
Федор Достоевский, портрет работы Василия Перова. 1872 год
Источник: Уикипедия
Федор Михайлович Достоевский 1821 жылы 11 қарашада Ресей империясының Мәскеу қаласында дүниеге келген.
1837 жылы Санкт-Петербургтегі Әскери-инженерлік училищеге түсіп, оны 1843 жылы бітірді. Көп ұзамай әскери қызметтен кетіп, өмірін әдебиетке арнады.
Федор Достоевскийдің алғашқы басылған еңбегі Оноре де Бальзактың "Евгений Гранде" романынан аударма, ол 1844 жылы "Репертуар және пантеон" журналында шықты. 1846 жылы "Санкт-Петербург жинағы" альманағында Федор Достоевскийдің "Бейшаралар" атты алғашқы романы жарық көрді, бұл шығарма оны бірден танымал етті және әдебиет сыншылары, оқырмандар мен жазушылар тарапынан жоғары бағаланды.
1849 жылы Федор Достоевский "петрашевшілер" ісі бойынша қамауға алынды (Михаил Буташевич-Петрашевскийдің үйіне жиналған бір топ жас интеллектуалдар. Үйірменің негізгі мақсаты социалистік және демократиялық идеяларды талқылау және насихаттау, сондай-ақ Ресейдегі самодержавие мен крепостнойлық құқықты сынау болды), төрт жылға сотталып, жазасын Омбы абақтысында өтеді. Омбыдағы каторгалық жұмыс мерзімі аяқталғаннан кейін Федор Достоевский жас офицер, болашақ белгілі қазақстандық саяхатшы және этнограф-ғалым Шоқан Уәлихановпен танысты.
1854 жылы каторга мерзімі аяқталғаннан кейін Федор Достоевский Қазақстандағы Семипалатинск (қазір Семей) қаласына Сібір желілік батальонына жіберілді. Мұнда жазушы бес жыл өткізді, әуелі қатардағы жауынгер болып қабылданып, кейін унтер-офицер шені берілді, бұл оның біршама еркін өмір сүруіне және қайтадан қолына қалам алуына мүмкіндік берді. Семей қаласында Федор Достоевский "Өлі үйден хаттар" шығармасын бастады, "Ағайдың түсі" және "Степанчиково селосы мен оның тұрғындары" повестерін жазды. Дәл осы жерде "Ақымақ" романы туралы ой туындады. Ол өзінің досы деп санайтын Шоқан Уәлихановпен хат жазысып, кездесіп тұрды.

Федор Достоевский және Шоқан Уәлиханов. Семей, 1858 жыл
Дереккөз: E-history.kz
Отставкаға шыққан соң Санкт-Петербургке қоныстанған Федор Достоевский жазуын жалғастырды, сонымен қатар "Уақыт" журналын шығара бастады (ағасы Михаилмен бірге), бұл журнал үлкен қолдауға ие болды. 1873 жылы "Азамат" журналының редакторы болды, онда бір жарым жыл бойы "Жазушы күнделігі" айдарын жүргізді. Кейіннен "Жазушы күнделігі" дербес авторлық басылымға айналып, 1881 жылы Федор Достоевский қайтыс болғанға дейін шығып тұрды. Петербург Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі (1877), Орыс әдебиетінің әуесқойлары қоғамының құрметті мүшесі (1880).
Федор Достоевский бұл орыс және әлем әдебиетіндегі аса маңызды құбылыстардың бірі. Классик, әлемдік деңгейдегі ең үздік роман жазушылардың бірі. Оның шығармашылығы жаңа жанрдың – кейіпкердің ішкі әлемін, оның психологиялық мотивтерін, "жанның ең нәзік тебіреністерін" сипаттау және зерттеуді басты мазмұны еткен психологиялық романның негізін қалады. ХХ ғасырда психологиялық роман ең маңызды әдеби бағыт болып саналды және Федор Достоевский шығармашылығының әсері ХХ ғасырдың көптеген көрнекті жазушыларының шығармаларында байқалады.
Федор Достоевский ең "философиялық жазушылардың" бірі болып саналады. Оның көркем шығармалары мен публицистикасындағы философиялық идеялары XIX ғасырдың 2-жартысында қалыптасқан орыс классикалық философиясының іргетасына айналды. Ол Еуропадағы және әлемдегі философиялық ағымдардың - экзистенциализмнің (адам болмысының бірегейлігіне баса назар аударатын болмыс философиясы), персонализмнің (жеке тұлғаны жоғары рухани құндылық ретінде танитын бағыт) қалыптасуына ықпал етті. Жазушының бірегейлігі мен оның ықпалын классикалық психоанализдің негізін қалаушы – Зигмунд Фрейд пен неміс философы Фридрих Ницше атап өтті.
Жазушының ең маңызды шығармаларына "ұлы бес кітап" романдары (христиандық Ескі Өсиеттің немесе иудей Тауратының алғашқы бес кітабына ұқсас): "Қылмыс және жаза" (1866), "Ақымақ" (1869), "Албастылар" (1872), "Жасөспірім" (1875), "Ағайынды Карамазовтар" (1880).
ЮНЕСКО (Біріккен Ұлттар Ұйымының білім, ғылым және мәдениет жөніндегі мамандандырылған мекемесі) мәліметтері бойынша Федор Достоевский - әлемдегі ең көп оқылатын жазушылардың бірі. Оның шығармалары көптеген тілдерге аударылған, әр түрлі елдерде және әр түрлі әлеуметтік топтарға жататын оқырмандар арасында күні бүгінге дейін сұранысқа ие. Мысалы, Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин оның шығармаларының тереңдігін, автордың адам психологиясына бойлау ерекшелігін атап өтті.
Федор Достоевскийдің шығармалары қазақ тіліне аударылған. "Бейшаралар" романының алғаш рет 1935 жылы Сәйділ Талжанов аударған. "Ақымақ" және "Ағайынды Карамазовтар" романдарын белгілі қазақ лингвисі Нияз Сыздықов аударды. Сонымен қатар "Ағайынды Карамазовтар" романының аудармасы Қазақстан Республикасының "Мәдени мұра" мемлекеттік бағдарламасы бойынша шығарылған 100 шығарманың қатарында.
1971 жылы Семей қаласында, жазушы тұрған үйде әдеби-мемориалдық мұражай ашылды. 1977 жылы мұражайдың қасына Мәскеу мүсіншісі Дмитрий Элбакидзе жазушы мен ғалымның бірге түскен фотосуреті негізінде сомдаған "Федор Достоевский және Шоқан Уәлиханов" қола мүсіні қойылды.
Достоевскийдің кейіпкер психологиясына тереңдеу, моральдық мәселелерді талдау мен өмірдің мәнін іздеуге қатысты идеялары қазіргі заман әдебиетіне айтарлықтай ықпалын жалғастыруда. Адамның ішкі жан-дүниесіне бойлауы, тартыстарына, мотивациялары мен рухани ізденістеріне назар салуы қазіргі жазушыларды образдар мен сюжеттерді тереңдете ойластыруға шабыттандырады.
Дереккөздер:
Литературно-мемориальный музей Ф. М. Достоевского г. Семей
Ф.М. Достоевскийдің Семей қаласындағы әдеби-мемориалдық мұражайының сайты
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу