
Михаил Жванецкий
Дереккөз: Большая Российская энциклопедия
Михаил Михайлович Жванецкий 1934 жылы 6 наурызда Одессада (Украин Кеңестік Социалистік Республикасы, қазіргі – Украина) дәрігерлер отбасында дүниеге келген.
1956 жылы Одесса теңіз флоты инженерлері институтын (қазіргі – Одесса ұлттық теңіз университеті) бітіріп, Одесса теңіз сауда портында механик, кейіннен Орталық жобалау-конструкторлық бюросында жұмыс істеді.
Студенттік жылдары өнер үйірмелерінің белсенді қатысушысы болып, «Парнас-2» студенттік театрында жиі өзінің миниатюралары мен монологтарын орындайтын.
1964 жылы Аркадий Райкин жетекшілік еткен Ленинград мемлекеттік эстрадалық миниатюралар театрының қызметкері болды, онда 300-ден астам миниатюра мен монолог жазды. 1967 жылы Аркадий Райкинмен бірлесіп, «Бағдаршам» бағдарламасын қойып, онда алғаш рет атақты «Авас», «Тапшылық», «Техникиа ғасыры», «Грек залында» миниатюралары орындалды.
Мәскеу және Ленинград театрлары мен жеке орындаушылар үшін мәтіндер мен сценарийлер жазып, «Молодая гвардия» баспасында жұмыс істеді. Өзінің миниатюраларымен телебағдарламалар мен концерттерде өнер көрсетті.
1988 жылы Мәскеу миниатюралар театрын құрып, басшылық етті, онда оның шығармалары бойынша «Құстың ұшуы» (1988), «Таңдамалы шығармалар» (1988), «Саяси кабаре» (1989), «Менің Одессам» (1994) және басқа да қойылымдар қойылды. 1990–2020 жылдары Дүниежүзілік Одесса тұрғындары клубының президенті болды. 2002 жылдан бастап ай сайын «Ресей» телеарнасында әзіл-сықақ және сараптамалық шоу элементтерін біріктірген «Ел бойынша кезекші» телебағдарламасын шығарды.
Михаил Жванецкий – Кеңес Одағындағы және кеңестік кезеңнен кейінгі кеңістіктегі ең танымал әзіл-сықақ және сатиралық жанр авторларының бірі. Оның шығармаларын атақты әртістер, соның ішінде Аркадий Райкин және атақты дуэт Роман Карцев пен Виктор Ильченконың орындады, бірақ оның шығармалары автордың орындауында ең үлкен танымалдылыққа ие болды. Оның миниатюралары өткір әзіл-оспағымен, өткір әлеуметтік сындарымен, саяси астарларымен және аудиторияның көңіл-күйін дәл тануымен ерекшеленді. Орындаушының одессалық әсерлілігі, оның авторлық оқу мәнері мен екпіні керемет әсерге бөлейді. Оның бейнесінің ерекшелігі – әкесінің пациенттерінің ауру тарихын сақтаған ескі тозған портфелі. Осы портфельге Ялтада ескерткіш орнатылған, портфель қоладан құйылып, Михаил Жванецкийдің афоризмдерімен безендіріліп жазылған.
Ол жиі махаббат, ерлер мен әйелдер арасындағы қарым-қатынас туралы жазып, өмірдің мәні, кәрілік, үміт және оптимизм сияқты философиялық тақырыптарда ой толғады. Сатирик шығармаларынан алынған фразалар халық арасына тарап, уақыттың нышанына айналды, оның қойылымдарымен көптеген бейнероликтер жеке қысқа фильмдер ретінде көрсетіледі.

Михаил Жванецкийдің «Мұқият болу қажет!» авторлық монологы
Бірқатар миниатюралар, аудиокітаптар және дискілер жинақтарының авторы. 2001 жылы Михаил Жванецкий шығармаларының бес томдық жинағы жарық көрді, ол 2006 және 2009 жылдары қайта басылып шықты.
86 жасында 2020 жылы 6 қарашада Мәскеуде қайтыс болды, Новодевичье зиратында әскери құрметпен жерленді. Сатириктің туған жері Одессада 2020 жылдың 7 қарашасы қаралы күн деп жарияланып, қала ғимараттарындағы жалауларға қаралы ленталар байланды. Михаил Жванецкийге Одесса, Ялта және Ростов-на-Дону қалаларында ескерткіштер орнатылған.
Дереккөздер:
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу