Басты бетке қайту

Репатриация

Репатриация (латынша «repatriatio» — «отанға оралу») — әртүрлі жағдайларға байланысты (соғыстар, экономикалық және саяси жағдайлар, табиғи апаттар және т.б.) басқа мемлекеттерде болып қалған адамдардың өз азаматтығы бойынша тұрақты тұрғылықты жеріне немесе шыққан еліне (тарихи отаны) оралуы. Мысалы, олар соғыс тұтқындары, босқындар, тұрғылықты мекенін ауыстырған адамдар, эмигранттар және олардың ұрпақтары және т.б. болуы мүмкін. Репатриация халықаралық шарт немесе ұлттық заңнама негізінде жүзеге асырылады және мемлекеттің қатысуын талап етеді.

Репатриация тек ерікті түрде болуы мүмкін, ал депортациядан айырмашылығы - адамды азаматтығы бойынша немесе тұратын еліне мәжбүрлеп шығарып жіберу.

Қазіргі әлемде кең таралған репатриация түрлерінің бірі – белгілі бір ұлтқа жататын адамдар мен олардың ұрпақтарының тарихи отанына, шыққан еліне оралуы. Көбінесе мұндай репатриация азаматтық алу формасы ретінде қарастырылады (Қазақстан, Израиль, Германия, Франция, Түркия, Польша және т.б.).

Бірқатар елдерде репатриация ұлттық «халықты біріктіру» бағдарламасы мен демографиялық жағдайды қалыпқа келтіру әрекеттерінің бір бөлігі ретінде қарастырылады. Мемлекет бұрынғы отандастар мен олардың ұрпақтарының тарихи отанына көшуін ынталандыратын (соның ішінде экономикалық тұрғыдан) ең ауқымды репатриация бағдарламаларының бірі Израильде жүзеге асырылады. Ол «алия» деп аталады және сионизм қозғалысының — еврей халқын тарихи отанында, Израиль жерінде біріктіру және қайта жаңғырту ұғымдарының бірі. 1953 жылы Германияда «Көшіп-қонған адамдар мен босқындар туралы» федералдық заң қабылданды, ол Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде немесе одан кейін өз қоныстарын тастап кеткен неміс ұлтының мәжбүрлі қоныс аударған адамдары мен босқындарын, сондай-ақ Шығыс Еуропа мен бұрынғы Кеңес Одағы елдерінен келген этникалық неміс қоныс аударушыларын қабылдауды және олардың Германия аумағына интеграциялануын реттейді.

1991 жылдан бастап Қазақстанда этникалық қазақтар мен олардың отбасы мүшелерін тарихи отанына қайтару бойынша мемлекеттік репатриация бағдарламасы жүзеге асырылуда. Репатриация процесі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Қазақ КСР Министрлер Кабинетінің 1991 жылғы 18 қарашадағы №711 қаулысының қабылдануымен басталды. Біраз уақыттан кейін Нұрсұлтан Назарбаев шетелде тұратын отандастарына арнайы Жолдау арнап, оларды тарихи отанына оралуға шақырды. Нәтижесінде Қазақстанға бір жарым миллионнан астам қазақ оралды. Бағдарлама әлі күнге дейін жалғасуда және әлемдегі ең тиімді бағдарламалардың бірі болып танылды.

Қазақстанға келген этникалық қазақтар мен олардың отбасы мүшелері қандас мәртебесін алады (2021 жылға дейін – оралман). Бұл мәртебе заңмен белгіленген қолдау шараларына, соның ішінде құрылыс пен шаруашылық жүргізу үшін жер учаскелерін беруге, көшу шығындарын өтеуге, жәрдемақыларға, әлеуметтік қорғауға, жұмысқа орналасуға көмекке, медициналық көмекке және т.б. құқық береді.

 

Дереккөздер:

Большая Российская энциклопедия

Zakon.kz

 

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу