Басты бетке қайту

Мин әулеті (1368-1644)

XIII-XIV ғасырларда Қытай моңғолдардың Юань империясының бір бөлігі болған (1271-1368).Білеушілердің қытайлықтарға қатысты кемсітушілік саясаты, жоғары салық және суару қондырғыларының жарамсыздығы су тасқыны мен аштыққа әкеліп, Қытай шаруаларының жаппай наразылығын тудырды. 1351 жылы шаруалардың жекелеген наразылықтары моңғол билігіне қарсы толыққанды көтеріліске - "Қызыл орамалдылар" көтерілісіне ұласты (көтерілісшілер өздерін ажырату үшін бастарына байлаған таңғыштардың түсінен).

Көп ұзамай көтерілісшілердің арасынан Чжу Юаньчжан көзге түсті, көтеріліс басталғанға дейін ол - кедей шаруа, кейін - будда монахы. Моңғол әскерлерін жеңу арқылы өз билігін нығайтып, сондай-ақ "Қызыл орамалдылар" басшылары арасынан шыққан бәсекелестерін жойып, ол 1368 жылы бұрынғы билік еткен әулеттің астанасын талқандап, жаңа империя құрылғанын жариялады, оған Мин, яғни "нұр шашқан" деп ат қойды. Чжу Юаньчжан өзін Тай Цзу деген атпен император жариялады, ал Нанкин қаласын өзінің астанасы етіп, оны қабырғамен қоршатты.

Бірінші Мин императоры 30 жыл билік жүргізіп, мемлекеттік өмірді қатаң регламенттеді, келіспегендердің көзін құртты. Осы уақыт ішінде ол жер иелеріне сүйене отырып, мемлекет экономикасын едәуір нығайтты, мемлекеттік жер қорын құрды, тың жерлерді игеруді бастады, суару жүйесін қалпына келтіру үшін шаралар қабылдады. Құлдық пен адам саудасы жойылды, шенеуніктер мен монахтардың өкілеттіктері мен мүмкіндіктері айтарлықтай шектелді, сонымен қатар қоныс аудару мен қызмет бостандығын реттейтін қатаң заңдар енгізілді. Салық салуды реттеу үшін император халық санағы мен салық реформасын жүргізді. Империяның тұрақты армиясындағы жауынгерлер саны миллионнан асты, ал Нанкиндегі әскери-теңіз күштерінің верфтері әлемдегі ең ірі верфтер болды. "Ұлы Мин әулетінің заңдары" ("До Мин люй") әзірленді, оны 276 жыл бойы дерлік билік құрған Мин әулетінің барлық императорлары басшылыққа  алып отырды.

Тарихшылар Мин әулетінің үшінші императоры - Чжу Ди билігін ең сәтті және елеулі деп санайды, ол азаматтық соғыс нәтижесінде тақты өз жиенінен тартып алған. Чжу Ди империяның әкімшілік құрылымын қайта қарап, жекелеген тайпалар арасындағы қайшылықтарды жойды, сыбайлас жемқорлық пен құпия қоғамдарды жоюға кірісті. Қалпына келтірілген емтихандар жүйесінің арқасында үкіметке офицерлер мен шенеуніктердің жаңа буыны тартылды. Азық-түлік пен маталар өндірісі ұлғайтылды, Янцзы атырауында жаңа жерлер игерілді, өзен арналары тазартылды , ал Ұлы Қытай каналы (Хуанхэ мен Янцзы өзендерін жалғайды, тарихтағы ұлы гидротехникалық қондырғылардың бірі ) қайта салынды және кеңейтілді, бұл сауда мен теңізде жүзудің дамуына ықпал етті. Нанкиндегі кеме зауыттарында үлкен мұхит кемелері  – ұзындығы 133 м және ені 20 м жететін тоғыз мачталы джонкалар жасалды. Адмирал Чжэн Хэ (сарай евнухтарының бірі) бастаған Қытай флоты Оңтүстік-Шығыс Азияға, Цейлонға, Үндістанға және Парсы шығанағына жорықтар жасады, нәтижесінде көптеген билеушілер тұтқынға алынып, Мин сарайына алым-салық түсе бастады. Бұл экспедициялар империяның ықпалын едәуір кеңейтті және Ұлы географиялық ашылулардың еуропалық дәуірінен бірнеше онжылдықтар бұрын болды.

Чжу Ди империяның астанасын Пекинге көшіріп, Тыйым салынған қала – Пекиндегі Сарай кешенін салуға бұйрық берді, ол 500 жылдан астам уақыт бойы Қытай билеушілерінің резиденциясы болды.

Мин империясы белсенді сыртқы экспансия жүргізді. Қытай әскерлері моңғолдарды қуып, жапон қарақшыларын талқандады, Корея мен Солтүстік Вьетнамды бағындырды. Сыртқы сауда, ауыл шаруашылығы, қолөнер белсенді дамыды. біздің эрамызға дейінгі III ғасырда салына бастаған Ұлы Қытай қорғаны  - ұзындығы шамамен 9 мың шақырым ға созылатын үлкен құрылымның құрылысы аяқталды.

Мин империясының экономикасының ерекшелігі - өңдеу өнеркәсібінің жекешелендірілуі, мемлекеттің монополиясында тұз және шай өнеркәсібі болды, қалған секторларда билік араласпау саясатын ұстанды. Мин әулеті билік құрған кезеңнің ортасына қарай бай саудагерлердің аса қуатты топтары Қытай өнеркәсібінде мемлекетті алмастырды. Билік  шаруалардың  бұрын қолданылып келген міндетті мәжбүрлі еңбегін жойып, оны жалдамалы еңбекпен алмастырды, сөйтіп жаңа тап - жалдамалы жұмысшылар табын құрды.

Мин дәуірінде мәдениет белсенді дамыды. Жаңа суретшілер пайда болды, кітаптар басылды, тіпті алғашқы газет – "Император хабаршысы" шығарылды. Кітап шығару ісі кеңейе түсті. Көп томдық энциклопедиялар, атластар құрастырылды, экспедицияларға қатысушылар дайындаған бөгде жерлердің сипаттамалары жарық көрді.

Мин империясының картасы, 1644 жыл

Дереккөз: Ұлы оқиғалар сайты

Алайда, уақыт өте келе империяның мемлекеттік аппаратында ыдырау белгілері пайда болды, ал XVII ғасырдың басында сыбайлас жемқорлық түгелдей торлап алды, императорларды саясат  қызықтыра қоймады, жоғарғы билік түгелімен олардың көптеген туыстарының, евнухтар мен сарай маңындағылардың қолында шоғырланды. Бұрын мемлекеттік меншікте болған және сол жерлерді өңдегендерге бекітілген жерлер сенімге кіріп алғандарға жекешелендіріліп берілді, жоғары жалдау мөлшерлемелері ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерді күйретті.

Басқарушылық дағдарыс пен ауылдың күйреуін ауа-райының қолайсыз жағдайлары – жаһандық салыстырмалы салқындау кезеңі (XV-XIX ғасырдың басындағы Кіші мұз дәуірі) де күшейте түсті. Төмен өнімділік пен басқарудың нашарлығы халықты жаппай ашаршылық пен кедейленуге әкеліп соқтырды, бұл империяда наразылық пен бүлік тудырды.

Мин империясы өзін-өзі оқшаулау саясатын жүргізе бастады. Осы уақытта Қытайдың солтүстік-шығыс шетінде маньчжурлардың Нурхаци кланыны билік еткен жас күшті мемлекеті пайда болды. Ли Цзычэннің шаруалар көтерілісін пайдаланып, олар Пекинді басып алды. Мин әулетінің соңғы императоры - Чжу Юцзянь өзіне-өзі қол жұмсады. Мин империясы құлады және Қытай маньчжурлардың Цин империясына қосылды.

 

Дереккөздер:

China Trips

Рувики

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу