
Франц Кафка
Дереккөз: Биограф
Франц Кафка 1883 жылы 3 шілдеде, сол кезде Австрия-Венгрия империясының құрамына кірген Богемия Корольдігінің астанасы болған, ал қазір Чехияның астанасы Прага қаласында, орта тапқа жататын, неміс тілді еврей отбасында дүниеге келді.
1901 жылы Прагадағы неміс гимназиясын, содан кейін Прагадағы Карлов университетін бітіріп, заң ғылымдарының докторы дәрежесін алды.
Сақтандыру бөлімінде шенеунік болып қызметке кіріп, 1922 жылы мерзімінен бұрын – ауруына байланысты зейнетке шыққанға дейін сонда жұмыс істеді. Өндірісте жарақаттануды сақтандырумен айналысты, осы істер бойынша соттарда сөз сөйледі. Жазушы ретінде алғашқы қадамын 1908 жылы Hyperion журналында сегіз прозалық мәтінін жариялауымен бастады.
Еуропа модернизмнің (әдебиет пен өнердегі бағыт, өзін классикалық формаларға қарсы қойып, эксперименттік стильдер мен бағыттар жасайды) жарқын өкілі Франц Кафка шығармашылығының шарықтаған шағы Бірінші дүниежүзілік соғыс қарсаңындағы кезеңмен тұспа-тұс келеді. Еуропа саяси, мәдени және әлеуметтік апаттың алдында тұрды, адам өмірі құнсызданып, жұрт болашақтан үміт үзді және бұрынғы идеалдарға енді сенбеді. Бұл жалпы алғанда сол дәуірдің жазушылары мен ойшылдарын құндылықтарды қайта бағалауға және классикалық өнерді жоққа шығарып, жаңа формаларды іздеуге мәжбүр етті.
Франц Кафканың шығармалары - дүниенің шашыраңқы картинасы, онда кейіпкерлер аяғынан нық тұруға талпынады. Ең танымал туындыларының қатарында - «Құбылу», «Процесс» және «Қамал». Оның абсурдқа және сыртқы әлем мен жоғары билік алдындағы қорқынышқа толы шығармаларында реализм мен фантасмагория элементтері астасады. Шығармаларының негізгі тақырыбы - әдеттен тыс немесе сюрреалистік қиындықтармен және түсініксіз фантасмагориялық бюрократиялық күштермен бетпе-бет келген адам.
Жазушы 1924 жылы 40 жасында туберкулезден қайтыс болды, Прагада Жаңа еврей зиратында отбасылық ортақ қабірде жерленген.
Франц Кафканың шығармалары ол қайтыс болғаннан кейін барып жарияланды және танылды. Бүгінде олар әлем әдебиетінің ең маңызды туындыларының қатарында, ал жазушының өзі «модернизмнің тірегі» болып саналады. Оның шығармашылық тәсілі - шындық пен фантастика, трагедия мен комедия абсурдтық түрде қатар жүретін «кафкашалық» - 20 ғасырдың екінші жартысындағы көптеген жазушылардың шығармашылығына зор ықпал етті.
Дереккөздер:
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу