
«Мәдени мұра» («Культурное наследие» мемлекеттік бағдарламасының логотипі
Дереккөз: E-history.kz
Қазақстан Республикасының «Мәдени мұра» («Культурное наследие») мемлекеттік бағдарламасы – Қазақстанның тарихи-мәдени дәстүрлерін жаңғырту үшін Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен әзірленген ауқымды іс-шаралар кешені. Мемлекет басшысы 2003 жылы Қазақстан халқына Жолдауында бағдарламаны стратегиялық ұлттық жоба ретінде әзірлеуді тапсырды. Қазақстан посткеңестік кеңістік елдерінің алғашқысы болып тарихи-мәдени салада осындай ауқымды жобаны іске асыруды бастады.
Бағдарламаны іске асыру 2004 жылы басталып, екі жылға есептелді. Кейін 2007 - 2009 жылдары және 2009-2011 жылдары «Мәдени мұраның» екінші және үшінші кезеңдері іске асырылды.
Бағдарлама Қазақстанның аса бай мәдени мұрасын зерделеу жүйесін құруға, гуманитарлық білім берудің мемлекеттік тілдегі толыққанды қорын қалыптастыруға бағытталған. Бағдарламаны іске асыру, сонымен қатар, ағарту мен Қазақстанның мәдени мұрасын ел аумағында және одан тыс жерлерде насихаттауды, қазақ халқының тарихи дәстүрлерін жаңғыртуды және туризмді дамытуды мақсат етті.
Бағдарламаны іске асырудың негізгі бағыттары:
ұлттық тарихтың тарихи-мәдени, сәулеттік ескерткіштерін қалпына келтіру;
археологиялық зерттеулер;
қазақ халқының мәдени мұрасын зерделеу бойынша ғылыми зерттеулер;
қазақ халқының мәдени мұрасын насихаттаумен және тарихи-мәдени объектілерде туризм индустриясын дамытумен байланысты әлеуметтік маңызы бар жобалар;
Қазақстан халықтарының тарихы, мәдениеті және тарихи мұрасы бойынша басылымдарды жүзеге асыру.
«Мәдени мұра» бағдарламасын іске асыру шеңберінде ондаған ғылыми-қолданбалы және археологиялық зерттеулер мен экспедициялар өткізілді, олар ғылымды Қазақстан тарихы туралы түсінік беретін мыңдаған артефактілермен байытты. Шығыс Қазақстан облысындағы Шілікті және Берел қорғандарын қазу және "скиф-сібір аң стиліне" немесе сақ өнеріне (б. з. д. V-III ғғ.) жататын алтын бұйымдардың табылуы әлемді елең еткізді. Қытайға, Түркияға, Моңғолияға, Ресейге, Жапонияға, Египетке, Өзбекстанға, Арменияға, АҚШ-қа және Батыс Еуропа елдеріне ғылыми-зерттеу экспедицияларының нәтижесінде Қазақстанда бұрын белгісіз болған 5 мыңнан аса құнды мұрағат құжаттары, ел тарихы, этнографиясы, өнері жөніндегі қолжазбалар мен баспа басылымдары елге жеткізілді.
Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет ауқымды түгендеу жүргізіліп, республикалық (218 нысан) және жергілікті (11 277 нысан) маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізімі бекітілді. 80-ге жуық тарихи-мәдени ескерткіш қалпына келтірілді.
2004-2011 жылдар аралығында 537 кітап бір жарым миллионнан аса таралыммен жарық көрді, олардың ішінде - тарих, археология, этнография, әдебиеттану бойынша бірегей сериялар, жаңа энциклопедиялық сөздіктер, оның ішінде "Бабалар сөзі" ("Слово предков"), "Қазақтар құқығының ежелгі әлемі", "Қазақ музыкасының антологиясы", "Қазақ тілі синонимдерінің сөздігі", "Қазақ халқының ежелгі заманнан бүгінгі күнге дейінгі философиялық мұрасы", "Қазақ әдебиетінің тарихы".
Тарихи және этнографиялық бейіндегі мемлекеттік мұражайлардың, Қазақстан тарихының естелік оқиғаларына арналған мемориалдардың кең желісі құрылды, соның ішінде - Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі, "Есік" мемлекеттік музей-қорығы (Алматы облысы, 2010 ж.) және "Берел" мемлекеттік музей-қорығы (Шығыс Қазақстан облысы, 2008 ж.). Әл-Фараби кесенесі мен тарихи-мәдени орталығының құрылысы аяқталды.
Орындаушы-музыканттардың мұрағаттар мен қоймаларда сақталып келген көрнекті фоножазбаларын қалпына келтіру және заманауи аудиотасығыштарға көшіру бойынша бірегей жұмыстар жүргізілді. Қазақ дәстүрлі музыкасының "Мәңгілік сарын: қазақтың 1000 күйі, 1000 әні" («Вечные напевы: 1000 кюев, 1000 песен казахов») антологиясы жарық көрді.
"Қазақфильм" АҚ киностудиясы ұлттық мәдениеттің аса маңызды тарихи орындары мен мұралары туралы бірнеше ондаған деректі фильмдер шығарды: "Қорқыт. Күй тарихы", "Номадтардың музыкалық мұрасы", "Ежелгі Түркістанның сәулет ескерткіштері", "Жүсіп Ата кесенесі", "Тамғалы петроглифтері" және т. б. "Мәдени мұра" бағдарламасы бойынша түсірілген фильмдер циклы.
Қазақстанның мәдени-тарихи мұрасын шетелде әйгілеудің арқасында Қазақстан халқының ұлттық рухани қазынасының байлығы бүкіл әлемге паш етілді. Бұл Қазақстанның оң имиджін қалыптастыруға үлкен әсерін тигізді және елді түркі өркениетінің орталығы ретінде танытуға мүмкіндік берді. Туризм саласы қуатты серпін алды, ал Қазақстан ішінде ұлттық салт-дәстүр мен ел тарихын жандандыруға қызығушылық күрт өсті.
«Мәдени мұра» бағдарламасында басталған халықтың тарихи-мәдени мұрасына мемлекеттік қолдау көрсету және оны қастерлеу өз логикалық жалғасын тауып, мемлекеттік саясаттың бір бөлігіне айналды. Мәселен, "Халық тарих толқынында" («Народ в потоке истории», 2013–2015 годы) және "Мұрағат — 2025" мемлекеттік бағдарламалары "Мәдени мұраны" жалғастырды.
Дереккөздер:
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу