Басты бетке қайту

АҚШ тәуелсіздігі үшін соғыс (1775-1783)

Солтүстік Америкадағы Ұлыбритания колониялары XVII ғасырдың басында құрылды және ішкі құрылымында айтарлықтай үлкен дербестікке ие болды.

Алайда Жетіжылдық соғыстан (1756-1763 жылдардағы еуропалық елдердің Солтүстік Америкадағы колонияларын да қамтыған әскери қақтығыс) кейін Ұлыбритания колонияларға бақылауын күшейтуге және кедейленген қазынаны толықтырудың жаңа тәсілдерін табуға тырысты. Атап айтқанда 1765 жылы барлық іскерлік құжаттарға, ресми қағаздарға және кітаптарға салық төлеуді міндеттейтін Гербтік алым туралы жарлық қабылданды.

Гербтік алымды енгізу наразылық тудырып, өз құқықтарын қорғау үшін колония тұрғындары «Бостандық ұлдары» ұйымын құрды, бағынбау акциялары басталды. Гербтік алым туралы заңның күші жойылды, бірақ оның орнына Ұлыбритания Парламенті жаңа салықтарды енгізді, бұл колонистердің наразылығын арттырып, олардың өз құқықтары үшін күресін күшейтті. 1773 жылы 16 желтоқсанда Бостонда «Бостандық ұлдарының» белсенділері «Бостон шай ішуі» деп тарихта қалған Шай заңы бойынша әділетсіз баждарға қарсы наразылық акциясын өткізді. Бостон айлағындағы ағылшын Ост-Үндістан компаниясының кемелеріндегі шай жүгі борттан лақтырылды.

Бағынбау акцияларына жауап ретінде британдық билік «Төзбес заңдар» жинағын қабылдады (азаматтық бостандықтар мен саудадағы колониялардың дербестігін айтарлықтай шектеуге және Ұлыбританияның оларға бақылауын күшейтуге арналған бес заң).

Метрополияның (өз колонияларына, тәуелді елдеріне қатысты мемлекет) әрекеттері колонистердің бірігуіне және 1974 жылы Филадельфия қаласында Құрлық конгресі — Ұлыбританиямен күресудің бірлескен шараларын талқылау үшін барлық колониялар делегаттарының съезін шақыруға әкелді. Конгресс корольге «Төзбес заңдардың» күшін жоюды сұрап өтініш жіберді және колонистердің өмірге, бостандыққа, меншікке және өз заңдарын шығаруға құқықтары туралы айтылған «Құқықтар декларациясын» қабылдады. Метрополия жауап ретінде колониялардың бүлік жағдайында екенін және бұл бүлікті кез келген жолмен басу керектігін жариялады. Бұл қақтығыстың өршуіне және 1775 жылы Лексингтон мен Конкорд қалаларының маңындағы ағылшын әскерлерімен колонистердің алғашқы қарулы қақтығыстарына - Солтүстік Америкадағы британдық колониялардың Тәуелсіздік соғысының басталуына әкелді.


Солтүстік Америка колонияларының Ұлыбританиядан тәуелсіздігі үшін соғысы.
Дереккөз: Фоксфорд

1775 жылы 15 маусымда Филадельфияда өткен Екінші Құрлық конгресі колонияларда отарлық биліктің орнына жаңа үкіметтер мен Құрлық әскерін құру туралы шешім қабылдады. Әскердің бас қолбасшысы болып бай плантатор Джордж Вашингтон (кейіннен — Америка Құрама Штаттарының бірінші президенті) тағайындалды.

28 маусымда конгреске Томас Джефферсон басқарған, сондай-ақ Джон Адамс, Бенджамин Франклин, Роджер Шерман және Роберт Ливингстон кірген комитет құрастырған Тәуелсіздік декларациясының жобасы ұсынылды. 1776 жылы 4 шілдеде конгресс 13 колонияның Ұлыбританиядан бөлінуін және Америка Құрама Штаттарының дербес мемлекет болып құрылуын жариялаған Тәуелсіздік декларациясын қабылдады. Осы уақыттан бастап 4 шілде АҚШ-та ұлттық мереке — Тәуелсіздік күні ретінде атап өтіледі.

Тәуелсіздік декларациясы. Джон Трамбуллдың 1776 жылы 28 маусымда Конгреске өз жобасын ұсынатын бес комитетті бейнелеген суреті (1819)

Дереккөз: Арзамас жобасының сайты

1776 жылдың жазына қарай Джордж Вашингтонның армиясы мен еріктілер жасақтары бірқатар жеңістерге жетті, содан кейін бастама уақытша ағылшын әскерлеріне өтті. Алайда 1777 жылы 17 қазанда Саратога-Спрингс түбіндегі колонистер әскерінің жеңісі олардың халықаралық жағдайын айтарлықтай күшейтті. 1778 жылы АҚШ Франциямен, содан кейін Испаниямен әскери одақ құрды, олар Ұлыбританияны барынша әлсіретуді қалап, соғыс қимылдарына қатысты. 1780 жылы Ресей қақтығыста қарулы бейтараптық туралы декларация қабылдады.

1781 жылдың жазына қарай оңтүстік штаттар Ұлыбритания әскерлерінен босатылды, ал 1781 жылы 19 қазанда Йорктаунда біріккен франко-американдық әскер британдықтарды қоршап, оларды капитуляцияға мәжбүр етті. Бұл оқиға континенттегі ұрыс қимылдарын аяқтады, алайда бейбіт келісімге екі жылдан кейін, Ұлыбританияда үкімет ауысқаннан кейін ғана қол қойылды. 1783 жылы 3 қарашада Париж келісімі жасалды, ол бойынша Ұлыбритания колониялардың тәуелсіздігін мойындап, соғыс ресми түрде аяқталды. Англия АҚШ тәуелсіздігін мойындап, Америкада Канаданы, Ньюфаундленд және Вест-Үндістанды өзінде қалдырды. Американдықтар Канада мен Ньюфаундлендтің жағалау аудандарында балық аулау құқығын алды. Англия Флориданы Испанияға қайтарды. Франция ешқандай аумаққа ие болмады.

Тәуелсіздік соғысының алғашқы жылында-ақ барлық солтүстік американдық штаттарда конституцияларын қабылданды, олар парламенттік басқару нысанындағы 13 тәуелсіз республиканы құрды, бұл республикалар конфедерацияға (яғни формальды түрде бөлек мемлекеттер одағына) бірікті. Конфедерациялық құрылымды федеративтікке — біртұтас мемлекетке ауыстыру соғыстан кейін, 1787 жылғы АҚШ федералдық Конституциясының қабылдануымен жүзеге асты.

 

Дереккөздер:

Большая Российская энциклопедия

Фоксфорд

 

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу