
Ларри Кинг
Дереккөз: ТАСС
Ларри Кинг (шын аты – Лоуренс Харви Зейгер) 1933 жылы 19 қарашада Нью-Йоркте (АҚШ) Беларуссиядағы еврей эмигранттары отбасында дүниеге келген. Әкесі ерте қайтыс болғандықтан, мектепті бітірген соң оқуын жалғастырудан бас тартып, анасы мен інісін асырау үшін жұмыс істеуге мәжбүр болды.
Ларри Кингтің мансабы 1957 жылы көшіп барғанда Майамидегі WAHR радиостанциясынан басталды. Бастапқыда жай тапсырмаларды орындап, көп ұзамай өзінің радиошоуын жүргізе бастады. 1960 жылы WTVJ телеарнасында өзінің алғашқы телехабары «Майами төңірегінде» бағдарламасын іске қосты.
1978 жылы Mutual Broadcasting Network арнасында тез танымал болған «Ларри Кинг шоуын» ашты. 1985 жылы CNN-мен келісімшартқа отырып, 25 жыл бойы, яғни 2010 жылға дейін Американдық теледидардағы ең танымал бағдарламалардың бірі болған, «Larry King Live» ток-шоуын іске қосты.
«Larry King Live» бір арнада, бір уақытта, бір жүргізушімен ең ұзақ болған бағдарлама ретінде Гиннесс рекордтар кітабына енгізілді. Бұл шоудың студиясында әртүрлі мемлекет басшылары, оның ішінде Америка Құрама Штаттарының бірнеше президенті, Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин (2000), КСРО көшбасшысы Михаил Горбачев (2008), басқа да саясаткерлер, актерлер мен атақты тұлғалар болды. 2010 жылы Кинг теледидардан кететінін мәлімдеді. 2010 жылдың 15 желтоқсанындағы бағдарламаның соңғы қонағы әнші және актриса Барбара Стрейзанд болды.
2012 жылдан бастап Ларри Кинг Ora TV цифрлық телеарнасында «Larry King Now» шоуын жүргізді.
Әртүрлі деректер бойынша, мансабында Ларри Кингке небары 50 мыңнан 60 мыңға дейін адам сұхбат берген. Ол шамамен 150 фильмде өзін-өзі сомдап түскен, мультфильм кейіпкерлерін дыбыстаған, сондай-ақ бірнеше кітап жазған. Олардың ішінде: «Кез келген адаммен, кез келген уақытта және кез келген жерде қалай сөйлесуге болады» (1995), «Мен мұнда не істеп жүрмін? Журналистің жолы» (2009), «Шындықты айтқанда» (2012).
2021 жылғы 2 қаңтарда Ларри Кинг коронавирус сынағы оң нәтиже көрсетіп, ауруханаға жатқызылып, 2021 жылдың 23 қаңтарында 88 жасында қайтыс болды.
Дереккөздер:
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу