Басты бетке қайту

Америкалық астронавттардың Ай бетіне қонуы

1969 жылы 16 шілдеде Америка Құрама Штаттарының "Аполлон 11" ғарыш кемесі адамның алғаш рет Айға қонуын жүзеге асыру үшін Канаверал мүйісі маңында орналасқан Кеннеди атындағы Ғарыш орталығындағы алаңнан ұшырылды. Экипаж құрамына командир Нил Армстронг, пилоттар Эдвин Олдрин және Майкл Коллинз кірді. Кеменің Ай бетіне қонуға арналған бөлігі - ай модулі - Eagle ("Бүркіт"), ай орбитасында қалған командалық модуль - "Колумбия" деп аталды. Ұшуды бақылау Хьюстондағы (АҚШ-тың Техас штатындағы қала) АҚШ Ұлттық аэронавтика және ғарыш кеңістігін зерттеу басқармасының (NASA) Ғарыш орталығынан жүзеге асырылды. 1965 жылы іске қосылғаннан бері Орталық ғарышкерлермен байланысқа шыққанда қолданылатын "Хьюстон" шақыру сөзімен танымал.

"Аполлон-11" экипажы. Солдан оңға қарай: Нил Армстронг, Майкл Коллинз, Базз Олдрин

Дереккөз: lenta.ru

Ғарыш кемесінің ұшырылуы 6 континентте әлемнің 33 елінде теледидардан тікелей көрсетілді. Кеме ұшқаннан кейін АҚШ президенті Ричард Никсон Ақ үйде ғарышкерлер ай бетіне аяқ басуы тиіс алдағы дүйсенбі, 21 шілде күнін  ұлттық Қатысу күні және мемлекеттік қызметкерлер үшін демалыс күні деп жариялады.

Ұшқаннан кейінгі төртінші күні кеме Ай орбитасына шықты. Eagle ғарыштық ай модулі командалық модульден бөлініп, 20 шілдеде АҚШ-тың шығыс жағалауының уақыты бойынша 16 сағат 18 минутта Айға Тыныштық Теңізіне  қонды. Қонғаннан кейін бірден экипаж командирі жерге: "Хьюстон, Тыныштық Базасы (қону алаңына астронавтардың берген атауы) сөйлеп тұр. "Бүркіт" қонды", - деп хабарлады.

Қонғаннан кейін бірнеше сағаттан соң, 20 шілде күні АҚШ-тың шығыс жағалауының уақыты бойынша 22 сағат 56 минутта Нил Армстронг адамзаттан алғашқы  болып айға аяқ басты. Оның Ай бетінде айтқан алғашқы сөздері: "Бұл адам үшін бір кішкентай ғана қадам, бірақ адамзат үшін үлкен секіріс".

Шамамен 20 минуттан кейін ай модулінен Эдвин Олдрин шықты (Майкл Коллинз ай орбитасындағы командалық модульде қалды). Астронавттар Ай бетінде екі жарым сағаттай уақыт өткізді. Айға шығу кезінде 21,55 кг ай топырағының үлгілері жиналып, ғылыми аспаптар орнатылды. Сонымен қатар, астронавттар Ай бетінде АҚШ-тың ұлттық туын тікті және Ғаламды зерттеу ісіне өз өмірлерін берген адамдар бейнеленген медальдарды қалдырды, олар: кеңестік ғарышкерлер Юрий Гагарин (ғарышқа ұшқан алғашқы адам, ғарышқа ұшудан 7 жыл өткен соң ұшақты сынау кезінде апатта қаза тапты) және Владимир Комаров (1967 жылы сәуірде ғарыш аппаратын түсіру кезінде қаза тапты), және 1967 жылы қаңтарда "Аполлон-1" ғарыш кемесін сынау кезінде қаза тапқан америкалық ғарышкерлер Вирджил Гриссом, Роджер Чаффи және Эдуард Уайт.


Америкалық астронавттардың Ай бетіне қонуы, 1969 ж.
Дереккөз: lenta.ru

Әлемнің 136 мемлекетінің шағын жалаулары мен "Мұнда Жер планетасының адамдары алғаш рет Айға аяқ басты. Шілде, Христостың туылуынан бергі 1969 жыл. Біз бүкіл адамзат атынан бейбітшілік пейілмен келдік" сөздері ойып жазылған металл пластина  Айға жеткізілді.

Eagle Айда барлығы 21 сағат 36 минут 21 секунд өткізді. Модуль Ай бетінен сәтті ұшып шығып, 1969 жылғы 24 шілдеде "Аполлон-11" жерге қонушы аппараты Тынық мұхитының бетіне аман-есен қонды.

1969 жылғы 12 тамызда Нил Армстронг, Эдвин Олдрин және Майкл Коллинздің АҚШ қалалары мен әлем елдеріне туры басталды. 1969 жылдың қараша айының басында "Аполлон-11" экипажы 22 елдегі 29 қалаға барып, 20 мемлекеттің басшыларымен кездесті, көптеген марапаттарға ие болды.

 

Дереккөздер:

РИА Новости

Российская газета

 

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу