.

Қазақстандық ақпараттық-энциклопедиялық анықтамалықтың (КИНЭС) рекордтарын тіркеу департаментінің директоры Бақытжан Тастүлеков. 2019 ж.
Дереккөз: Sputnik
Дереккөздер:
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу