
Уильям Кортни
Дереккөз: Википедия
Уильям Харрисон Кортни 1944 жылы 18 шілдеде АҚШ-тың Мэриленд штаты, Балтимор қаласында дүниеге келген. Батыс Вирджиния университетін (бакалавр, 1966) және Браун университетін (философия докторы, 1980) бітірген.
1972 жылдан 1999 жылға дейін АҚШ Мемлекеттік департаментінде (АҚШ үкіметінің сыртқы саясат және халықаралық қатынастарға жауапты органы) дипломатиялық бөлімнің қызметкері болды.
1992 жылдың тамызында Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейін көп ұзамай, Америка Құрама Штаттарының Қазақстан Республикасындағы алғашқы елшісі болып тағайындалды. Бұл қызметті 1995 жылға дейін атқарды. Осы кезеңде екі ел арасындағы жан-жақты байланыстардың орнауына, білім беру, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік салардағы ынтымақтастықтың дамуына ықпал етті. Ол Қазақстанның ядролық қарусыз мәртебесі және ядролық қаруды таратпау мәселесіне ерекше назар аударды.
Кейіннен Қазақстандағы қызметін еске түсіре отырып, Уильям Кортни елші ретінде оның алдында екі қиындық болғанын айтты: «Бірінші қиындық – Кеңес Одағынан қалған ядролық қару мәселесі. Қазақстан АҚШ-пен тығыз ынтымақтастықта болды. Елдің басымдығы ядролық инфрақұрылымды жою еді. Біз бұл қадамды қолдадық. Екінші қиындық – Қазақстанға өз энергетикалық ресурстарын дамыта бастауы үшін елге батыс инвестициясын мүмкіндігінше көбірек тарту» (AstanaTV бойынша дәйексөз, 06.07.2016).
1995-1997 жылдары АҚШ-тың Грузиядағы елшісі болды. Америка-Кеңес одағының қорғаныс және ғарыш бойынша келіссөздеріне қатысты, Ядролық сынақтарға шектеу қою туралы шартты бақылаған құрылымдарда жұмыс істеді.
Дипломатиялық мансабын аяқтағаннан кейін, ұлттық қауіпсіздік және халықаралық қатынастар мәселелерін зерттейтін коммерциялық емес Рэнд корпорациясының (Rand Corporation) аға ғылыми қызметкері болды.
Дереккөздер:
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу