Басты бетке қайту

II Екатерина (1729 – 1796)


II Екатерина. Федор Рокотов жұмысынан портрет. 1763. Третьяков галереясы (Мәскеу)
Дереккөз: Уикипедия

Тарихқа Ұлы Екатерина болып енген II Екатерина 1729 жылы 2 мамырда Штеттинде (Пруссия, 1224-1947 жылдары болған Шығыс және Орталық Еуропадағы мемлекет) дүниеге келді. Анхальт-Цербст-Бернбург князі Христиан Август пен Гольштейн-Готторп Иоганна-Элизабеттің қызы дүниеге келген кезде Анхальт-Цербст София Августа Фредерика есімін алды.

1742 жылы Ресей императрицасы Елизавета Петровна оны Ресей тағының мұрагері ұлы князь Петр Федоровичтің әйелі етіп таңдады. 1744 жылы София ханшайым Ресейге келіп, Екатерина Алексеевна есімімен православие дінін қабылдады және 1745 жылы Петр Федоровичке, болашақ император III Петрге тұрмысқа шықты.

Ол 1762 жылы күйеуі император III Петрді қастандық пен төңкеріс арқылы құлатып, таққа отырды. Император I Петр бастаған күшті мемлекет, бірақ еуропалық ағарту идеялары негізінде – билеушінің өзі үшін де, құзырындағылар үшін де міндетті әділ, «іргелі» заңдарға негізделген мемлекет құру процесін аяқтауды көздеді. Мұндай «заңды монархияны» құру және құзырындағылардың әрқайсысы және жалпы қоғамның «игілігі» мен «қауіпсіздігін» қамтамасыз ету биліктің маңызды міндеті деп санады. Жалпы II Екатеринаның билік ету кезеңі «орыс тарихының алтын ғасыры» деп аталып, салыстырмалы түрде саяси тұрақтылық кезеңі болды.

II Екатерина патшалығы (1762-1796) Ресей мемлекетінің және қоғам өмірінің барлық салаларында елеулі өзгерістермен сипатталды.

Императрица өз заманындағы ең білімді тұлғалардың бірі болып саналды, ол атақты еуропалық ойшылдармен және ғалымдармен хат жазысып тұрды, бірнеше әдеби шығармалардың авторы болды. Мемлекетте бірінші болып өзіне және ұлына шешекке қарсы екпе салдырып, басқаларды да өз үлгісімен соған шақырды. Оның билік ету кезінде жетім балаларға арналған тәрбие үйлері, дворян әйелдерге арналған алғашқы орта білім беру мекемесі – Смольный институты ашылды,                   Санкт-Петербургте Императорлық  көпшілік кітапханасы мен орыс тілі мен әдебиетін зерттеу орталығы – Ресей Академиясы құрылды. II Екатерина бастамасымен мектеп реформасы жүргізіліп, бірыңғай мемлекеттік бастауыш білім беру жүйесі – 2-сыныптық уездік және 4-сыныптық губерниялық училищелер желісі құрылды. Ол Эрмитаждың бірегей көркемөнер топтамаларының негізін қалады, ол үшін өнер туындыларын жеке өзі сатып алды, оның бастамасымен Санкт-Петербургте I Петрге арналған «Қола шабандоз» алғашқы зайырлы ескерткіші орнатылды, оның тұғырында «Бірінші Петрге Екатерина Екіншіден» деген жазу жазылған.

Бұл кезеңде Ресей Түркиямен соғыста жеңіп, Қырым мен Азовты иелігіне алды. Польшаны бөлу нәтижесінде Украинаның бір бөлігі, Белоруссия Ресейге қосылды.

1763 жылы Украинаны Ресей империясының құрамына біріктіру және орталық билікті нығайту шеңберінде II Екатерина Киевтегі Киево-Могилян академиясында (Киевтегі тарихи жоғары оқу орны, 1701 жылдан 1817 жылға дейін осы атаумен болған) украин тілінде сабақ беруге тыйым салды.

II Екатерина патшалығы кезеңінде Қазақстан 1731 жылы Әбілқайыр хан (Кіші жүздің бірінші ханы) Ресей бодандығын қабылдаған кезде орнаған Ресей протекторатында болды. II Екатеринаның бұл аймақтағы саясаты әскери жазалау, қазақтардың Ресей билігіне деген экономикалық қызығушылығын ынталандыру және мәдени-идеологиялық экспансияны біріктірді. II Екатерина көшпелі қазақтарды отырықшылыққа көшіруге ерекше мән берді, сондай-ақ қазақ даласына орыс шаруаларын қоныстандыру және жергілікті көшпенділерді егіншілік дағдыларына үйрету бойынша қосымша шаралар қабылданды.

Ол 1796 жылы Санкт-Петербургтегі Қысқы сарайда қайтыс болып, Петропавл соборында жерленген.

Ұлы II Екатерина билік еткен жылдарда Ресей еуропалық құрлықтық империя ретінде өз күшінің шыңына жетті. Қазір тарихшылар арасында империяның мемлекетті ұйымдастыру формасы ретінде оның көпұлтты және көпконфессиялы халқының мүдделеріне қаншалықты сай болғаны туралы қызу пікірталастар жүріп жатыр.

Олардың кейбірі империяны жаулап алынған халықтың зорлық-зомбылықтан қорқуына негізделген жасанды және агрессивті мемлекет түрі деп санайды. Басқалары бұған басқаша көзқараспен қарайды. Мұндай мемлекеттілік формасы оны мекендейтін халықтардың ұлттық дербестігін жойып, олардың біртұтас өркениеттік үдеріске қосылуына ықпал етті деп көрсетеді.

 

Дереккөздер:

РИА Новости

Lenta.ru

 

Уикипедия

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу