Басты бетке қайту

Михаил Калинин (1875-1946)


Михаил Калинин
Дереккөз: Википедия

Михаил Иванович Калинин 1875 жылы 19 қарашада Тверь губерниясының Корчевский уезінің Жоғарғы Троица ауылында (қазіргі Ресей Федерациясының Тверь облысының Кашин ауданы) шаруа отбасында дүниеге келген.

Бастауыш земство училищесін бітіріп, 1895 жылдан бастап машина жасау зауытында токарь болып жұмыс істеді, жасырын революциялық қызметке қатысты. 1898 жылы Ресей социал-демократиялық жұмысшы партиясына (РСДЖП) кірді, 23 жасында алғаш рет қамауға алынды. Жалпы 14 рет тұтқындалып, бірнеше рет жер аударуға кесілді.

1919 жылы Қазан революциясынан кейін Кеңес мемлекетінің басшысы Владимир Лениннің ұсынысы бойынша Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің (БОАК) төрағасы болып сайланды.

Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы (КСРО) құрылғаннан кейін Кеңес Одағының Орталық Атқару Комитетінің төрағасы болып сайланды. 1923 жылы КСРО-да ағарту ісін үйлестіретін «Сауатсыздықты жою» қоғамын басқарды. 1938 жылы конституциялық реформадан кейін КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы қызметіне тағайындалып, формальды түрде мемлекеттің басшысына айналды.

Ол өзінің ашықтығымен және қарапайым халыққа көмектесуге дайындығы үшін «бүкілодақтық староста» атанып, танымал болды. Өз қызметі барысында сегіз миллионнан астам адамды қабылдады. Оны сондай-ақ «Калинин ата» және «жұмысшы-шаруа президенті» деп атады (Батыста оны «Кеңестік президент Калинин», Soviet President Kalinin деп атаған).

Михаил Калинин Қазақстанға бірнеше рет келген, соның ішінде 1935 жылы да келіп, Алматы ауданындағы «Социалдық» ауыл шаруашылығы артеліне жерді мәңгілік пайдалану туралы актіні табыс етті. Бұл кеңес үкіметінің «Жер — шаруаларға!» деген революциялық ұрандарының бірінің өзіндік көрінісі болды.


Михаил Иванович Калинин жерді мәңгілікке пайдалану актісін тапсыруда
Дереккөз: Informburo.kz

Артель мүшелері «бүкілодақтық старостаға» алғыс ретінде оны артельге бірауыздан қабылдады, кейіннен бұл артель Калинин атындағы колхозға (ұжымдық шауашылыққа) айналды, ал жерді мәңгілік пайдалану туралы акт табыс етілген жерге бюст орнатылды.

Кеңес заманында Қазақстанда Алматыдағы ауданға, зауытқа, мектепке және колхозға Михаил Калининнің есімі берілді. Қазір оның есімі қала атауларынан жоғалғанымен, ол Қазақстан тарихында маңызды рөл атқарды. Ол республикаға қатысты маңызды шешімдерді қабылдауға, соның ішінде Қырғыз Автономиялық Социалистік Кеңестік Республикасын құру туралы декретке қатысты.

1946 жылы 3 маусымда қайтыс болды, Мәскеуде Кремль қабырғасының жанындағы қорымға жерленді.

 

Дереккөздер:

Уикипедия

Informburo.kz

 

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу