Басты бетке қайту

Кисё Курокава (1934 —2007)


Кисё Курокава
Дереккөз: Википедия

Кисё Курокава 1934 жылдың 8 сәуірінде Жапон империясының Каниэ қаласында дүниеге келген. Сәулетші Мики Курокаваның ұлы.

Киото университетінде сәулет өнерін зерделеп, 1957 жылы бакалавр дәрежесін алды. Кейін белгілі сәулетші Кэндзо Тангэнің жетекшілігімен Токио университетінде білімін жалғастырды.

1960 жылы «метаболизм» сәулеттік қозғалысының негізін қалаушылардың бірі болды. Бұл тұжырымдама өзгеріп жатқан өмір жағдайларына бейімделе алатын ғимараттар мен қалаларды құруды білдірді. Осы бағыт аясында өзінің алғашқы жобалары «Спираль-қала» (1961) және «Жүзетін қала» (1961) жобаларын жасады.

1962 жылы Kisho Kurokawa Architect & Associates жеке сәулет бюросын құрды, ол оның «метаболизм» идеяларын жүзеге асыруға арналған алаңға айналды.

1987 жылы «Philosophy of Symbiosis» («Симбиоз философиясы») атты кітабын жариялады, онда ол сәулеттегі метаболизм идеяларымен көп жағдайда сәйкес келетін философиялық тұжырымдаманы жасады. Дәстүрлі жапон философиясына сүйеніп, адамзат өркениетінің табиғатпен үйлесімде дамуын қолдады.

Кисё Курокава 38 ұлттық және халықаралық конкурстарға қатысып, оның 34-інде бірінші орынды иеленді. Оның жобалары бойынша 50-ден астам түрлі нысан салынды, ал оның тұжырымдамалары мен жоспарлары төрт жаңа қаланың бас жоспарына негіз болды. Белгілі жобаларының қатарында – Амстердамдағы Ван Гог мұражайы, Куала-Лумпурдағы халықаралық әуежай, Осакадағы Этнология ұлттық мұражайы, Токиодағы Ұлттық өнер орталығы, сондай-ақ «Нұрсұлтан Назарбаев» халықаралық әуежайы (Астана, Қазақстан, 2000–2003).

1996 жылы сәулетші Қазақстанның жаңа елордасы – Астананың бас жоспарын әзірлеу жөніндегі халықаралық конкурста жеңіске жетті. Конкурсқа әлемнің 12 елінен 27 жоба қатысқан. Кисё Курокаваның жобасындағы басты идея қалалық және табиғи ортаның үйлесімділігі болды. Шебер «симбиотикалық сәулет» деп атаған жаңа қала құрылысы философиясын ұсынды. Ол урбанизацияланған қалалық құрылымды табиғи жүйемен үйлесімділіктегі тірі ағза ретінде қарастырды. 

 

Дереккөздер:

Lenta.ru

Википедия

 

Architime

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу