Басты бетке қайту

Отан ордені


Отан ордені
Дереккөз: Kursiv.media

«Отан» ордені – Қазақстан Республикасының ең жоғары ордендерінің бірі. Ол мәртебесі жағынан «Алтын Қыран» орденінен, «Халық Қаһарманы» және «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтарынан кейінгі орында тұр. 1993 жылы бекітілген «Отан» ордені жобасының авторы – алматылық «Сувенир» зауытының суретшісі Лев Метлин.

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, «Отан» ордені «мемлекеттік және қоғамдық қызметте, экономиканы, әлеуметтік саланы, ғылым мен мәдениетті дамытуда, мемлекеттік, құқық қорғау және әскери қызметте, демократия мен әлеуметтік прогресті дамытудағы ерекше еңбегі үшін» азаматтарға беріледі. Заңда «Отан» орденінің бір рет қана берілетіні айқындалған.

1999 жылдан бастап «Отан» ордені «Халық Қаһарманы» және «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтарының Алтын жұлдыздарымен бірге де табыс етіледі. «Отан» ордені иегерінің есімі ең жоғары ерекшелік белгілері – «Алтын Қыран» ордені, «Халық Қаһарманы» және «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтарының иегерлерімен бірге Қазақстан Республикасының Даңқ кітабына енгізіледі. Ақшалай қаражат және басқа да жеңілдіктер мен артықшылықтар қарастырылмаған.

Орден күмістен жасалған. «Отан» орденінің қазіргі белгісі – көлемі 45×47 мм сопақша пішінді, ортасында түрлі түсті эмальмен Қазақстан Республикасының мемлекеттік елтаңбасы, артында жан-жаққа тараған сәулелер бейнеленген. Сопақшаның бүйір жақтары лавр бұтақтарымен көмкерілген, олардың үстінен қызыл түсті лента оралған, онда «ОТАН» деген жазу бар. Сопақша және елтаңба түсі ашық көгілдір түсті мөлдір эмальмен көмкерілген, шығыңқы бедері алтынмен жалатылған. Орденнің артқы жағына реттік нөмірі ойып жазылады.

2024 жылдың соңына қарай Қазақстанда небары «Отан» орденінің 200-ге жуық иегері болған. Орденнің алғашқы иегері – Қарағанды металлургия комбинатының бұрынғы қақтаушысы, Кеңес Одағының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің II шақырылымының депутаты Сергей Васильевич Дрожжин (1938-2007) болды. Ол 1994 жылғы 23 қазандағы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен марапатталды. «Отан» орденімен қайта марапаттау ережеде қарастырылмаса да, орден екі рет берілгендер бар, мысалы, «Зенченко и компания» коммандиттік серіктестігінің бас директоры Геннадий Иванович Зенченко (1937-2016). Ол 1999 жылы «Отан» орденімен марапатталды, ал 2008 жылы «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына берілген Алтын жұлдызбен бірге екінші «Отан» орденін алды.

 

Дереккөздер:

Курсив

Falerea.com

 

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу