
Гельмут Коль
Дереккөз: Википедия
Гельмут Коль 1930 жылы 3 сәуірде Веймар Республикасындағы (Германия тарихындағы 1918-1933 жылдар кезеңінің шартты түрдегі атауы) Рейндегі Людвигсхафен қаласында салық шенеунігінің отбасында дүниеге келген.
Жас кезінде саясатқа белсенді қызығушылық танытып, Христиан-демократиялық одағының (ХДО, Германиядағы консервативті саяси партия) жастар қанатына енді.
1959 жылы Рейнланд-Пфальц (Германияның оңтүстік-батысындағы жер) жергілікті парламентінің депутаты болып сайланды, ал 1969 жылы осы өңірдің премьер-министрі қызметіне тағайындалып, жергілікті үкіметтің ең жас басшысы атанды.
1973 жылы ХДО-ның төрағасы болып сайланды. 1976 жылдан 2002 жылға дейін Бундестагтың (Германияның бірпалаталы парламенті) депутаты болып, ХДО/ХСО фракциясын (неміс консервативтік саяси партияларының сайлау блогы, оған ХДО мен Бавариядағы Христиан-социалдық одақ, ХСО кіреді) басқарды.
1982 жылы қазанда Германия Федеративтік Республикасының (ГФР) канцлері болып сайланды, сол кезде Германия тарихындағы ең жас канцлер атанды. 1987 және 1991 жылдары қайта сайланды. Гельмут Коль билік еткен кезеңде мемлекеттік шығыстарға бақылау күшейтіліп, мемлекеттің экономикаға араласуы шектелді. Микроэлектроника мен биотехнологияға байланысты жаңа салалар белсенді дамыды. 1986 жылы ГФР алғаш рет экспорт көлемі бойынша әлемде бірінші орынға шығып, оны қатарынан үш жыл бойы ұстап тұрды. 1986 жылдан бастап бірнеше жыл бойы инфляция 1,5%-дан төмен деңгейде болды. Бұл ретте әлеуметтік баптарға бөлінетін бюджет шығындары қысқартылып, ереуілдерге қатысты заңнама қатаңдатылды.
Германияның сөзсіз бірігетініне сенді (1945 жылы фашизмді жеңгеннен кейін Германия аумағында екі мемлекет құрылды: Германия Демократиялық Республикасы (ГДР) және Германия Федеративтік Республикасы (ГФР), оларды қабырға бөліп тұрды). 1989 жылы Берлин қабырғасы құлағаннан кейін, Германияның бөлінуін жеңуге арналған он тармақтан тұратын бағдарламаны ұсынды. 1990 жылы 3 қазанда елдің қайта бірігуі орын алып, Гельмут Коль біріккен Германияның бірінші канцлері болып, «бірлік канцлері» ретінде тарихқа енді.
Еуропалық Одақтың құрылуына және еуроны бірыңғай валюта ретінде енгізуге негіз болған Маастрихт келісіміне (1992 жылы 7 ақпанда Маастрихт қаласында қол қойылған «Еуропалық Одақ туралы шарт») қол қоюда маңызды рөл атқарды.
1998 жылы оның партиясы сайлауда жеңіліске ұшырағанға дейін канцлер болып қала берді. ХДО-ның құрметті төрағасы болып сайланды. Небары 16 жыл Германия канцлері лауазымын атқарды.
Германия тарихына арналған бірнеше кітаптардың авторы. Олардың ішінде: «Мен Германияның бірлігін қаладым» (1996), «Менің күнделігім 1998-2000» (2000), үш томдық «Естеліктер» (2004, 2005, 2007), «Еуропаға алаңдаумен» (2014). 1996 жылы ұлттық тағамдардың рецепттері жинақталған «Неміс жерлеріне аспаздық саяхат» кітабы жарық көрді. Бұл кітапты жазуға Гельмут Коль түгел отбасымен қатысты.
Дереккөздер:
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу