
Муаммар Каддафи
Дереккөз: Биограф
Муаммар Каддафи (толық есімі – Муаммар бен Мухаммед Абу Меньяр Абдель Салям бен Хамид аль-Каддафи) 1942 жылы 7 маусымда Каср Абу-Хади ауылында (Сирт қаласының маңы және оның бір бөлігі, Ливия) көшпелі бәдәуилер отбасында дүниеге келген.
1963 жылы Ливия университетінің тарих факультетінде оқыды, бірақ Бенгазидегі (Триполиден кейінгі Ливиядағы екінші үлкен қала) әскери училищеге түсу үшін университетті тастап кетті. 1966 жылы Ұлыбританиядағы Боунингтон-Хис әскери мектебінде дайындықтан өтті.
«Ерікті офицерлер – юнионист-социалистер» ұйымын құрып, оған жетекшілік етті. 1969 жылы Ливияда төңкеріс жасап, соның нәтижесінде батысшыл король Идристің режимі құлатылып, Ливия Араб Республикасы жарияланды. Муаммар Каддафи Революциялық қолбасшылық кеңесінің төрағасы және жоғарғы бас қолбасшы лауазымын иеленді. Содан бері ол Ливияның премьер-министрі және қорғаныс министрі (1970–1972), Жалпыхалықтық конгрестің бас хатшысы (1977–1979) лауазымдарын ресми атқарып, кейіннен өзін «революция көсемі» деп жариялап, елді іс жүзінде басқарды.
Билікке келгеннен кейін қысқа мерзім ішінде Ливия аумағындағы барлық шетелдік әскери базаларды жойды, араб бірлігін жариялады, саяси партиялардың қызметіне тыйым салды. Шетелдік банктерді, шетелдіктердің меншігіндегі жерлерді, шетелдік қатысуы бар мұнай компанияларын мемлекет меншігіне алды (национализациялады). Муаммар Каддафи мұнайдан түскен қаражатты әлеуметтік қамсыздандыру бағдарламаларын қаржыландыруға, үйлер салуға, денсаулық сақтау мен білім беруді жақсартуға жұмсады: ауруханалар мен мектептер саны артып, дәрігерлер қатары көбейді, көптеген қауіпті аурулардың таралуы айтарлықтай төмендеді, міндетті білім беру мерзімі 6 жылдан 9 жылға дейін ұзартылды, ересектердің сауатын ашу бағдарламалары мен тегін университеттік білім беру жүйесі енгізілді.
1973 жылы Ливияда «мәдени революция» басталды, оның басты принциптері: барлық бұрынғы заңдардың күшін жою және мұсылмандық құқық — шариғат нормаларын қолданысқа енгізу; саяси қозғалыстарды тазарту және оппозициямен күрес; мемлекеттік аппараттағы жемқорлық пен бюрократияны жоюға бағытталған әкімшілік реформа болды. Іс жүзінде бұл шаралар Муаммар Каддафидің билігін нығайтып, саяси қарсыластарын басып-жаншуға көмектесті.
Муаммар Каддафи өзінің «Үшінші дүниежүзілік теория» атты саяси идеологиясын жасап, ол 1975–1979 жылдары үш қысқа том болып басылып шықты және «Жасыл кітап» деген ортақ атаумен танымал болды. Осы идеология негізінде 1977 жылы ол Ұлы Социалистік Халықтық Ливия Араб Джамахириясын — «бұқара мемлекетін» құрғанын жариялады. Елді басқару үшін 187 Негізгі халықтық конгресс құрылды, онда барлық ересек ливиялықтар ұлттық шешімдерге қатысып, дауыс берді. Жалпы басшылықты Жалпыхалықтық конгресс жүзеге асырды, оның бас хатшысы Муаммар Каддафи болды. 1979 жылдың басында ол бұл лауазымнан кетіп, өзін «революция көсемі» деп тағайындады.
Сыртқы саясатта бейтараптық бағытын жариялағанына қарамастан, Муаммар Каддафи тұсындағы Ливия Чадпен және Мысырмен соғысты, Африка ішіндегі бірқатар қақтығыстарға қатысты. Муаммар Каддафи Мысыр, Судан және Ливияны, сондай-ақ Тунисті біріктіруді үміт етіп, панарабтық мемлекет құруды жақтады, бірақ оның бұл жобалары жүзеге аспады. Ол қатаң антиамерикалық және антиеуропалық бағыт ұстанып, антиизраильдік позицияда болды.
80-жылдардың соңынан бастап террорлық әрекеттерді қолдады деген бірқатар айыптаулар негізінде Батыста халықаралық терроризмнің сыбайласы деп жарияланды, соның салдарынан Ливияға санкциялар салынды (санкциялардың көпшілігі 2004 жылы күшін жойды).
1990-жылдардың басында, Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ел аумағында ядролық қаруды сақтап қалуды ұсынады. Бұл үшін Қазақстанға ядролық арсеналдарды ұстауға 20 миллиард доллар беруге уәде етеді. Муаммар Каддафи «мұсылмандық атом бомбасын» жасағысы келді және бұл идеяны жүзеге асыру мүмкіндігін көрді, себебі еліміз ядролық қаруы бар алғашқы мұсылман елі болды.
Нұрсұлтан Назарбаев стратегиялық әрі жалғыз дұрыс шешім қабылдап, бұл ұсыныстан бас тартты. Ол бас тартуын бұл қадам әлемдегі жағдайдың болжап болмайтын өзгерістеріне және Қазақстанның халықаралық оқшаулануына әкеп соғатынымен негіздеді.
2000-жылдары Муаммар Каддафи либералды экономикалық реформалар жүргізіп, елді шетелдік инвестициялар үшін ашты, бұл еуропалық мемлекеттермен қарым-қатынасты айтарлықтай жақсартты.
2011 жылғы ақпанның ортасында ол өз отставкасын талап еткен оппозицияның жаппай наразылығына тап болды, бұл кейіннен әскери текетірес пен азаматтық соғысқа ұласты. 2011 жылы 20 қазанда оппозиция қоршауында қалған Сирт қаласынан шығып кетпек болған кезде содырлардың қолынан қаза тапты.
Дереккөздер:
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу