Басты бетке қайту

Инаугурация

Инаугурация (латынша inauguratio — бастау, арнау) — жаңа мемлекет басшысының лауазымға ресми кірісуіне арналған салтанатты жариялық рәсім.

Қазіргі инаугурация әртүрлі елдерден, мысалы Ұлыбританиядан бұрынғы монархтардың тәж кию салтанатынан алынған. Алғашқы президент инаугурациясы рәсімі  АҚШ-та өтті – 1789 жылғы 30 сәуірде Американың тұңғыш президенті Джордж Вашингтон Нью-Йорктегі Федерал-холл ғимаратының балконында салтанатты түрде ант қабылдап, одан кейін Сенат залында өзінің инаугурациялық сөзін сөйледі.

Инаугурация әртүрлі елдерде әрқалай өтеді: кей еллерде бұл өте сән-салтанатты және көркем түрдегі іс-шара болса, басқа елдерде қарапайым әрі жұпыны рәсім ретінде өтеді. Дәстүр бойынша рәсім ел тарихы мен дәстүрлерін бейнелейтін нышанды заттар мен іс-шараларды қамтиды, себебі инаугурация – мемлекет дамуының жаңа кезеңіне аяқ басу және жақсы өзгерістерді күту мәніне сай нышанды рәсім.

Президенттің ант қабылдауы мен инаугурациялық сөзі көптеген елдерде рәсімнің бөлігіне айналды. Алайда, олар міндетті емес, мысалы, Франция президенті инаугурация кезінде ант қабылдамайды. Сондай-ақ, әдетте, инаугурацияға биліктің басқа тармақтары мен мемлекеттік институттардың, маңызды қоғамдық құрылымдардың басшылары қатысады. Мемлекет басшысының инаугурациясына шетелдік мемлекеттердің өкілдері мен елдің жекелеген азаматтарын шақыру ерекше еңбегін мойындау белгісі болып саналады.

Қазақстандағы алғашқы президент инаугурациясы 1991 жылы 10 желтоқсанда Алматы қаласындағы Республика сарайында өтті. Ол алғашқы жалпыхалықтық президент сайлауында 98,7% дауыс жинап жеңіске жеткен Нұрсұлтан Назарбаевтың жеңісінен кейін өтті.


Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты ұлықтау рәсімі. 1991 жылғы 10 желтоқсан. Республика Сарайы, Алматы
Дереккөз: Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызмет хроникасы

Қазіргі таңда Қазақстан Президентінің инаугурация рәсімі Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өтеді. Салтанатты залға мемлекеттік және президенттік биліктің рәміздері – Мемлекеттік Ту, Президент Штандарты және Қазақстан Республикасының Конституциясы енгізіледі. Конституцияның 42-бабына сәйкес сайланған Президент қолын Қазақстан Республикасының Конституциясына қойып: «Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасы Президентінің өзіме жүктелген міндеттерін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін!» деп ант береді. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Президентке куәлік табыстайды, Мемлекеттік Әнұран орындалып, Президент резиденциясының үстінде Мемлекеттік Ту көтеріледі.

 

Дереккөздер:

Ақорда

Қазақстан тарихы порталы

РБК

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу