Басты бетке қайту

Қытайдағы «мәдени революция» (1966-1976)

1966 жылғы 16 мамырда Қытай Коммунистік партиясының (ҚКП) Орталық Комитетінің Саяси бюросы партиядағы, БАҚ-тағы, ғылыми және мәдени мекемелердегі «буржуазия өкілдерін» және Мао Цзэдунның (ҚКП төрағасы, іс жүзінде - 1949-1976 жылдардағы Қытай басшысы, Төраға Мао ретінде де белгілі) қарсыластарын талқандау тапсырылған «16.05» директивасын қабылдады. Төраға Мао жариялаған «мәдени революция» өзінің мақсаттары ретінде «капитализмді қалпына келтіруге» қарсы тұру, елде жаңа идеология, мәдениет, әдет-ғұрыптар қалыптастыру, буржуазия беделділерін жоқ ету деп жариялады.

«Мәдени революцияның» жасырын себептері ҚКП басшылығының жікке бөлінуі және Төраға Маоның оның өзі жариялаған «Үлкен секіріс» саясаты (Қытайдағы 1958-1960 жылдардағы экономикалық және саяси реформалар бағдарламасы, индустрияландыруды күрт өсіруге бағытталды, бірақ халықтың аштықтан жаппай қырылуына және экономиканың бірқатар салаларының құлдырауына әкелді) сәтсіздікке ұшырағаннан кейін, оның өз көшбасшылық позициясын жоғалтуы және халықтық қолдауынан айрылуы болды. Мао Цзэдунға халық арасындағы өзгеше  ойлаудан арылу және билік құрылымдарындағы саяси қарсыластарын құрту қажет болды.

«Мәдени революцияның» басты соққы күші ретінде Мао Цзэдун «революциялық мұрагерлерді» - саяси жетілмеген және кедей және көбінесе аз қамтылған отбасылардан шыққан жастарды, ең алдымен  - студенттерді, білім алушыларды, жас жұмысшылар мен қызметкерлерді пайдалануды ойластырды. Олардың қатарынан 1966 жылдың жазының басынан бастап хунвейбиндердің («қызыл күзетшілердің»), кейінірек цзаофаньдердің («бүлікшілердің») арнайы жауынгерлік отрядтары құрыла бастады. 1966 жылы тамызда «мәдени революция» жүргізуге беталысты ҚКП Орталық Комитетінің Пленумы мақұлдады, онда Мао Цзэдунның жақтастары көпшілік болды, ал Төраға Мао  «Штабтарды ат!» ұранын тастап, диссиденттерді анықтау және өзгеше ойлайтындарды «тазарту» бойынша белсенді әрекеттерге көшуге хунвейбиндерді шақырды.

Қытайдағы мәдени революция дәуіріндегі плакат

Дереккөз: История.РФ

Ең радикалды әрекеттерге рұқсат алған хунвейбиндердің жауынгерлік отрядтары партия қызметкерлерін, мемлекеттік қызметшілерді, зиялы қауым өкілдерін жұмыстан шеттете бастады, «қайта тәрбиелеуге» жіберді немесе үй қамағына алды. ҚКП Орталық Комитетінің 73 мүшесінің 60-ы, орталық ведомстволардың,  жергілікті партия комитеттері мен билік органдарының басшыларының көпшілігі қуғын-сүргінге ұшырады. Кәсіподақтар, қоғамдық ұйымдар, компартияның жастар ұйымы талқандалып, жұмыстарын тоқтатты. Жүздеген газет-журналдар, мектептер, университеттер, кітапханалар, мұражайлар, храмдар, театрлар, кітап дүкендері жабылды. Мао Цзэдун дәйексөздерінің жинағы басты кітап делініп, оның сөздерін жатқа білу -  ізгі қасиет деп жарияланды. 1966 жылдың тамыз-қыркүйек айларында ғана хунвейбиндер қалалардан 397 мыңнан астам адамды қуып шықты, ел астанасы Бейжіңде 1 722 адам өлтірілді, 34 мыңға жуық отбасының мүлкі тәркіленді.


Мао Цзэдун дәйексөздерінің жинағын ұстаған хунвэйбиндер
Дереккөз: История.РФ                                    

2600-ден астам мәдениет қайраткерлері содырлардың құрбандарына айналды. Қытайдың ресми мәліметтері бойынша, 17 провинция мен орталық бағыныстағы қалаларда 142 мыңнан астам білім беру қызметкері, 53 мың ғалым, инженер мен конструкторлар қудаланды. Бейжің университетінде 60-тан астам оқытушы мен студент өз-өзіне қол жұмсады немесе қорлыққа төзбей мерт болды.

Қытайдың мәдени-тарихи мұрасына орны толмас залал келтірілді. 1966 жылдың тамыз-қыркүйек айларында хунвейбиндер Бейжіңдегі 6 843 тарихи және мәдени ескерткіштердің 4 922-сін қиратты. Жалпы алғанда, «мәдени революция» жылдары елде 6 мыңнан астам сәулет ескерткіштері, 2,5 миллионға жуық тарихи кітап, 185 мың картина мен каллиграфиялық шиыршықтар жойылды.

Ресми құқық қорғау органдары тосқауылдамаған хунвейбиндер мен цзаофаньдердің жауынгерлік отрядтарының аяусыз қатыгездігі елде хаос тудырды, содырлардың Төраға Мао бақылауынан шығып кетуі көбейді. Содырларға қарсы тұру үшін бірқатар жерлерде халық пен Компартия мүшелерінен өзін-өзі қорғау отрядтары құрыла бастады, кәсіпорындарда наразылық ереуілдері өтті. Мао Цзэдунның хунвейбиндерге көмек ретінде әскерді іске қосу әрекеті кері нәтижеге әкелді - әскер қолбасшылығы жергілікті жерлерде содырлардың беттерін қайтарып тастады, жағдайды тұрақтандыру үшін шаралар қабылдауды талап етті.

Бір жылдан кейін, 1967 жылғы тамызда Мао Цзэдун хунвейбиндердің әрекеттерін «саяси жетілмеген» деп жариялады, отрядтар таратылды, олардың миллиондаған мүшелері алыс деревняларға жер аударылды, цзаофаньдердің бірнеше басшысы атылды. «Мәдени революция» анағұрлым байсалды арнаға ауысты, алайда оның басты мәні – партия қатары мен қоғамды Төраға Мао мен оның жақындарының  саяси қарсыластарынан «тазарту» - 1976 жылы Мао Цзэдун қайтыс болғанға дейін жүзеге асырылды.

«Мәдени революция» ондаған жылдар бойы Қытайды қорқыныш пен хаос атмосферасына батырды, мәдениетке, руханиятқа, білімге, экономикаға орны толмас зиян келтірді, Қытайдың сыртқы саяси байланыстарына теріс әсер етті. Ресми мәліметтерге сәйкес, «мәдени революция» кезеңінде шамамен 100 миллиондай адам зардап шекті, 5 миллионға жуық партия мүшесі қуғын-сүргінге ұшырады.

«Ескі әлемді жоямыз» және «жаңа әлем құрамыз» ұрандарымен ғасырлар бойғы Қытай мәдениетінің, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының тұтастай қабаттары жойылды, 6 мыңнан астам сәулет ескерткіштері қиратылды (соның ішінде Шаньдун провинциясындағы Конфуций кешені, Қытай қабырғасының бір бөлігі, Тибеттегі храмдар және т. б.), 2,357 миллион тарихи кітап және т. б. құртылды. Зиялы қауымның бір бөлігі (оқытушылар, дәрігерлер, ғалымдар, инженерлер, суретшілер, жазушылар және т.б.) қуғын-сүргінге ұшырады, кейінгі ондаған жылдар бойы Қытайда бұл мамандар жетіспеді. 2600-ден астам мәдениет қызметкері, 142 мың білім беру қызметкері, 53 мың ғалым, инженер, конструкторлар қудалау құрбаны болды.

««Мәдени революция» қандай да мағынада болмасын революция немесе әлеуметтік прогресс болған жоқ және бола алмайды да... ол басшының кінәсінен жоғарыдан туындаған және контрреволюциялық топтар қолданған дүрбелең болды, ол партияға, мемлекетке және бүкіл көпұлтты халыққа үлкен апаттар әкелді» - деп атап өтілді Қытай Компартиясы Орталық Комитетінің 1981 жылғы шешімінде.

 

Дереккөздер:

Большая российская энциклопедия

История.РФ

ИСАП 

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу