
Фидель Кастро
Дереккөз: Википедия
Фидель Алехандро Кастро Рус 1926 жылы 13 тамызда Кубада Биран деревнясында (Орьенте провинциясы) Испаниядағы Галисия провинциясының тумасы Анхель Кастроның отбасында дүниеге келген.
Гавана университетінің заң факультетінде білім алды, сонда империализмге қарсы көзқарастарға ден қойды. Университетті бітіргеннен кейін жеке адвокаттық қызметпен айналысты.
1952 жылғы 11 наурызда Кубада әскери төңкеріс болып, нәтижесінде генерал Фульхенсио Батиста билікті басып алды. 24 наурызда Фидель Кастро Гавананың ерекше маңызды және шұғыл істер жөніндегі сотына генерал Батистаны конституциялық нормаларды бұзғаны және билікті басып алғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы талап арыз берді. Сот талап арызды қабылдамады, ал Фидель Кастро диктатурамен революция арқылы күресуге бел байлап, ыдырап кеткен «Ортодокстар» партиясының бұрынғы мүшелерін шағын топқа біріктірді.
1953 жылғы 26 шілдеде топ мүшелері Монкада казармаларына шабуыл жасады (Сантьяго-Де-Куба қаласындағы әскери казармалар, Кубаның тәуелсіздік үшін соғысының батыры генерал Гильермо Монкаданың атымен аталған). Шабуыл аяусыз жаншылды, ал Фидель Кастроның өзі әскери трибунал сотына берілді.
Сот барысында Фидель Кастро өзін өзі қорғады. Процестің соңғы күніндегі оның сөзі бірнеше сағатқа созылды, Кубадағы революциялық қозғалыстың бағдарламасына айналды («Монкада бағдарламасы»). Соңында айтқандары қанатты сөзге айналды: «Маған үкім шығара беріңдер! Бұл маңызды емес! Тарих мені ақтап алады!»
Сот Фидель Кастроны 15 жылға бас бостандығынан айырды, 1955 жылғы мамырда қоғамдық пікірдің қысымымен оған рақымшылық жасалды, бірақ оның Мексикаға қоныс аударуына тура келді. Мұнда Эрнесто Че Геварамен және өзінің ағасы Раульмен бірге Фидель Кастро революциялық «26 шілде қозғалысын» ұйымдастырды. Ұйым өзінің мақсаты етіп Фульхенсио Батиста режимін құлатуды, диктатура жойып жіберген барлық әлеуметтік жеңістерді қалпына келтіруді, елді тез арада индустрияландыруды, білім беру және салық жүйесін реформалауды, әкімшілік аппаратты қайта құруды, нәсілдік кемсітушілікті жоюды жариялады.
1956 жылғы желтоқсанда Фидель Кастро бастаған революционерлер тобы «Гранма» яхтасымен Ориенте провинциясына келіп түсіп, Көтерілісшілер армиясының өзегіне айналды. Диктаторлық режимге қарсы партизандық күрестің барысында Фидель Кастро барша халық мойындаған ұлттық көсемге айналды.
1959 жылы, Куба революциясы жеңгеннен кейін Фидель Кастро елдің премьер-министрі болды. Оның басшылығымен Куба социалистік мемлекетке айналды. Өнеркәсіп пен жеке меншік мемлекет меншігіне алынды, ауқымды реформалар жүргізілді.
1960 жылғы 26 қыркүйекте Фидель Кастро Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының пленарлық отырысында «Тонау философиясы жойылғанда, соғыс философиясы да жойылады» атты тарихи сөзін сөйледі. 4 сағат 29 минутқа созылып, бұл БҰҰ тарихындағы ең ұзақ сөйлеу болды және Гиннестің рекордтар кітабына тіркелді.
Фидель Кастро 1976 -2008 жылдар аралығында Куба Мемлекеттік Кеңесі мен Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметін атқарды, 2011 жылға дейін Куба Коммунистік партиясының бірінші хатшысы болды. Ол Кубадағы қарсыластары, сондай-ақ өз шекараларына жақын жердегі Социалистік Кубаны жоюға тырысқан Американың үкіметтік барлау агенттіктері дайындап, іске асырған 638 қастандықтан аман қалды.
1963 жылы Фидель Кастро өзінің бір сұхбатында: «Сіз Екінші дүниежүзілік соғыстың батыры деп кімді атар едіңіз?» деген сұраққа: «Александр Бектің «Волоколамское тас жолы» кітабының кейіпкері - қазақ Момышұлын» деп жауап берді. Кеңес Одағына сапары кезінде Фидель Кастро Алматыдағы Бауыржан Момышұлына келді, ал 1963 жылы қарашада қазақстандық батыр Кубаға барды. Фидель Кастроның жеке өтініші бойынша Бауыржан Момышұлы Куба әскери мамандары үшін академияда екі курс оқыды: «Қоршаған ортадан шығынсыз шығу» және «Шабуыл кезінде түнгі шайқастарды жүргізу».

Бауыржан Момышұлы және Фидель Кастро. Куба, 1963 жыл
Дереккөз: Gazetabalakovo
2006 жылы Фидель Кастро өз өкілеттіктерін денсаулығына байланысты ағасы Раульге табыстады. 2008 жылы Куба басшысы қызметінен ресми түрде отставкаға шықты.
2016 жылдың 25 қарашасында 91 жасында қайтты. Фидель Кастроның қабірі - оның революциялық өмір жолы басталған Сантьяго-Де-Куба қаласындағы Санта-Ифигения қалалық зиратындағы үлкен сұр тас, ол кубалықтардың испан отаршылдығына қарсы ұлт-азаттық қозғалысының батыры Хосе Марти кесенесінің жанына қойылған. Тасқа қанық жасыл түсті тақтайша бекітіліп, онда тек - FIDEL аты ғана жазылған.
Фидель Кастро түрлі елдердің көптеген марапаттарына ие болды, олардың арасында үш Ленин ордені (КСРО, 1963, 1972 және 1986), екі Димитров ордені (Болгария, 1972 және 1986), Венгрия Халық Республикасының бірінші дәрежелі гауһар тасты Ту ордені (1972), Ямайка ордені (1977), Августо Сесар Сандино ордені (Никарагуа, 1985), Ацтек бүркіті ордені (Мексика, 1988), жоғары дәрежелі Симон Боливар ордені (Венесуэла, 2000). 1963 жылы оған Кеңес Одағының Батыры атағы, ал 1986 жылы ол КХДР Батыры атағы берілді.
2021 жылдың 25 қарашасында революция көсемінің тарихи мұрасына арналған Фидель Кастро орталығы ашылды. Қайтыс боларының алдында ол өзінің атымен алаңдар мен көшелерді атамауды, сондай-ақ өзінің құрметіне ескерткіштер орнатпауды өтінді. Командантенің еркі орындалды, алайда Куба қалаларының көшелерінде «Фидель бізбен бірге» және «Біз - Фидельміз» сияқты жазулары бар плакаттарды жиі кездестіруге болады. Куба революциясының көсеміне ескерткіштер басқа елдерде, атап айтқанда Ресейде, Оңтүстік Африкада және Доминикан Республикасында қойылған.
Дереккөздер:
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу