Басты бетке қайту

Көрікші (домнашы)

Шойын мен болат өндірісінде - қара металлургияда өндіріс процесі темір рудасынан темірді бөліп алудан басталады. Оның бірінші кезеңі - шойын қорыту (темір мен көміртек қорытпасы) - домна пешінде немесе домнада өтеді. Бұл процесті домнашы жүзеге асырады. Цехта домнашыдан басқа пештің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ететін басқа да мамандар: су құбыршы, газшы, кран машинистері, технологтар жұмыс істейді. Бірақ пештің қорытылған сұйық шойын жиналатын төменгі бөлігі - көріктің жанында тұрып тікелей жұмыс істейтін - домнашы. Сондықтан мамандықтың екінші бір атауы – көрікші.

Шикізат пештің жоғарғы бөлігіне салынады. Содан кейін қызу мен оттегінің әсерінен, химиялық реакциялар тізбегінің нәтижесінде рудадан темір қорытылады, ол шойынға айналады. Металл төмен қарай, пештің түбіне - шойын мен қожды шығаруға арналған арнайы құрылғылар - леткалар бар көрікке ағып жиналады. Қорытардың алдында леткаларды арнайы отқа төзімді «тығынмен» бітейді. Пештегі шойын дайын болған кезде, бұрғылау машинасының көмегімен леткада тесік бұрғыланады, шойын сол арқылы ағады. Үлкен домна пешінде осындай бірнеше летка болуы мүмкін, пеш қасында бірден бірнеше домнашы: аға көрікші мен оның көмекшілері жұмыс істейді.

Летканы тескеннен кейін көріктің ішіндегі қорытпаның от ағыны сыртқа атылып шыққан кезде, көрікшілер шойын мен қожды (қорыту қалдықтарын) бөліп, оларды әртүрлі науаларға бағыттайды. Науаларда «бөгеттер» пайда болмауын және металдың кедергісіз ағылуын қамтамасыз етеді. Шойынды пештен шығарғаннан кейін, домнашылар леткаларды қайтадан бітеп, металдың жаңа партиясын қабылдауға дайындалады.


Көрікші
Дереккөз:
Надеждинск металлургия зауытының сайты

Домна пешінің жұмыс технологиясы: қорыту процесі пеш іске қосылған сәттен бастап күрделі жөндеуге тоқтатылғанға дейін үздіксіз жүруі тиіс. Пешті авариялық жоспардан тыс тоқтату - төтенше жағдай, материал мен уақыт шығыны бойынша жаңа домнаны іске қосумен барабар. Сондықтан домна  жұмыс істеп тұрған уақыт бойы технологиялық тізбектің барлық элементтерінің дұрыс жұмыс істеуін мұқият бақылау қажет.

Көрікші кәсібі - ауыр жұмыс, ол төзімділікті, жауапкершілікті, ептілікті және зейінді шоғырландыра білуді қажет етеді. Домнашы зор күш иесі әрі төзімді адам болуымен қатар,  домна процесінің негіздерін, домна пешінің құрылысын, шойын мен қождың қасиеттерін білуі тиіс, жабдықтарды пайдалана білуі және орын алған жағдайларда тез жөн таба білуі керек.

 

Нұрсұлтан Назарбаев Қарметкомбинат домна пешінің көрікшісі, Теміртау қаласы 1962 жыл

Дереккөз: Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің сайты

 

Дереккөздер:

Профгид

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу